3 ақпан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 3 ақпанға арналған күнтізбесін ұсынады.
3 ақпан ДҮЙСЕНБІ
Жапониядағы шамдар мерекесі - Мандоро. Бұл күні Касуга (Жапонияның бұрынғы астанасы Нара қаласы) храмында шамдар жағылады. Мереке көктемді қарсы алуға арналған.
Сэцубун - Жапонияда Жаңа жыл қарсаңы. Ақпанның 3-і немесе 4-і күні Жапонияда Сэцубун мерекесі тойланады (ескі күнтізбе бойынша Жаңа жыл қарсаңы). Сэцубун - жаңа жылдық ауысымның бастамасы. Мерекенің мақсаты - жын-перілерді қуу және зұлымдыққа жол бермеу. Сэцубун түнінде үйлерде Мамэ-маки («бұршақ шашу») салтанаты өтеді. Балалар кеселерге бұршақ салып, оларды әр бөлменің ішіне шаша жүріп, жын-перілерді қуатын дұғалар оқиды. Мерекенің соңында әрбір адам өзінің жасы нешеде болса, соншалықты бұршақ жейді. Бұл ырым жын-шайтандарды қуады және бүкіл жыл бойына денсаулықты сақтайды дегенді білдіреді.
Қытайдың Жаңа жылы немесе Көктем мерекесі. Қытай Жаңа жылы немесе ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл - Көктем мерекесі ол қысқы маусымның соңында бүкіл елде үш күн бойы аталып өтіледі. Көктем мерекесі күндерінде жаппай ойын-сауық басталады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
8 9 жыл бұрын (1925) «Жас қайрат» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бастапқыда Орынборда, кейін Қызылордада шыққан басылымның таралымы 2000 дананы құраған. «Соңғы жетінің ішінде» айдарында шет елдердегі, Кеңес одағындағы жаңалықтармен таныстырса, «Қазақстан жастары» бөлімінде жергілікті ұйым өмірін, жеке жастардың талап-тілектерін жариялап тұрған. «Тәні саудың - жаны сау» айдарымен дәрігерлік кеңестер, спорт жөніндегі материалдар беріп отырған. Қаржы тапшылығына байланысты басылым 1926 жылы қазанның 30-ында 57-ші саны жарық көргеннен кейін тоқтаған.
90 жыл бұрын (1924) «Тілші» газетінде қайраткер-журналшы Абдолла Розыбақиевтің «Облыстық партия конференциясына» атты мақаласы жарияланды. Онда Жетісу жері экономикасының көтерілуі өзара және орталықпен темір жол қатынасын орнатып, Қытаймен сауда байланысын жасауға, мал шаруашылығы мен диқаншылықты жолға қоюға байланысты екендігін ескертті.
22 жыл бұрын (1992) Алматы қаласында АҚШ елшілігі ашылды.
9 жыл бұрын (2005) Алматыда Қазақстан-Американ талдау және болжау институты құрылды. Мұндағы басты мақсат - Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты кеңейту. Институт еліміздің қазіргі таңдағы қоғамдық-саяси жағдайына талдау жасаумен айналысады. Институтты шетелдік ұйымдар қаржыландырады.
8 жыл бұрын (2006) Қарағанды қаласындағы «ЭкоМұражай» қоғамдық бірлестігі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Семей полигонының алғашқы картасы баспадан шығарылды.
Картада әкімшілік шекаралардың, елді мекендердің, өзендер мен жолдардың көрсетілуімен қоса, пайдалануға қауіпті радиоактивті ластанған жер телімдері де белгіленген.
Бұл жоба ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы миссиясы, Голландияның HIVOS қоры сияқты халықаралық ұйымдардың көмегімен іске асырылды. Жобаға Радиациялық қорғау және экология жөніндегі ұлттық форум қоғамдық ұйымы бастамашылық жасады.
8 жыл бұрын (2006) Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан әдебиетті зерттеуші ғалым, ақын Мүсілім Қапанның таңдамалы шығармаларының «Өсиеттер бұлағы» атты екінші кітабы жарық көрді.
Оған қаламгердің Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы жазған «Зауал» атты пьесасы алғаш рет енді. Мүсілім Қапанның бұл кітабында жазушының «Мағжан ақын», «Тарих-от-философия», «Тұңғыш режиссер» зерттеулері, «Өсиеттер бұлағы», «Тарихқа тағзым», «Ғылым тапқан... халықтан» сыни мақалалары, «Айтыс» поэмасы, «Таудағы жалғыз үй» әңгімесі, «Зауал», «Қамар сұлу» пьесалары, өлеңдері, сондай-ақ туысқандары мен замандастарының естеліктері топтастырылған. Жиырма жеті жасында бақи дүниеге озған Мүсілім Қапанның есімі мен еңбегі Семей, Павлодар, Алматы оқырмандарына жақсы таныс.
