29 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 29 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Freepik

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік жүрек күні

Бұл күнДүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен 1999 жылы ұйымдастырылды. Мұндай акцияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдар қолдады. 2011 жылдан бастап жыл сайын 29 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл күннің басты мақсаты — жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу, олардың қаупі туралы қоғамның хабардарлығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Дүниежүзілік жүрек күні «Өмірге арналған жүрек» ұранымен өткізіледі. Жүрекке қамқорлық жасау — ұзақ әрі сапалы өмірдің негізі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1992 жылы қазақтардың І Дүниежүзілік құрылтайы өтті. Оған 30 елден 600-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында Түркия, Иран, Моңғолия, АҚШ, Қытай, Австралия, Германия және Англия елдерінің өкілдері болды. Құрылтайдың өтуі қазақ халқының ұлттық санасының нығаюына, мәдениеті мен салт-дәстүрінің жаңғыруына зор ықпал етті.

1994 жылы Польшада өткен суастында бағдарлаудан халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы ел тарихында алғаш рет жалпы командалық есепте жеңімпаз атанып, алтын медальға ие болды.

2000 жылы Семей қаласында тұңғыш рет «Абай күні» халықаралық поэзия фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Түркия және Жапонияның белгілі ақын-жазушылары, жас ақындар мен ғалымдар қатысты.

Абай Құнанбайұлы (1845-1904) — ұлы ақын, жазушы, қоғам қайраткері, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы.

2009 жылы «Зерде» қоғамдық қоры мен Фридрих Эберт атындағы неміс қорының бірлескен жобасы аясында «Сталинизм және Қазақстандағы 1920-1940 жылдардағы репрессия» атты кітап жарық көрді.

Кітап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат қорларындағы құжаттар мен сол кезеңдегі тергеу істерінің материалдары негізінде дайындалған. Еңбектің құндылығы — басқа дереккөздерде кездеспейтін тың мәліметтердің қамтылуында. Бұл зерттеушілерге ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихын терең әрі жан-жақты зерттеуге жаңа мүмкіндік берді.

2011 жылы Қазақстанның опера өнері шеберлері орындаған опера арияларынан тұратын үш дискілі жинақ жарық көрді. Бұл басылым Қазақстан мәдениеті үшін маңызды құндылыққа айналды.

Жинақ Қазақстан операсының қалыптасуы мен даму тарихына арналған. Онда опера өнерінің қазақтың дәстүрлі мәдениетіне енуі, қазақстандық композиторлық мектептің қалыптасуы мен дамуы, сондай-ақ Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының тарихы қамтылған. Жинақта театрдың репертуары мен белгілі опера әншілері және дирижерлердің шығармашылығы арқылы Қазақстандағы опера өнерінің даму жолы көрсетілген.

2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстандағы жоғары оқу орындарының арасынан БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасына қатысқан жалғыз университет болды.

«Академиялық ықпал» — БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау, сауаттылықты арттыру, тұрақты даму, жанжалдарды шешу, бейбітшілікті сақтау және мәдениетаралық диалогты дамытуға бағытталған он жаһандық қағидатты қолдауға арналған халықаралық бастамасы. Бағдарламаға әлемнің 90-нан астам елінен 500-ден астам жоғары оқу орны қатысады.

2015 жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы Германияның Штутгарт қаласында өткен геодезия, геоинформатика және жерге орналастыру саласындағы Еуропадағы ең ірі халықаралық InterGeo-2015 көрме-конференциясына қатысты.

Қазақстандық көрме стендінде отандық KazEOSat-1 және KazEOSat-2 ғарыш аппараттары арқылы Жерді қашықтан зондтау қызметтері мен өнімдері таныстырылды. Қазақстанның стендіне көрме-конференцияға қатысқан мыңдаған адам келді.

2016 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының аумағындағы Жұлдыздар аллеясы жаңа есімдермен толықты. Аллеяға кинооператор, кинорежиссер, продюсер, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ораз Рымжановтың, кинорежиссер Шәріп Бейсембаевтың, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанымбек Қасымбековтің және актер, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сағи Әшімовтің есімдері енгізілді. Осылайша Жұлдыздар аллеясында 30 кино қайраткерінің есімі ұсынылды.

