29 тамыз. Kazinform күнтізбесі. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 29 тамызға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық Ядролық қарудан бас тарту күні
2009 жылғы 30 қазанда Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қазақстан ұсынған қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды, оның ішінде Армения, Беларусь, Бразилия, Біріккен Араб Әмірліктері, Жапония, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және басқа елдер бар.
Семей ядролық полигонының жабылған күні
ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1720 жылы Өскемен қаласының негізі қаланды. Өскемен қаласы І Петр патшалық құрып тұрғанда қамал-бекініс ретінде салынған еді. Өскеменге 1868 жылы қала мәртебесі берілді. Қалада сауда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары дами бастады, айлақ құрылысы басталды. Кейіннен жеңіл өнеркәсіп, теміржол құрылысы салына бастады. Соғыс жылдары ауыр өнеркәсіп дамыды. Өскемен Қазақстанның шығыс бөлігінде Ертіс пен Үлбі өзендерінің сағасында орналасқан; көлемі 54,4 мың га жерді алып жатыр. Аймақ экономикасының жетекші салалары – түсті металдар өндіру, машина жасау. Тарихшылар мен қоғам өкілдерінің бір тобы археологиялық зерттеулерді негізге ала отырып, қаланың тарихын 1 000 жылмен өлшеп отыр.
1949 жылы Семей полигонында Совет Одағындағы тұңғыш ядролық қару сынақтан өткізілді.
2001 жылы Түркияның экс-президенті Сүлейман Демирельге Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін бірінші дәрежелі «Барыс» орденін табыс етілді.
2002 жылы Астанада «Бәйтерек» монументінің ашылу салтанаты өтті. Ел еңсесiнiң биiктiгi «Бәйтерек» мұнарасымен бейнеленедi. Архитектуралық авторлар тобының жетекшісі – А.Рүстембеков. Қазақ аңыздары бойынша Бәйтерек – өмір мен өркендеудің символы. Құрылыс биіктігі – 97 метр. Бұл ұлы көштің жаңа астанаға ат басын тiреген жылын білдіреді. Жалпы бұл айбынды асқақ ғимарат-мұнараны салу барысында 2 812 текше метр құйма темiрбетон, 999 тонна металл конструкциялары және прокаттары, 251 тонна өзектемiр арматура қолданылған. Төбесіндегі шардың диаметрі – 22 метр. Мұнда демалушыларға арналған дәмхана, аквариум т.б. қосалқы қызмет көрсететін бөлмелер бар.
2009 жылы Өскеменде Абай мен Пушкиннің ескерткіштері салтанатты түрде ашылды. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына ескерткіш Республика алаңында, ал Пушкиннің ескерткіш мүсіні оның есімімен аталатын облыстық кітапхана ғимаратының алдында орнатылды.
2012 жылы Қырғызстанның Ош қаласында Қазақстан Республикасы консулдығының ресми ашылуы болды.
2012 жылы «Қазпошта» АҚ «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияға арналған пошта маркасын ұсынды. Маркада конференцияның эмблемасы, бейбітшілік пен жасампаздықты білдіретін, ғаламшарды қауіп-қатерден қорғайтын ақ көгершін және қазақ тілінде мәтіндік композиция бейнеленген. Көркемдік белгі төрт түсті офсеттік әдіспен жасалған, перфорациясы тарақшаланған, белгіленген бағасы – 50 теңге, өлшемі – 28х40 мм, парақта 10 дана, марканың таралымы – 30 мың дана.
2012 жылы Тәуелсіздік сарайында өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференцияда ғаламдық ядролық қаруға қарсы парламенттік ассамблея құрылып, халықаралық «АТОМ» жобасы іске қосылды. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі: «Abolish Testing. Our Mission» төрт бас әріптен құралған. Яғни, «Сынақты Болдырмау – Біздің Миссиямыз» деген мағынаны білдіреді.
2013 жылы Женевадағы БҰҰ Ұлттар сарайында 145 адам сыятын «Қазақстан» көпбейінді залы салтанатты түрде ашылды. Жаңа технологиялармен жасақталған зал ілеспе аудармамен қамтамасыз етілетін ірі халықаралық форумдар өткізу, фильмдер көрсету, сондай-ақ мәдени шараларды ұйымдастыру үшін қолданылатын болады.
2017 жылы Үлбі металлургия комбинатының негізінде жүргізілген телекөпірдің барысында Қазақстандағы МАГАТЭ Төмен байытылған уран банкі ашылды.
2018 жылы Астанада «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің ашылу рәсімі өтті. «Бейбітшілік қабырғасы» – Ақтөбе облысының елорданың 20 жылдығына арнаған тартуы. Ол Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі» монументінің жанында орналасқан.
2019 жылы Қазақстан астанасында МАГАТЭ-нің бас директоры болған, марқұм Юкия Амано және Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін сыйлықпен марапатталды.
2020 жылы «Дайго Фукурю Мару» мұражайында Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні мен Семей ядролық полигонының жабылғанына 29 жыл толуына орай фотокөрме ашылды.
Фотокөрмеде полигонның құрылу тарихы, ондағы сынақтардың басталуы мен жүргізілу барысы, сонымен қатар «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жұмысы көрсетілген.
2020 жылы Чилиде Димаш Құдайбергеннің шығармашылығы мен оның туған елінің мәдениетін тарату мақсатында Чилимен қоса, бүкіл Латын Америкасында «DEARMASH FM» радиостанциясы пайда болды.
2020 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Бурнооктябрьское қалашығында жұмыс істеп жүрген археологтар екі мың жылдық жәдігерлерді тапты. Тарихшылардың ойынша, бұл жерде сол кездегі ірі қалалардың бірі орналасқан.
Бұл қалашық Қазақстанда сол күйінде сақталған біздің заманымыздың басынан қалған жалғыз ескерткіш болғандықтан, археологтар үшін бірегей және қызықты нысан болып отыр.
2021 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімшедегі инженерлік оқ-дәрі қоймасында болған жарылысқа байланысты 29 тамызды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
2023 жылы Мемлекет басшысы арнайы мандаты бар омбудсмендермен және құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен кездесті. Президент ауқымды конституциялық реформаның нәтижелеріне тоқталды. Негізгі Заңға қабылданған өзгерістер мен толықтырулар бүкіл мемлекеттік үлгіні жан-жақты қайта құрудың сенімді негізін қалады.
2024 жылы Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында ежелгі сяньбэй тайпасының бейіттері табылды. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Аршаты ауылына жақын жерде орналасқан Тәутекелі шатқалында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмыстары нәтижесінде 1 мыңжылдықтың бірінші жартысына жататын сяньбэй тайпасына жататын 13 қорым-мемориалдық кешен табылды.
2025 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл» мерейтойлық медалі белгіленді. Медаль Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етуге, елдің тәуелсіздігін, қазақстандық қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, конституционализм идеялары мен қағидаттарын қалыптастыру мен дамытуға елеулі үлес қосқан тұлғаларға беріледі.
2025 жылы ғалымдар Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде қола дәуіріне жататын құнды олжаларды тапты. Артефактілердің ішінде 40-60 мың жыл бұрынғы тас құралдар, алтынмен қапталған зергерлік бұйымдар, қола білезіктер мен тұрмыстық заттар, жауынгер қарулары және ортағасырлық мыс тиындар бар. Ғылыми экспедицияны белгілі археолог және Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин басқарды. Оның айтуынша, мұндай көлемдегі олжалар Орталық Азиядағы Ордабасы ауданында алғаш рет табылды.