29 шілде. Туған күн иелері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 29 шілде күні тұлғалардан кім дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
29 ШІЛДЕ, ЖЕКСЕНБІ
ЕСІМДЕР
63 жыл бұрын (1955) Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Орталық Қазақстан» облыстық газетінің басшысы - бас редакторы СЕМБАЕВ Мағауия Сланбекұлы дүниеге келді.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Аққора ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, бас редактордың бірінші орынбасары, бас редактордың міндетін атқарушы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде журналистика факультетінің аға оқытушысы, қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде - 1997 жылдың қарашасынан.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері. Қазақстан Республикасының мерекелік медальдарымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, бас редакторлардың Г.Толмачев атындағы сыйлығының лауреаты.
53 жыл бұрын (1965) Астана қаласының прокуроры ДЕМБАЕВ Болат Бекназарұлы дүниеге келген.
Еңбек жолы: Астана прокурорының орынбасары, Қостанай облыстық прокурорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Қылмыстық істер бойынша мемлекет мүддесіне өкілдік ету және сот актілерінің заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы.
Қазіргі лауазымын 2017 жылдан бері атқарып келеді.
40 жыл бұрын (1978) Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы АЛИШЕВ Руслан Қанатханұлы дүниеге келген.
Петропавл экономика және құқық колледжін (1997), М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (2001), А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін (2006) бітірген.
Еңбек жолы: Солтүстік Қазақстан облысы «Петропавл қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ-де түрлі лауазымдарда жұмыс істеген (2004-2009); Солтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасында бас маман, басқарма басшысының орынбасары және басқарма бастығы (2010-2013); Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары (2013); Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және архивтер комитетінің Электронды БАҚ басқармасын басқарды (2013 - 2014); «Нұр Отанның» Саяси жұмыстар департаментінің директоры (2014-2016); Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары (2016-2018).
Қазіргі лауазымын 2018 жылғы мамырдан бері атқарып келеді.
39 жыл бұрын (1979) Атырау облысы әкімінің орынбасары ШАПКЕНОВ Серік Жамбылұлы дүниеге келді.
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің экономикалық кибернетика факультетін бітірген (2000), экономист-математик. «Нұр Отан» партиясының мүшесі (2005 жылдан). 2000 жылдан - М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы. 2001 жылдан - Батыс Қазақстан облыстық қоршаған ортаны қорғау қорының жетекші маманы. 2002 жылдың маусымынан - Батыс Қазақстан Қаржы басқармасының жетекші маманы, 2003 жылдан - бас маманы. 2006 жылдың қаңтарынан - БҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті шынайы секторды дамыту бөлімінің бастығы. 2006 жылдың наурызынан - БҚО Ауыл шаруашылығы департаменті әкімшілік бөлімінің бастығы. 2007 жылдың қаңтарынан - БҚО Ауыл шаруашылығы департаменті директорының орынбасары. 2007 жылдың қазанынан - БҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті бастығының орынбасары. 2009 жылдың қыркүйегінен - Батыс Қазақстан облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы. 2014 жылдан - ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы.
2016-2018 жылдары - Атырау қаласының әкімі. Қазіргі қызметінде 2018 жылдың маусым айынан бері.
38 жыл бұрын (1980) «KTZ Express» АҚ басқарма төрағасы (президенті) ЫСҚАҚОВ Диас Жұмағазыұлы дүниеге келді.
Қазақ мемлекеттік заң академиясын; Бристоль университетін (Ұлыбритания); Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірді.
Еңбек жолы: «Маркетингтік-сараптамалық зерттеулер орталығы» АҚ-ның бәсекелестікке қабілеттілікті сараптау департаментінің директоры (2004-2007); «Елорданы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС директоры (2007-2008); «Синержи Групп» холдингтік компаниясының басқарушы директоры (2008-2009); «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бас директорының орынбасары (2010-2012); «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бас директоры (2012-2013); «ТЭК Қазақстан» ЖШС бас директорының орынбасары (2013-2014); «Continental Logistics» ЖШС бас директоры (2014-2016).
2016 жылдың мамыр айынан бастап қазіргі қызметінде.