2017 жылы Румынияның Констанца қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. Оның консулдық қызмет көрсету аумағына Румынияның алты өңірі — Констанца, Яломица, Кэлэраши, Джурджу, Телеорман және Тулча кірді.

2018 жылы БҰҰ-ның штаб-пәтерінде терроризмнен азат әлемге қол жеткізуге бағытталған Тәртіп кодексіне қол қою рәсімі өтті. Бұл құжат терроризмге қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық тетіктерді жетілдіруге маңызды негіз болды. Тәртіп кодексі халықаралық қауымдастықтың бірлескен қолдауына бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланды.

2018 жылы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспар тұжырымдамасы мақұлданды.

2020 жылы қазақстандық ғалымдар хирургия мен стоматологияда қолдануға болатын биоүйлесімді желім жасау технологиясын әзірледі. Ғалымдар мидиялардың табиғи жабысқақ қасиетін зерттеп, оны зертханада арнайы ақуыз түрінде жасанды жолмен өндіруді жүзеге асырды. Бұл ақуыз бактериялардың көмегімен алынды. Жаңа материалдың жабысу күші шамамен 3,0 МПа болып, медицинада қолданылатын фибринді желімнен 100 есеге дейін жоғары нәтиже көрсетті. Осы технологияның басты ерекшелігі — Қазақстанда толықтай әзірленген және адам ағзасына үйлесімді медициналық желім жасауға мүмкіндік беруі. Болашақта оны хирургиялық операциялар мен стоматологиялық емдеу кезінде тіндерді біріктіру үшін қолдануға болады.

2020 жылы ақын Жұбан Молдағалиевтің өмірі мен шығармашылығы туралы жаңа еңбек жарық көрді.

Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халық жазушысы Жұбан Молдағалиев жарты ғасырға жуық әдеби қызметінде жүздеген лирикалық өлең мен оннан астам поэма жазды. Оның «Ән туралы жыр», «Мен қазақпын!», «Қыран дала», «Сел» сынды шығармалары қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларына айналды.

2022 жылы Қазақстан Түркияда өткен арнайы операциялар күштерінің оқу-жаттығуына қатысты. Түркия Республикасының Қарулы Күштері арнайы мақсаттағы орталығында алғаш рет «Шексіз бауырластық-1» бірлескен оқу-жаттығуы өткізілді. Оған Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Пәкістан және Өзбекстанның әскери контингенттері қатысып, жалпы саны 100-ден астам әскери қызметшіні құрады.

Қазақстандық әскери қызметшілер операцияны жоспарлауға, арнайы барлау жүргізу, жақын қашықтықтағы ұрыс, қалалық жердегі ұрыс қимылдары, ғимаратқа шабуыл жасау, нысанды күзететін күштерді залалсыздандыру және тактикалық топты әуе жолымен эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға қатысты.

2022 жылы Қазақстанда алғаш рет Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының Сүйек, жұмсақ тін ісіктері және меланома орталығында 3D технологияның көмегімен жамбас сүйегін қалпына келтіру операциясы жасалды. Операция хондросаркома диагнозы қойылған 23 жастағы науқасқа жүргізілді.

2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) көрмелерінің тарихында алғаш рет «Қазақ тазысы» тұқымы тазылардың 10-тұқымдық тобына ресми түрде енгізіліп, халықаралық көрмеде таныстырылды. Алматыда өткен көрмеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден 500-ден астам ит қатыстырылды. 50-ден астам ит тұқымы Қазақстан чемпионы және Халықаралық сұлулық чемпионы атақтары үшін сынға түсті.

2024 жылы Қарағанды қаласында машина жасау бойынша алғашқы республикалық олимпиада өтті. Олимпиада ҚЛМЗ базасында ұйымдастырылып, қатысушылар теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын сынады. «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінің студенті Аспандияр Самратұлы олимпиада жеңімпазы атанып, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Машина жасау» мамандығында білім алуға грант иеленді.

2025 жылы Қазақстанда алғашқы мемлекеттік криптоқор — Alem Crypto Fund іске қосылды. Қорды ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Qazaqstan Venture Group компаниясымен бірлесіп құрды және ол АХҚО базасында тіркелді. Қордың негізгі мақсаты — цифрлық активтерге ұзақ мерзімді инвестициялау және криптоактивтер қорын қалыптастыру. Сонымен қатар қор мемлекеттік жинақтарды басқару құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін.