29 қарашада елімізде өтетін маңызды іс-шаралар аңдатпасы

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі ертең (29 қараша) Қазақстанда өтетін маңызды іс-шаралар аңдатпасын ұсынады.

29 қарашада елімізде өтетін маңызды іс-шаралар аңдатпасы
Фото: Kazinform

АСТАНА

10:00-де Comfort Hotel Astana қонақ үйінде Қазақстанның азаматтық альянсы «Әріптестік, диалог және сенім – күшті азаматтық қоғамға апарар жол» тақырыбында дөңгелек үстел өткізеді. Іс-шараға елдің 20 өңірінен үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары қатысады.

12:30-да ҚР Ұлттық банкінде базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдаудың факторларын түсіндіруге арналған брифинг өтеді.

15:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Ержан Исақұлов аударған Рашид ад-диннің «Жамиғат-тауарих» (2 том) және Рузбиханның «Мехман-нама-и Бұхара» кітаптарының тұсаукесері өтеді.

18:00-де Қорғалжын тас жолы, 2/3 мекенжайында «Медициналық жастар балы» өтеді. Бұл шара жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және денсаулық сақтау саласында волонтерлікті насихаттауға арналған.