3,5 мың ауылдың инфрақұрылымы республикалық бюджет есебінен жаңартылады - Үкімет
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы 2027 жылға қарай ауыл тұрғындарының 90 пайызы тұратын әрі даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылдың инфрақұрылымы республикалық бюджет есебінен жаңартылады. Реформа аясында жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс базасын кеңейту үшін фискалды орталықсыздандыру жалғасып келеді. 2018 жылдан бастап 1062 аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар кенттер және ауылдық аймақтарда бюджеттің төртінші деңгейі енгізілді. Бюджеттің төртінші деңгейіне салықтар мен төлемдердің 9 түрі берілді. Соның нәтижесінде ауылдық округтерге жыл сайын қосымша 30 млрд теңге түспек. Сондай-ақ 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер жергілікті бюджетке аударыла бастады. Осының нәтижесінде жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдері 25 процентке өсті», - деді Р. Скляр Сенаттағы «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда.
Оның айтуынша, 2025 жылы ауылдық округтер бюджетінің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 13 пайыздан 35 пайызға дейін артады деп ескерілген.
«Өңірлердің дамуына жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы реформалар елеулі үлес қосып келеді. 2021 жылдың шілдесінен бастап 1305 елді мекеннің басшысы сайланды. Тікелей сайлау енгізілгеннен бері ауыл әкімдерінің корпусы 56 процентке жаңарды. 2023-2024 жылдарға 1041 ауылдық округте сайлау белгіленген», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Ауыл - ел бесігі» жобасы бойынша биыл 736 ауыл үшін 1,5 мыңнан астам жобаға 143 миллиард теңге бөлінді.