294 үміткерге «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелдерде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті,

294 үміткерге «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Онда 2008 жылдың желтоқсанынан бастап 2009 жылдың наурыз айлары аралығында конкурстық іріктеудің кезеңдерінен өткен 360 үміткердің жеке ісі қаралды. Бұлардың ішінде 350 үміткер конкурстық іріктеуге жалпы конкурс бойынша, ал 10-ы шетелдердің жоғары оқу орындарына өз бетімен түскендер ретінде қатысып отыр. Үміткерлердің басым көпшілігі құжаттарын АҚШ-та оқуға тапсырған. Қалғандары Канада, Ұлыбритания, Сингапур, Малайзия, Германия, Франция, Австралия, Қытай, Чехия, Ресей, Жапония, Швейцария және Израильде білім алуға ниет білдірген. Басымды мамандықтардың тізімінен үміткерлер информатика, ақпараттық жүйелер, технологогия, экономика, телекоммуникация, энергетика, мемлектеттік саясат, қоршаған ортаны қорғау, жер қойнауын пайдалану, экология, статистика, сондай-ақ медициналық мамандықтарды таңдаған. Өтініштерді қарау кезінде комиссия «Болашақ» халықаралық стипендиясын 294 үміткерге тағайындау туралы шешім қабылдады. Отырыстан кейінгі брифингте Білім және ғылым вице-министрі Күләш Шәмшидинова «Болашақ» бағдарламасы аясында қазақстандық студенттер жіберілетін шетелдік жоғары оқу орындарының саны 480-нен 200-ге дейін қысқартылғанын, мұндай қадам қазақстандық студенттерді әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарына ғана жіберу мақсатында қабылданғанын атап өтті.