29 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 29 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе, туған күн
Фото: Pixabay

Уәлихан ТӨРЕХАНОВ, Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі

Уәлихан ТӨРЕХАНОВ
Фото: Gov.kz

1968 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтын және Қарағанды экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын тарих пәнінің оқытушысы болып бастаған. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кадрлар басқармасының Орталық аппараты мен оқу орындарының бөлімін басқарды. Кадрлар басқармасының бастығы, ҚР СІМ аппараты басшысының орынбасары, Әкімшілік және бақылау департаментінің, сондай-ақ ТМД департаментінің директоры болды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының Экономикалық саясат және сауда департаменті бастығының орынбасары, ҚР СІМ Орталық Азия департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы наурыздан бастап атқарып келеді.

Сархат БЕЙСЕНОВА, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы — Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері

Сархат БЕЙСЕНОВА
Фото: Астана коммуникациялар орталығы

1972 жылы дүниеге келген. 1996 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «Дәрігер-гигиенист-эпидемиолог» мамандығы бойынша, 2015 жылы Тұран-Астана университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1998-1999 жылдары облыстық ішкі істер басқармасында санитариялық дәрігер болып еңбек етті. 1999-2003 жылдары Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының эпидемиология бөлімінің меңгерушісі, 2003-2007 жылдары Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бастығы, 2007-2009 жылдары Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары, 2009-2011 жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті директорының орынбасары, 2011-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің директоры болды. 2014-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы, 2015-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. 2017-2019 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Астана қаласы бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары, 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары болды. 2020-2024 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы қызметтерін атқарды.

Қазіргі қызметін 2024 жылғы қыркүйек айынан бастап атқарып келеді.

Гаджи ГАДЖИЕВ, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі

Гаджи ГАДЖИЕВ
Фото: Kazinform

1974 жылы дүниеге келген. 2009 жылы Басқару және бизнес институтын; Қаржы және құқық институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша, 2013-2015 жылдары Қазақ қатынас жолдары университетін «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша, 2016 жылы Қазақ қатынас жолдары университетінің магистратурасын «Көлік құрылысы» мамандығы бойынша, 2019 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «Іскерлік әкімшілендіру магистрі» (Master of Business Administration) бағдарламасы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1994 жылы Қазақстан Республикасында және Қытай Халық Республикасында коммерциялық салада еңбек еткен. 2015-2017 жылдары «Жол Жөндеуші» компаниясы» ЖШС-ның басқарушы директоры, 2016-2017 жылдары «Найза-Құрылыс» концернінің байқау кеңесінің төрағасы, 2017 жылдан бастап «SA construction group» ЖШС-ның бас директоры болды. 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Пенчак Силат қауымдастығының президенті, Ауыр атлетика федерациясының бірінші вице-президенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің Атқарушы комитетінің мүшесі, 2024 жылғы желтоқсаннан бастап Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының президенті қызметіне тағайындалды. 2025 жылғы сәуірден бастап Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болды.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы қыркүйек айынан бастап атқарып келеді.

«Парасат» орденімен марапатталған.

Қамбар ОМАРОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» президиумы жанындағы Корпоративтік басқару жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы

Қамбар ОМАРОВ
Фото: instagram.com/prokaadrykz

1975 жылы Жамбыл облысының Жаңатас қаласында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтының Жамбыл университетіндегі Қаратау филиалын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің аспирантурасын бітірген.

