29 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде қарлы бұрқасын, тұман, көктайғақ болады деп күтілуде

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Қазгидромет» РМК-нің болжамынша, 29 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде циклон ықпалы және онымен байланысты ауа ағындары әсер етіп, кей жерлерде жауын-шашын жауып, қарлы бұрқасын, тұман және көктайғақ болады деп күтілуде.

29 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде қарлы бұрқасын, тұман, көктайғақ болады деп күтілуде

Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ орнайды, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Жамбыл облысында 25 м/с дейін жылдамдықпен жел соғады деп күтілуде.

Алматы облысының жекелеген аудандарында 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында, күндіз Павлодар, Қарағанды облыстарында қарлы бұрқасын болып, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Атырау облысы, таңертең Маңғыстауда тұман түседі деп күтілуде.

Батыс Қазақстан облысының бірқатар аймақтарында көктайғақ орнайды.

Алдағы тәулікте елдің солтүстік, орталық, шығысындағы сулы нысандарында және республиканың оңтүстік-шығысындағы жекелеген өзендерде мұз қату жалғасады. Соған байланысты елдің оңтүстік-шығыс және шығысындағы таулы өзендерде су деңгейінің ауытқушылығы байқалады.