29 сәуір. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 29 сәуірде тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

29  сәуір. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР

null 113 жыл бұрын (1906-1968) композитор, дирижер, музыкатанушы, этнограф, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Ахмет Қуанұлы ЖҰБАНОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Темір ауданында туған. 1929-1932 жылдары - Ленинградтағы М.Глинка атындағы музыка техникумының скрипка сыныбына оқуға қабылданып, кейін Римский-Корсаков атындағы консерваторияда гобой сыныбы бойынша және Ленинград консерваториясының тарихи-теориялық факультетінде қосымша білім алады. 1932-1933 жылдары Ленинград өнертану академиясының аспиранты. 1933 жылы Алматы музыка-драма техникумында сабақ беріп, қазақ тілінде алғашқы «музыка әліппесін» құрастырады. А.Жұбановтың жетекшілігімен 20 ғасырдың 30-жылдары қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет, музыка-тәжірибелік шеберхана, КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалы төралқасы жанынан өнертану секторы (қазіргі Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімі) ашылды. 1934 жылы А.Жұбанов алғаш 11 адамнан құралған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды.

1935-1945 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі әрі дирижері болды. 1945-1951 жылдары - Алматы консерваториясының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптанудан сабақ берді. 1961-1968 жылдары А.Жұбанов Әдебиет және өнер институтының музыка бөлімін басқарды.

А.Жұбанов - қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі. Ол қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар: «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Абай сюитасы», т.б. соғыс жылдарындағы оның «Серт», «Қалғанынша қасық қан», «Москва», «Майданнан хат», «Қарлығаш» сияқты вокалдық туындылары қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетіне соны өрнек қосты. Бұдан соң ол Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», М.Ақынжановтың «Исатай-Махамбет» (М.Иванов-Сокольскиймен бірге) пьесасына, «Аманкелді» фильміне музыка жазды, «Отаным», «Ақ шолпан», «Біздің ел», «Жылқышы», «Лирикалық ән», т.б. әндер шығарды.

Алматы қаласы көшелерінің біріне, Республикалық музыка мектеп-интернатына А.Жұбанов есімі берілген.

null 65 жыл бұрын (1954) ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағының М.Жұмабаев атындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Оразбайұлы ЕСДӘУЛЕТ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, А.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курсты бітірген. «Қазақстан пионері» газетінде, «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1988-1991 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1991-1993 жылдары - «Жас қазақ» газетінің бас редакторы. 1993-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бас маманы. 1997-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаментінің бөлім меңгерушісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің сектор меңгерушісі. 2002-2008 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 2008 жылдан «Жұлдыз» журналының бас редакторы. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы.

Ақынның «Қанат қақты», «Жаратылыс», «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Заман-ай», «Киіз кітап», т.б. жыр жинақтары жарық көрген. Оның өлеңдеріне белгілі сазгерлер ән жазған. Бірқатар өлеңдері шет ел тілдеріне аударылған. Өзі де көркем аударма саласында М.Лермонтов, А.Блок, Н.Рубцов туындыларын қазақ тіліне тәржімалаған.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

null 63 жыл бұрын (1956) Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Біргебайқызы СӘРСЕМБАЕВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, әлеуметтану ғылымдарының докторы.

Гендерлік теңдік мәселелеріне арналған монография мен оқу құралының, сондай-ақ 50-ден астам мақаланың авторы. «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі. Қазіргі қызметінде 1995 жылғы қазаннан бері.






null 58 жыл
бұрын (1961) саяси-қоғамдық «Айқын» газетінің бас редакторы, журналист, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясының, Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының академигі, БАҚ саласындағы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағының Б.Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты Нұртөре Байтілесұлы ЖҮСІП дүниеге келді.

Қызылорда облысының Шиелі ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінің тілшісі, көлік және коммуникациялар бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары қызметін атқарған. 1990-1996 жылдары - «Егемен Қазақстан» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі, бас редакторының орынбасары. 1996-2002 жылдары - «Жас алаш» газетінің бас редакторы. 2002-2005 жылдары - «Ақ Жол Қазақстан» газетінің бас редакторы. 2005-2006 жылдары - «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры. 2006-2008 жылдары - «Астана хабары» газетінің бас редакторы. 2008 жылдың ақпанынан бастап - қазіргі қызметінде.

Оның «Біз кімнен кембіз», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес» атты публицистикалық жинақтары жарық көрген.

«Құрмет» орденімен, медальдармен марапатталған.

null 54 жыл бұрын (1965) Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Марат Лұқпанұлы ТОҚЖАНОВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін, Қарағанды мемлекеттік заң академиясын бітірген.

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әкімінің орынбасары, Шыңғырлау ауданының әкімі қызметтерін атқарған. 2010-2012 жылдары облыстық білім басқармасының бастығы. 2012 жылдан Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқар­масының бастығы. 2013-2016 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімі ап­паратының басшысы. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (2016-2017). ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары (01.2018-12.2018).

Қазіргі қызметінде 2018 жылдың желтоқсан айынан бері.