3-5 қыркүйекте күн суытып, күздің ызғары біліне бастайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазгидромет синоптиктері 3-5 қыркүйек аралығына арналған үш күндік ауа райы болжамын жариялады. 

күз
Фото: Pexels

Алдағы үш күнде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады.

Найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады.

Республиканың солтүстігінде, шығысында кейбір уақытта қатты жаңбыр жауып, 3 қыркүйек түнде елдің шығысында жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады.

Қазақстанның батысы мен оңтүстігінде Солтүстік-батыс антициклонының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Республика бойынша жел күшейеді деп болжанып отыр. Түнгі және таңертеңгі сағаттарда солтүстік және шығыс аймақтарда тұман түсіп, топырақ бетінде 2 градусқа дейінгі үсік болады.

Сондай-ақ күндіз ауа температурасы біртіндеп төмендейді: елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында +8+15°С дейін, оңтүстігінде +20+28°С дейін төмендейді.