29 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 29 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform/Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Кәсіпкерлер күні

2025 жылдан бастап 29 қазан Қазақстанда ресми кәсіби мереке – Кәсіпкерлер күні болып белгіленді. Тиісті бұйрыққа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 30 шілдеде қол қойды. 2015 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі қабылданды. Бұл құжат кәсіпкерлік, инвестиция, бәсекелестік және мемлекеттік бақылау салаларындағы негізгі заңнамалық актілерді біріктіріп, бизнесті қолдауға бағытталған бірыңғай мемлекеттік саясаттың басты қағидаттарын айқындады. Бүгінде Қазақстанда 2 миллион 300 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Кәсіпкерлікті қолдау елдің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Қазақстандағы күзет ұйымдары қызметкерлерінің күні

Кәсіби мереке Қазақстанның мерекелер күнтізбесіне 2017 жылы енгізіліп, алғаш рет 2018 жылғы 29 қазанда аталып өтті. Бұл күнді ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері мен жеке күзет ұйымдарының қызметкерлері атап өтеді.

Дүниежүзілік инсультпен күрес күні

Инсульттің алдын алуға бағытталған науқан 2004 жылы басталды. Сол жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы инсультті ауқымды індет деңгейіндегі ауру деп таныды. Осыған байланысты 2006 жылы Дүниежүзілік инсультпен күрес ұйымы құрылып, арнайы атаулы күн белгіленді.

Дүниежүзілік псориаз күні

Бұл күнді 2004 жылы Халықаралық псориаз қауымдастықтары федерациясы ұсынды. Атаулы күннің мақсаты – псориаз және псориатикалық артритпен ауыратын адамдарға қолдау көрсету, сондай-ақ қоғамның осы аурулар туралы хабардарлығын арттыру.

Халықаралық қамқорлық және қолдау күні

Халықаралық еңбек ұйымы бұл күнді 2024 жылғы маусымда қабылданған Лайықты еңбек және қамқорлық экономикасы туралы қарарға орай атап өтеді. Қамқорлық және қолдау жүйесін дамытуға инвестиция салу, гендерлік және жас ерекшеліктерін ескеру, мүгедектігі бар адамдарды қоғам өміріне толыққанды тарту – осы бастаманың негізгі бағыттары. Сонымен қатар адам құқығын толық сақтай отырып, ақы төленбейтін күтім мен үй шаруасына жұмсалатын еңбекті мойындау, азайту, бағалау және әділ бөлу көзделген. Осы мақсатта БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 қазанды Халықаралық күтім және қолдау күні деп жариялау туралы қарар қабылдады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1949 жылы Қазақстанның атом өнеркәсібінің жетекші кәсіпорны – Үлбі металлургия зауыты (ҮМЗ) құрылды. Зауыт атом электр станцияларына арналған ядролық отын өндіру бойынша әлемдегі ең ірі өндірістік қуаттардың біріне ие. Сондай-ақ ТМД елдері арасында бериллий мен тантал өнімдерін өндіруде монополиялық орын алады. ҮМЗ сирек металдар мен олардан жасалған бұйымдарды жеткізетін сенімді серіктес ретінде танылған. Зауыт өнімдері Еуропа, Америка және Азияның ондаған елінде қолданылады.

1996 жылы Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Сардар Фарук Ахмед Хан Легари Қазақстанға алғашқы ресми сапармен келді. Сапар аясында екіжақты қарым-қатынасты дамытудың перспективалары туралы қазақ-пәкістан бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды.

Пәкістан Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынастың жай-күйіне тоқталып, Пәкістанның Орталық Азиядағы алғашқы елшілігі Алматы қаласында ашылғанын ерекше атап өтті.

1999 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Ғылым академиясы ғимаратының жанындағы, аттас көшеде орналасқан гүлзарда «Шығыс күнтізбесі» субұрқағының маңына орыстың ұлы ақыны Александр Пушкинге ескерткіш орнатылды. Қола ескерткіш Алматыдағы зауыттардың бірінде құйылған. Жобаның авторлары – мүсінші Анатолий Бичуков, сәулетшілер Тоқтар Ерәлиев пен Анатолий Анчугов.

2010 жылы Президенттің «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Талдықорған қаласында Сүйінбай Аронұлының ескерткіші ашылды.

Сүйінбай Аронұлы (1815-1898) – қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің теңдессіз шебері әрі жыр алыбы. Ол Жетісу облысы Верный уезінің Ұзынағаш болысында, қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Сүйінбай ауылында дүниеге келген. Ақын-импровизатор толғаулары мен сюжетті дастандарында қарапайым халықтың мұң-мұқтажы мен арман-тілегін жырлады. Бүгінде Сүйінбайдың әдеби мұрасы Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде де кеңінен танымал.

2010 жылы көрнекті тарихшы, археолог, этнограф, академик Әлкей Марғұланның жеке мұрағатын қызы Дәнел Марғұлан Павлодар мемлекеттік университетіне сыйға тартты. Мұрағат қорындағы көптеген материал бұрын жарияланбаған. Оларды зерттеуге университет ғалымдары кірісті.

2013 жылы Қазақстанда елімізде алғаш рет Алматыда өткен бокстан әлем чемпионатына арналған «Бокс чемпионаты. Алматы-2013» атты номиналы 100 теңгелік күміс монета айналымға шығарылды. Монета 925 сынамалы күмістен жасалған. Салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм. Дайындау сапасы – «proof», таралымы – 3 мың дана.

