29 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

29 желтоқсан. ЖҰМА
Биологиялық әралуандылықтың халықаралық күні
БҰҰ Бас Ассамблеясы 49-сессиясының (1995) шешімі бойынша биологиялық әралуандылық (Жердің флорасы мен фаунасы, 1993) туралы халықаралық конвенцияның күшіне енген күнінен бастап тойланады.
Моңғолия тәуелсіздігі күні
1911 жылы Цинь империясы құлап, Моңғолия Қытайдан бөлініп шықты.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1995 жылы ҚР Конституциялық кеңесі (КК) құрылды. Ол - Қазақстандағы конституциялық бақылауды жүзеге асыратын ұжымдық орган. Құрамында 7 мүше болды: оның төрағасы мен 2 мүшесін - Президент, 2 мүшесін - ҚР Парламентінің Сенаты, 2 мүшесін - ҚР Парламентінің Мәжілісі тағайындайды. Олар 6 жылға тағайындалады.
Қазақстан Конституциясының 72-бабына сәйкес, КК ҚР Президенті сайлауының, Парламент депутаттары сайлауның және республикалық референдумның дұрыс өтуін қадағалайды.
1998 жылы Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңы жарияланды.
2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Астананың сол жақ бетіндегі жаңа ғимаратында Мәжілістің бірінші жалпы отырысының ашылу рәсімі өтті.
2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлыққа қол қойды.
2005 жылы Семейде «Шәкәрім» ғылыми-педагогикалық журналы жарық көрді.
Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып шығады. Басылымның басты мақсаты - Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы арқылы ұлттық құндылықтарымызды зерттеу мен жариялау. Басылым 1 мың дана таралыммен жылына 4 рет шығады.
2007 жылы Қарағандыда полистерол блоктары мен бұйымдарын шығаратын жаңа зауыт ашылды.
2008 жылы Қазақстан Республикасының Президенті қоғамдық арақатынасты бақылайтын, өмірдің қиын жағдайында орналасқан адамдарға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңға қол қойды.
2008 жылы Қазақстанда бірінші ЭЛВ-4 өнеркәсіп жылдамдатқышы және «Ядролық технологиялар паркінің» радиациялық технологиялар кешенінің технологиялық желісі іске қосылды. Бұл - технопарктің инновациялық инфрақұрылымының алғашқы өндіріс объектісі. Ядролық технологиялар кешені Қазақстанда ерекше өзінің мағынасы бар және көлемді ұлттық технопаркті құруға мүмкіндік береді, жоғары технологиялар зерттемелерін нарыққа шығару және өнеркәсіп өндірісін енгізілуін қамтамасыз етеді.
Жаңа зауыттың өнімі - құрылыс индустриясының заманауи стандарттарына сәйкес келетін жоғары технологиялық құрылыс материалдары.
2009 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің және мемлекеттік емес ұйымдардың қатысуымен мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды пайдалану үлесін арттыруды қамтамасыз ететін шараларды анықтауға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақстандық қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2010 жылы Астанада елдегі шығармашыл жастарды мен ұйымдарды қолдауға арналған «Шабыт 2010» байқауының жеңімпаздары марапатталды. «ҚазАқпарат» АҚ ҰК «2010 жылы шығармашыл жастарға қолдау көрсеткені үшін» аталымы бойынша сыйлыққа ие болды.
2015 жылы құрылысына 420 млн теңге жұмсалған жоғары қысымды «Таушық -Жыңғылды» газ құбыры пайдалануға берілді.
2016 жылы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданында «Шалтөбе - Үштаған - Басқұдық - Жарма» газ құбыры іске қосылды. Осының арқасында аталған ауылдар көгілдір отынның қызығын көре бастады.
1991 жылы Өзбекстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы референдум, сондай-ақ Өзбекстан президентін жалпыхалықтық сайлау өтті. Алғашқы президент Ислам Кәрімов болды.
1999 жылы Түрікменстан президенті Сапармұрад Ниязов өлім жазасын алып тастау туралы заңға қол қойды.
ЕСІМДЕР
107 жыл бұрын (1910-1988) қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, филология ғылымының кандидаты, аудармашы САҒЫНДЫҚОВ Құрманбек дүниеге келді.
Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Жоғары партия мектебін бітірген.
1933-1936 жылдары - Қазақ кәсіподақ кеңесі бөлімінің жауапты нұсқаушысы, меңгерушісінің орынбасары. 1936-1941 жылдары - Қазақ көркем әдебиет баспасының редакторы, Қазақ бірлескен баспасының бас редакторы. 1941-1944 жылдары - Ош әскери-саяси курстарының тыңдаушысы, Панфилов дивизиясы танкіге қарсы зеңбірек батареясының комиссары, дивизия газеті редакторының орынбасары. 1945-1946 жылдары - Қызыл Армияның Бас саяси басқармасы қазақ тіліндегі басылымының редакторы. 1946-1950 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкері. 1950-1953 жылдары - Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1953-1957 жылдары - Партия тарихы институты секторының меңгерушісі. 1957-1959 және 1965-1981 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы. 1959-1962 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы радио хабарларын тарату және телеарна комитетінің төрағасы. 1962-1965 жылдары - «Оңтүстік Қазақстан» аймақтық газетінің бас редакторы. 1981 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан.
Қызыл Жұлдыз, 2-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен, медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
88 жыл бұрын (1929-2000) ақын ШІЛДЕБАЕВА Күлән дүниеге келді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген. Алматы орта мектептерінде, Жамбыл қаласындағы Мәдени-ағарту училищесінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, ұстаздық еткен. Тұңғыш жинағы 1962 жылы жарық көрген. «Тұңғыш кітап», «Арманым», «Қыз көңіл», «Бойжеткендер», «Іңкәрім», «Меруерт гүл», «Можжевельник» жыр жинақтарының авторы. Бірқатар өлеңдері орыс тіліне аударылған.
