29 мыңнан шетелдікке елімізде жұмыс істеуге рұқсат берілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға 29 458 рұқсатнама берілді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.
«Олардың ішінде 1 716-сы бірінші санат (жетекшілер мен олардың орынбасарлары), 5 550 - екінші санат (құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері) бойынша берілген. ШЖК тартуға рұқсаттың басым көпшілігі үшінші (мамандар) - 13 382 және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттар бойынша - 6 934, маусымдық жұмыс бойынша - 1 876 берілді», деп жазады pm.kz.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 3 672 жұмыс беруші бар. Оларда 465 мыңға жуық Қазақстан азаматы еңбек етеді, яғни жалпы жұмыскерлері санының 93,7% құрайды.
Еңбек мигранттары шығатын негізгі елдер: Қытай - 11 713 адам, Түркия - 3 302, Өзбекстан - 3 012, Ұлыбритания - 1 490, Үндістан - 1 274 және т.б. болып есептеледі.