29 сәуір. Жылнама

Күнтізбе
Фото: Pyxabay.com

Kazinform оқырман назарына 29 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық би күні

Бұл мереке ЮНЕСКО-ның шешімімен 1982 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл күн француз балетмейстері, би өнерінің реформаторы әрі теоретигі Жан Жорж Новердің (1727-1810) туған күні құрметіне орай бекітілген.

Халықаралық иммунология күні

Халықаралық иммунологиялық қоғамдар одағы (International Union of Immunological Societies, IUIS) және Еуропалық иммунологиялық қоғамдар федерациясының (European Federation of Immunological Societies, EFIS) бастамасымен атаулы күн ретінде қалыптасқан. Алғаш рет 2005 жылы Еуропа деңгейінде атап өтілсе, 2007 жылы халықаралық дәрежеге жетті. Оның негізгі мақсаты – инфекциялармен, аутоиммундық аурулармен және онкологиялық аурулармен күресудегі иммунологияның маңыздылығын көрсету, сондай-ақ білім мен тәжірибе алмасу үшін әртүрлі елдердің иммунологтарын біріктіру.

Химиялық қару қолдану құрбандарын еске алу күні

Жыл сайын 2005 жылдан бері аталып өтеді. Бұл күнді таңдау себебі - 1997 жылғы 29 сәуірде химиялық қаруды әзірлеу, өндіру, жинау және қолдануға тыйым салу туралы конвенция күшіне енді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1911 жылы Қазақстан аумағында ағылшын кәсіпкерлері қазған Доссор кен орнынан мұнай фонтаны атқылады. Ұңғымадан 30 сағат бойы мұнай атқылап, 16 700 пұт мұнай алынды.

1936 жылы «Вечерний Алматы» газетінің («Социалистік Алматы») алғашқы нөмірі жарық көрді. 1988 жылдың 1 маусымынан газеттің қазақ тіліндегі нұсқасы – «Алматы ақшамы» шыға бастады. Оның беттерінде экономика, қала шаруашылығы, мәдениет, медицина, білім беру және тәрбие мәселелеріне арналған мақалалар жарияланды.

1940 жылы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» пьесасының премьерасы өтті.

1992 жылы Алматыда Түркияның Қазақстандағы елшілігінің ашылу салтанаты болды.

2002 жылы «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық кеңесті құру туралы» Жарлық шықты.

2006 жылы Алматыда Ахмет Жұбанов мұрасын зерттеуге арналған мемориалдық мұражай ашылды. Академик Ахмет Жұбанов - кәсіби қазақ музыкасының негізін салған, аса көрнекті композитор, дирижер, музыкатанушы, этнограф, ұстаз және қоғам қайраткері.

2011 жылы Ш. Айтматов повесінің желісімен режиссер Ардақ Әлімқұловтың «Қош бол, Гүлсары!» фильмі Ирандағы Бірінші халықаралық кинофестивальдің арнайы жүлдесін жеңіп алды.

2011 жылы Алматыда КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, режиссер Әзербайжан Мәмбетовке арналған мемориалдық тақта ашылды. Ол қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері тұрған үйге орнатылды.

2013 жылы ««Уроки гармонии» фильмі Нью-Йорк қаласында өткен «Трайбек фестивалінде» үздік режиссерлік дебют үшн қазылар алқасының арнайы дипломымен марапатталды. «Уроки гармонии» – «Берлинаре-2013» Халықаралық кинофестивалінің бас байқауында ұсынылған бірінші қазақстандық фильм. Ол Әзиз Жамбақиевтің үздік операторлық жұмысы үшін «Күміс аю» жүлдесін, немістің Morgen Post орталық газетінің сыйлығын алып, әлемдік сыншылардың көптеген жақсы пікірін алды.

2017 жылы Қазақстанда алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық баяндама жарияланды. Құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қабылданған заңнамалық шараларға шолу, орын алған проблемаларды талдау, сондай-ақ оларды шешу бойынша ұсыныстар бар.

2017 жылы Бейжіңнің Синхуа университетінде Азия университеттері альянсының құрылтай саммиті өтті. Айта кетейік, Назарбаев университеті - осы альянстың мүшесі. Оған қазақстандық университетпен қатар Таиланд, Гонконг, ҚХР, Үндістан, Сауд Арабиясы, Сингапур, Оңтүстік Корея, БАӘ, Индонезия, Малайзия, Жапониядан жалпы 15 жоғары оқу орны кіреді.

2018 жылы Италияның Пезаро қаласында мемлекеттік «Forte trio» триосы және «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерт ұйымының «Астана сазы» фольклор ансамблі Дж. Россини атындағы ХV Халықаралық музыка конкурсы аясында «Халық әндері» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алды. Фестивальда Италияның өнерсүйер қауымы Құрманғазы, Кетбұға, Ықылас, Д. Нұрпейісова, С. Тұрысбек сынды композиторлардың күйлерін ұйып тыңдады. Таңдаулы туындыларды А. Орманбеков, Н. Якияев және А. Омаровтар қобыз және домбырамен орындады. Халықаралық конкурс қорытындылары бойынша қазақстандық өнерпаздар Дж. Россини атындағы арнаулы сыйлықтың иегерлері атанды.

2019 жылы Астана қаласында ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық университет базасында ТМД елдерінің Әскери оқу орындары қауымдастығының бірінші отырысы өтті. Қауымдастық қазақстандық тараптың бастамасымен құрылды. Оны құру әскери білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, әскери ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау, оларды кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелері бойынша біздің жоғары әскери оқу орындарының өзара іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді.

2021 жылы Самарқанда ҚР Бас консулдығының ресми ашылу салтанаты өтті. Самарқан облысының басшысы Е.Турдимов қазақстандық дипломатиялық өкілдіктің ашылуының тарихи маңыздылығын, бұл екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті.

2022 жылы Грузия астанасы – Тбилисиде қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайға арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті. Бұл іс-шара Қазақстан мен Грузияның дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында Қазақстанның Грузиядағы құрметті консулы Георгий Джахуташвилиге «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі және ескерткіш авторы, танымал грузин мүсіншісі Джумбер Джикияға ҚР елшілігінің алғыс хаты табысталды.

2022 жылы Бейжіңде екі мерейтойлық жыл – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл мен Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған ескерткіш конверттер шығарылды. Конверттердің бірінде ағартушы, қоғам қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлы бейнеленсе, екіншісінде аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың суреті тұр.

Соңғы жаңалықтар
telegram