79 жыл бұрын (1938-1992) жазушы, әдебиет сыншысы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СҮЛЕЙМЕНОВ Асқар дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын және аспирантурасын бітірген. «Жұлдыз», «Парасат» журналдарында, «Қазақфильм» киностудиясында, Қазақстан Жазушылар одағында, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрда қызмет атқарған. Алғашқы сын мақаласы «Жол басы» «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде жарияланған. Сүлейменовтің «Бесін», «Адасқақ», «Бесатар» прозалық шығармалары, «Арғымақ пен шабандоз», «Кек» драмалық жинағы, «Парасат падишасы», «Болмыспен бетпе-бет» сыни-эстетикалық еңбектері, әдебиет пен өнер турасында жүзден астам мақалалары жарық көрген. Ол жаңа идеяларды генерациялауға, қоғамға, ұлтқа қызмет етуге, идеяшылдықтан азат жаңа әдебиет жасауға ұмтылды, өз идеялары үшін күресті. Сүлейменов шығармаларын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады: сыншылық, прозалық және драматургиялық кезеңдер. Алғашқы кезеңде ол көркем сын жанрына жекелік сипат танытуға ұмтылды, көркем шығарманы көркем мәтін қағидасынан тыс талдады. «Түр туралы бірер сөз» мақаласымен әдеби ортада үлкен айтыс тудырған Сүлейменовтің көркемдік-эстетикалық ұстанымдары негізінен осы кезеңде қалыптасқаны айқындалды. «Өнердің өмірден айырмашылығы - өнер өмірден үйренбейді. Өнердің өз өткені, өз бүгіні, өз логикасы мен динамикасы бар. Өнердің түбіне сорпа бетіндегі майдай қалқыған идея жетеді» деп түсінген суреткер сыншы ретінде көркем шығармаға қояр биік талабын проза мен драматургияда жүзеге асырды. Ойы құнарлы, көркемдік құрылымы айрықша шығармалар туындатты. Прозалық кезеңде Сүлейменов шығармаларында ХХ ғасыр прозасының қағидалары толығымен дерлік көрініс берді, ол модернист қаламгер саналды. Қазақ әдебиетінде құбылыс ретінде бағаланған «Бесатар» повесі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс пен Созақ көтерілісін соны көзқараста зерделеді. Суреткердің драмалық кезеңдегі шығармалары жаңа өнер философиясы аясында талдауды талап етеді. Қаламгер көркем аударма саласында С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», М.Булгаковтың «Жендеттер», Б.Брехттің «Сычуанның мерейі», Э.Хемингуэйдің «Бесінші колонна», Т.Уильямстың «Әйнек айуанхана», тағы басқа пьесаларын қазақ тіліне тәржімалады.
Асқар Сүлейменовтің есімі Созақ ауданындағы өзі оқыған мектепке, Сарыағаш қаласындағы бұрынғы Ильич атындағы мектепке берілген.
50 жыл бұрын (1967) Қарағанды облысы, Осакаров ауданының әкімі ҚОБЖАНОВ Нұркен Сайфиддинұлы дүниеге келді.
Шахтинск қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын және Қарағанды экономикалық университетін бітірді.
Еңбек жолын осы өңірдегі Молодежный ауданының «Звезда» совхозының бас инженері қызметінен бастаған. Қарағанды облыстық әкімдігінде жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Қазіргі қызметінде 2017 жылдың маусымынан бері.
49 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының әкімі АБДУӘЛИЕВ Қайрат Аманкелдіұлы дүниеге келді.
Ташкент аграрлық университетінің түлегі.
Еңбек жолын Түлкібас ауданындағы Киров колхозынан бастап, осы ауданның әкіміне дейінгі көптеген лауазымды қызметтерді атқарды. 2016 жылдың тамыз айынан бастап Сарыағаш ауданының әкімі.
42 жыл бұрын (1975) Қарағанды қаласының әкімі Әубәкіров Нұрлан Ерікбайұлы дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Қарағанды мемлекеттік университетін (1997), Д.А. Қонаев атындағы гуманитарлық университетті (2000) бітірген.
Еңбек жолын 1997 жылы Қарағанды облыстық бюджеттік банкте аға ревизор болып бастаған, ревизиялық бөлімнің бас қазынашысы, Қарағанды облыстық қазынашылық басқармасының жетекші қазынашысы болып қызмет атқарған. 2000-2002 жылдары - Қарағанды облысының экономика және кәсіпкерлікті дамыту бас басқармасының шағын және орта бизнесті қолдау бөлімінің бас маманы. 2002-2005 жылдары - Қарағанды облысының экономика және кәсіпкерлікті дамыту бас басқармасының бюджеттік қаражаттарды жоспарлау, есепке алу және бақылау бөлімінің бастығы, бас бухгалтері. 2005 жылы - Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің ұйымдық және кадрлық жұмыс бөлімінің бастығы, бас бухгалтері. 2005-2006 жылдары - Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының басшысы. 2006 жылы - «Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бастығы. 2006 жылы - Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының басшысы. 2006-2007 жылдары - «Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ бастығы. 2007-2009 жылдары - Қарағанды облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары. 2009-2010 жылдары - Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның әкімі. 2010 жылдан - Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары. 2011 жылдан - Қарағанды қаласы Октябрь ауданының әкімі. 2012 жылдан - Балқаш қаласының әкімі.
2014 жылғы маусымнан қазіргі қызметінде.