$2 трлн экономика: Қазақстан Цзянсу өңірімен әріптестікті тереңдетеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстанға алғашқы сапармен келген Цзянсу өлкесі Партия комитетінің хатшысы Синь Чансинмен кездесті. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.
Келіссөздер барысында тараптар екі мемлекет басшыларының Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті тереңдету туралы уағдаластықтарын жүзеге асыруға бағытталған өңіраралық және инвестициялық ынтымақтастыққа қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.
Нұрлыбек Нәлібаев Қытайдың Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Қытайда экономикалық даму көрсеткіштері бойынша екінші орында тұрған, жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) $2 трлн-нан асатын Цзянсу өлкесінің экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін жоғары бағалады.
— Цзянсумен сауда-экономикалық қатынастарды дамыту Қазақстан үшін ерекше маңызды. Бұл өлкені өнеркәсіптік кооперация, өндірістерді қондыру, инновациялар, көлік логистикасы және цифрлық экономика салаларындағы әлеуеті зор серіктес ретінде қарастырамыз, — деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары.
Өз кезегінде, Синь Чансин Қытайдың Цзянсу өлкесінің іскерлік топтары мен өңірлері арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруға дайын екенін білдірді. Қазақстанның логистикалық әлеуеті «Қытай — Еуропа» бағыты бойынша үздіксіз халықаралық жүк тасымалдарын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сонымен қатар қытайлық тарап 2026 жылғы 11 маусымда Астанада ашылған «Орталық Азия — Цзянсу» орталығы технологиялар алмасу және инвестициялар үшін платформа ретінде қызмет етіп, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың нығаюына оң серпін беретініне сенім білдірді.
Бұған дейін Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында Ақмола облысына келіп, өңір басшысы Марат Ахметжановпен бірге ірі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысқан болатын.