28 шілдеде Алматы тауларында сел жүру қаупі бар - ТЖД ескерту жариялады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы тауларында сел қаупі жоғары деп жарияланды. Осыған байланысты төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға тауға шықпауға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

28 шілдеде Алматы тауларында сел жүру қаупі бар - ТЖД ескерту жариялады

«Қазгидромет» таратқан ескерту негізінде Алматының Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарға тауға шықпауға кеңес береді. 28 шілде күні таулы аймақтарда және қалада нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ пен дауыл тұрады деп күтіледі.
«Соңғы 13 күнде қалыптасқан ауа температурасының жоғарылауына байланысты, Алматы тауларында гляциалды (мұздық) және нөсерлі сипаттағы сел қаупінің жоғары дәрежесі байқалады. Гидрометеорологиялық және сел жағдайының талдауына сәйкес, қатты жаңбыр жауған кезде сел жүруі мүмкін», - делінген ресми хабарламада.
Осыған байланысты Алматыда орналасқан құтқару бөлімшелері, қалалық азаматтық қорғау қызметтері, аудандық әкімдіктер, азаматтық қорғау қызметтерінің авариялық-құтқару, инженерлік техникасы жоғары дайындық режиміне келтірілді.
Ал Қазселденқорғау бөлімшелері сел қаупі бар учаскелерде бақылаудың жеделдетілген режиміне ауыстырылып, аэровизуалды және жергілікті бақылау жүргізілуде, инженерлік-техникалық қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды.
«Құрметті туристер, Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары. Сел тасқынына қалып қалған жағдайда, құтқарылуға мүмкіндік жоқ. Сел тасқыны қаупіне байланысты Іле Алатау тауларына бармауды сұраймыз», - деп ескертті департамент өкілдері.
Сел қаупі бар жерлерде не істеу керек:
- таудағы жағдай туралы БАҚ хабарларын үнемі қадағалап отыру;
- егер қауіп төнсе немесе кенеттен сел жүрсе, рельефтің ең биік нүктесіне көтерілу;
- сел қаупі бар каналдардың жанында, көл көпірлерінде (бөгеттерде) және олардың астында шатыр тікпеу, демалуға аялдамау.