2015 жылы Ақтөбеде Қазақстандағы есту қабілеті төмен азаматтарға арналған алғашқы бейне-диспетчерлік қызмет іске қосылды. Қызметтің ерекшелігі – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар кез келген қоғамдық орында қиындыққа тап болса, ноутбук немесе басқа гаджет арқылы Skype желісімен ымдау тілін білетін диспетчерге хабарласа алады. Диспетчер олардың өтінішін айналасындағыларға түсіндіріп, өзара түсінісуіне көмектеседі.

2015 жылы Қытайдың тарихи орталығы саналатын Сиань қаласындағы Шаньси провинциясының тарихи құндылықтарды қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы мәдениет министрліктері арасында тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтап, қалпына келтіру және консервациялау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

2016 жылы Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орталығында «Мұса Жәлел. Таңдамалы шығармалар» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті. Жинақта ақынның өлеңдері алғаш рет қазақ тіліне аударылып ұсынылды. Бірегей басылымға әлемге әйгілі «Моабит дәптері» топтамасынан татар, орыс және қазақ тілдеріндегі 14 шығарма енді. Өлеңдерді қазақ тіліне Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұрат Әбдірахманов (1938-2015) аударған.

2016 жылы Уфада өткен ұлттық және этникалық киноның III халықаралық «Күміс Ақбозат» фестивалінде Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмі Әмір Әбдіразақов атындағы «Ұлттық рух үшін» жүлдесіне ие болды.

2018 жылы энергетика саласындағы Қазақстан-Румыния инвестициялық қоры құрылды. Қордың негізгі міндеті – жергілікті энергетика секторын дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ KM​​GI компаниясының Румыниядағы негізгі нарықтағы позициясын одан әрі нығайту.

2020 жылы Қазақстанның Грекиядағы елшілігінде «Қайрат» футбол клубының әйгілі сұрмергені Евстафий Пехлеванидиге құрмет көрсетілді. Ол КСРО чемпионатының жоғары лигасында «Қайрат» сапында 226 матч өткізіп, 69 гол соққан. Бұл – клуб тарихындағы үздік көрсеткіш. 1986 жылы қыркүйекте Пехлеваниди матч басталғаннан кейін небәрі 10 секундта Киевтің «Динамо» клубының қақпасына гол соғып, КСРО жоғары лигасындағы ең жылдам гол рекордын орнатты.

2020 жылы Алматы және Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорықтары ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар дүниежүзілік желісіне енді. Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясындағы биосфералық резерваттар саны 12-ге жетті. Бұл көрсеткіш Орталық Азияның басқа елдеріндегі саннан едәуір жоғары.

2021 жылы елордада Халықаралық Түркі академиясының жаңа ғимараты ашылды. Ғимарат екі бөліктен тұрады. Бірінде музей мен кітапхана, екіншісінде қызметкерлердің жұмыс кабинеттері орналасқан. Сонымен қатар музей үш бөлімге бөлінген. Бірінші бөлім түркі халықтарының этнографиясына, екіншісі түркітану саласына арналған. Үшінші бөлімде академияға сыйға тартылған кәдесыйлар мен жәдігерлер қойылған.

2022 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде мұнай-газ саласына маман даярлайтын Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің өкілдігі ашылды.

2023 жылы Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында болған апатқа байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.

2023 жылы Алматы қаласы мен Қазақстанның тағы 10 өңірінде мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті. Сайлауға өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған депутаттардың орнына үміткерлер қатысты. Алматыда №4 бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша қалалық мәслихат депутаты сайланды. Бір орынға алты кандидат таласты. Қалада тұрғындар дауыс бере алатын 42 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сайлау қорытындысы бойынша елде облыстық мәслихаттарға екі, қалалық мәслихаттарға жеті, аудандық мәслихаттарға 12 депутат сайланды.

2023 жылы грек-рим күресінен балуан Сұлтан Әсетұлы Албанияның Тирана қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында ол түркиялық Мұстафа Йылдырымды 2:1 есебімен жеңді. Сұлтан Әсетұлы грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын алған алғашқы қазақстандық атанды.

2024 жылы Қазақстанда дәрілік заттардың түпнұсқалығын тексеруге арналған «Naqty Onim» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымша арқылы дәрінің қаптамасындағы Data Matrix кодын сканерлеп, оның өндірушіден бастап дәріхана сөресіне дейінгі жолы туралы ақпарат алуға болады. Код болмаса немесе жүйе оны танымаса, қосымша арқылы «E-otinish» платформасына біріктірілген сервис көмегімен мемлекеттік органдарға шағым жіберуге мүмкіндік бар.

2025 жылы қазақтың ұлттық ит тұқымдары – тазы мен төбетті сақтауға және халықаралық деңгейде танытуға қосқан үлесі үшін қазақстандық кинологтар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Серікқали Бауыржан, Наталья Дровосекова және Елена Хардина «Құрмет» орденімен, Евгений Мечковский мен Іңкәр Болысбай Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен, ал Жанна Дандыбаева Экология министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл наградалар олардың Қазақстандағы кинологияны дамытуға және ұлттық мұрамызды әлемге танытуға қосқан үлегінің бағасы болды.

2025 жылы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ақылы автожолдарда жылдамдықты асыру деректерін Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімінің өңдеу орталығына жібере бастады. Мәліметтерді жол бойындағы автоматты бақылау жүйелері тіркейді. Бұл жол ережесін бұзған жүргізушілерді анықтап, заңға сәйкес жауапқа тартуға мүмкіндік береді.