Еңбек жолын 1993-1995 жылдары Жаңатас қаласындағы «Қаратаухимстрой» тресінің «Көк-Джон» ПМК-да материалдық бухгалтер болып бастаған. 1995-1998 жылдары Жамбыл облыстық статистика және талдау басқармасының экономисі, 1998-2000 жылдары Қазақ мемлекеттік басқару академиясының «Экономиканы мемлекеттік реттеу» кафедрасының оқытушысы, 2002-2006 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мемлекеттік ревизор-консультанты, бас сарапшы-бас мемлекеттік ревизоры болды. 2006-2008 жылдары Астана қаласындағы «Punjab National Bank» еншілес банкінің филиалы директорының орынбасары, 2008-2009 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің жиынтық-талдау бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, 2009-2015 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің жиынтық-талдау бөлімінің меңгерушісі, шығыстарды бақылау бөлімінің меңгерушісі, квазимемлекеттік сектор субъектілерін бақылау бөлімінің меңгерушісі, құқықтық тәртіп пен қорғаныс кешені саласындағы бақылау бөлімінің меңгерушісі, мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2015-2016 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің кадр және әкімшілік жұмыс бөлімінің меңгерушісі, 2016 жылы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің меңгерушісі, 2016-2017 жылдары Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің қаржыны басқаруға мемлекеттік аудит жүргізу бөлімінің меңгерушісі болды. 2017 жылы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы, 2017-2018 жылдары «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ басқарушы директоры, басқарма мүшесі, 2018-2019 жылдары «Анталия Бронз Кастинг» корпорациясы» ЖШҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті болып тағайындалды. 2019-2020 жылдары «CSI топ — Стратегиялық бастамалар орталығы» консалтингтік компаниясының серіктесі, бас директоры, 2020 жылдан бастап CSI тобының басқарушы серіктесі, «Қазақстан спортын трансформациялау» жобасының жетекшісі, 2021-2022 жылдары «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, мүшесі болды. 2022 жылы «Жасыл даму» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры, 2025-2026 жылдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы сәуір айынан бастап атқарып келеді.

«Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қаржы сақшысы» II және III дәрежелі, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Абай 175 жыл» медальдарымен марапатталған.

Нұрбол НҰРСАҒАТОВ, Алматы қаласы құрылыс басқармасының басшысы

Нұрбол НҰРСАҒАТОВ
Фото: Алматы ӨКҚ

1981 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Экономист-менеджер» мамандығы бойынша, 2005 жылы Л. В. Гочаров атындағы Қазақ автомобиль-жол университетін «Инженер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2005-2008 жылдары Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында бас маман, бөлім басшысы, директордың орынбасары болды. 2008-2011 жылдары Астана қаласы әкімдігінің Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары, 2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары, 2014-2019 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің Көлік және автомобиль жолдары басқармасының, Алматы қаласы әкімдігінің Құрылыс басқармасының, Астана қаласы әкімдігінің Қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. 2020 жылғы ақпаннан 2021 жылғы желтоқсанға дейін Астана қаласының «Байқоңыр» ауданының әкімі, 2021 жылғы желтоқсаннан 2022 жылғы шілдеге дейін Астана қаласының «Алматы» ауданының әкімі, 2022 жылы Абай облысы әкімінің орынбасары, 2022 жылғы қазаннан 2024 жылғы желтоқсанға дейін Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметін 2026 жылғы мамыр айынан бастап атқарып келеді.

Қанат ШЕКҚАЛИЕВ, ҚР Сыртқы істер министрінің Кеңсесінің басшысы

Қанат ШЕКҚАЛИЕВ
Фото: rail-news.kz

1983 жылы дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша, Атырау мұнай және газ университетін, 2016 жылы Белосток қаласындағы Жоғары экономика мектебін (Польша Республикасы) «Халықаралық экономика» бағыты бойынша магистр дәрежесімен бітірген.

Еңбек жолы: 2005-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің маманы болды. 2007-2008 жылдары ҚР СІМ Көпжақты ынтымақтастық департаментінің атташесі, 2008 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде қызмет атқарған. 2008-2011 жылдары Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің хаттама секторының бас сарапшысы, 2011-2012 жылдары Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімінің хаттама секторының меңгерушісі, 2012-2013 жылдары Сыртқы байланыстар және хаттама бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды. 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің көмекшісі, 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кеңесшісі, ҚР Қорғаныс министрлігінің Әкімшілік департаментінің директоры, 2016-2017 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас консультанты болды. 2017-2018 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Жобалық басқару орталығының бас консультанты, 2018 жылғы ақпаннан 2021 жылғы қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Астрахань қаласындағы консулы, ҚР-ның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі қызметіне тағайындалды. 2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы қыркүйекке дейін «ҚТЖ» ҰК» АҚ Шет мемлекеттердің теміржол компанияларымен өзара іс-қимыл және хаттама департаментінің директоры, 2022 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы ақпанға дейін ҚР СІМ Мемлекеттік хаттама қызметі бастығының орынбасары, 2023 жылғы ақпаннан 2025 жылғы қарашаға дейін ҚР СІМ Қамтамасыз ету және құжат айналымы департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметін 2025 жылғы қараша айынан бастап атқарып келеді.