29 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 29 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

29 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

null
29 қыркүйек, СЕНБІ

Дүниежүзілік жүрек күні

Жыл сайын атап өтілетін мереке, алғаш рет 1999 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен ұйымдастырылды. Бұл акцияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНЕСКО және басқа да маңызды ұйымдар қолдаған. Бастапқыда қыркүйектің соңғы жексенбісінде өткізілсе, 2011 жылдан бері тіркелген күні - 29 қыркүйек болды.

Жаңа датаны енгізудің мақсаты - қоғамда әлемдегі жүрек-қантамыр ауруларының эпидемиясына байланысты туындаған қауіптіліктің бар екенін ұғындыру. Дүниежүзілік жүрек күні «Өмірге арналған жүрек» ұранымен өткізілуде.

Халықаралық кофе күні

Бұл мерекені бүкіл әлем бойынша кофе ішкенді жақсы көретін адамдар атап өтеді. Атаулы күн кофе өсіретін елдер ғана емес, оны ең көп тұтынатын елдердің тұрғындары арасында да танымал.

Аргентинада өнертапқыш күні

1986 жылдан бері жыл сайын аталып өтіледі. Мұндай дата кездейсоқ таңдалған жоқ: 1899 жылы осы күні қазіргі қаламсапты ойлап тапқан Ласло Биро дүниеге келген болатын.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1924 жылы Орынборда (ол кезде Қазақстанның бірінші астанасы болған) V Бүкілқырғыз (Бүкілқазақ) әйелдер бөлімшесі жетекшілерінің жиыны өтті. Жиналысты Қазақстанда кеңес билігін орнату жолында күрескен белсенділердің бірі, Халықаралық коммунистік әйелдер қозғалысының мүшесі Алма Оразбаева ашқан болатын.

1992 жылы Дүние жүзі қазақтары құрылтайының алғашқы салтанатты мәжілісі өтті.

1993 жылы Теміртау қаласының маңынан қазақстандық геологтар металл, алтын, қола, молибден концентрациясына және басқа да құнды элементтерге бай мыс кенін тапты.

1993 жылы Венада өткен МАГАТЭ Бас конференциясының 37-ші тұрақты сессиясында Қазақстан осы халықаралық ұйымға мүше етіп қабылданды.

2000 жылы Семейде «Абай күні» атты І Халықаралық поэзия фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Түркия және Жапониядан танымал жазушылар мен ақындар қатысты.

2005 жылы Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Ким Иль-су сенім грамотасын тапсырды.

2005 жылы 1999 жылы өткен ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша шығарылған алғашқы Талдамалық есеп жинағы жарық көрді.

Жинақты Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің қолдауымен тұрғын халық саласындағы БҰҰ-ның қоры шығарды.

Талдамалық есепте халықтың экономикалық белсенділігі туралы, тілдерді меңгеруі, білім деңгейі туралы мәліметтер алғаш рет көрсетілген. Сонымен қатар, азаматтардың тұрғын үй жағдайлары, некеге отыруы, үй шаруасындағы әйелдер туралы статистикалық талдаулар жасалған.

2009 жылы Алматыда «Сталинизм және Қазақстандағы 1920-1940 жылдардағы репрессия» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті.

Кітап «Зерде» мен Фридрих Эберт (Германия) қорларының бірлескен жобасы аясында жарық көрген.

Осы уақытқа дейін жабық мұрағат қорларында сақталып келген тергеу материалдарын негізге ала отырып қазақ байларын, ишан, имам, молдаларды, сондай-ақ ұлттық саяси басқарушы топты жою үдерісі жеке адамдардың қайғылы тағдыры арқылы көрсетілген.

Кеңес Одағының құрамындағы қазақ қоғамы өткен ғасырдың 20-30-жылдары өз тарихында бұрын кездестірмеген зұлматты басынан кешіргені белгілі.

2011 жылы Беларусь пен Қазақстан халықаралық көлік тасымалдарында рұқсатты қажет етпейтін жүйенің кезең-кезеңмен енгізілуін келісті.

2011 жылы Қазақстанның мәдениетінде үлкен маңызға ие қазақ шеберлерінің орындауындағы үш дискілі опералық ариялар жинағы шығарылды.

2012 жылы Шымкент қаласындағы «Жеңіс» саябағының кіреберісінде Кеңес одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовқа ескерткіш орнатылды. Даңқты генерал ескерткішінің биіктігі 4 метр 20 сантиметр, ал тұғырымен қосқанда 7 метрден асады. Бұл Қазақстанда Сабыр Рахымовқа қойылған тұңғыш ескерткіш. Сталиннің өзі «темір генерал» деп мойындаған Сабыр Рахымов 1902 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Бірақ, кейбір деректерде ол Ташкент қаласында өмірге келген деп айтылады. Ол 1945 жылдың 26 наурызда майдан даласында қаза тапқан.

2014 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий маңындағы мемлекеттер басшыларының төртінші саммитіне қатысу үшін Астрахань қаласына барды.

Шараға  Әзербайжан президенті Ильхам Алиев, Иран президенті Хасан Рухани, Ресей президенті Владимир Путин мен Түрікменстан президенті Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов қатысты.

2015 жылы Ақтөбеде XIV Қазақстан-Ресей «Еуропа-Азия: шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық көрмесі өтті.

2016 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Павлодар қаласына барды. Жұмыс сапары аясында Елбасы әлеуметтік, ауыл шаруашылығы және көлік саласының бірқатар нысанын аралап, өңірдің жұртшылығымен кездесті.

2016 жылы Павлодар облысының қоғам өкілдерімен бейнекөпір режимінде тілдескен Елбасы топырақты кен фабрикасы - «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-ін іске қосты. Каолинизацияланған кенді өңдейтін фабриканы іске қосу 2016 жылдың төртінші тоқсанында-ақ алғашқы мыс концентратын шығаруға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде Бозшакөл кен байыту комбинатындағы кенді қайта өңдеу қуатын 25-тен 30 тоннаға дейін арттырды.

2016 жылы Алматыда Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алмас қылыш» фильмінің (алғашқы атауы - «Қазақ елі») тұсауы кесілді. 10 сериядан ықшамдалып, 2 сағат 10 минтуттық фильм ретінде жасалған кинокартина журналистер мен Алматының зиялы қауымына таныстырылды.

2016 жылы  Атырауда «Atyrau invest-2016» III халықаралық инвестициялық форум өз жұмысын бастады. Оған мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, даму институттары, таяу және алыс шетел дипломатиялық өкілдіктерінің өкілдері, сондай-ақ шетел және отандық инвесторлар қатысты.

1515 жылы Швейцария Франциямен Мәңгілік бейбітшілік келісіміне қол қойды.

1916 жылы «Стандарт Ойл» компаниясының негізін қалаушы Джон Рокфеллер әлемде алғашқы миллиардер атанды.

1988 жылы БҰҰ-ның бітімгершіл күштеріне Нобель сыйлығы берілді.