7 жыл бұрын (2007) Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина Президенті Виктор Ющенко Киевтің Тарас Шевченко атындағы Ұлттық опера және балет театрында өткен Украинадағы Қазақстан жылының ресми ашылу салтанатына қатысты.
7 жыл бұрын (2007) Алматыда қазақ киносының алғашқы коллекциялық жинағының таныстырылымы өтті. Оны «ТұранӘлем Банкінің» қолдауымен «Kazakh Cinema Distribution» компаниясы шығарған. Бұл жинаққа қазақ киносының әр кезеңде жарық көрген 30 фильмі топтастырылған. Олардың ішінде «Амангелді», «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Менің атым Қожа», «Сұлтан Бейбарыс», «Балкон» «Даладағы қуғын», «Алпамыс мектепке барады», «Ине», «Айналайын», «Кардиограмма», «Заманай», «Мәншүк туралы аңыз» және «Ботакөз» сияқты фильмдер бар.
6 жыл бұрын (2008) Семей әкімінің ресми сайты ашылды. Оның интернеттегі адресі - www.akimsemey.gov.kz.
Сайт парақшасында қала тарихы, қаланың көрнекті жерлері, билік құрылымы, қала экономикасы, өнеркәсібі, медициналық мекемелері мен оқу орындары туралы толыққанды ақпараттар бар. Сондай-ақ сайт бетінен жаңалықтарды, мемлекеттік сатып алулар турлы ақпараттарды оқуға болады.
5 жыл бұрын (2009) Павлодар облысында «Қозыкеткен» ауылының 100 жылдық мерейтойына арналған кітап шықты.
Петр Шанцев өзінің кітабын «Село родное» деп атады, ол Қозыкеткен ауылын 35 жыл бойы басқарған. Басылым беттерінде өзінің және әріптестерінің басынан өткен оқиғалары орын алған. П.Шанцевтің кітабы ақсақалдардың әңгімелерімен, отбасылық мұрағаттан алынған мәліметтерінен тұрады, танымал жерлестерінің мерекедегі және жұмыс күндердегі суреттері де бар. Ауылдың жүзжылдық тарихы қоныс аударушылардан басталады, олар ақсақалдармен бірге соғыс кезіндегі қиыншылықтарды, 90-жылдардағы дағдарыста шаруашылықты бірге көтерді.
4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияны ратификациялау туралы», «Ядролық апат туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы», «Ядролық апат жағдайындағы немесе радиациялық апат жағдайындағы көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы», «Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктірілген конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.
4 жыл бұрын (2010) Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің бірқатар әдебиет және өнер қайраткерлеріне Мемлекеттік стипендиялар тапсырды.
4 жыл бұрын (2010) Астанада Тәуелсіздік сарайында «Жібек жолы - Қытай жібек өнерінің көрмесі» ашылды.
4 жыл бұрын (2010) Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы елшілігі Ұлттық академиялық кітапханаға неміс тілінде басылған 65 кітапты сыйға тартты.
4 жыл бұрын (2010) Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында ГФР сыртқы істер министрлігі мен Гёте институты ұйымдастырған Қазақстандағы Германия жылының ашылуы болды.
3 жыл бұрын (2011) Астанада Ұлттық академиялық кітапханада «Жұмабек Тәшеновтің азаматтық ерлігі және жастарды патриоттық тәрбиелеу» деген тақырыпта осы мемлекет және қоғам қайраткерінің 96 жылдығына арналған респбуликалық ғылыми-практикалық конференция болды.
3 жыл бұрын (2011) Қарағандыда кеншілердің мәдениет сарайында корей диаспорасы Сольналь мерекесін - ай күнтізбесі бойынша корейлік Жаңа жыл мерекесін атап өтті.
2 жыл бұрын (2012) республикалық жаңа басылым - «Класс TIME» газетінің қазақ және орыс тілдеріндегі алғашқы саны шықты.
2 жыл бұрын (2012) Өскеменде мұсылмандық «Мәуліт» мерекесіне - Мұхаммед пайғамбардың туған күніне арналған ақындар айтысы өтті.
151 жыл бұрын (1863) 27-і жасар журналист Сэмюэл Ленгхорн Клеменс Американың Невада штатындағы Вирджиния-Сити қаласы газетінде жарияланған сапар туралы өзінің әзіл әңгімесінің соңына Марк Твен деген бүркеншік атпен қол қойды. Екі жылдан кейін бұл есім бүкіл Америкаға, кейіннен әлемге танымал болды. Жазушы жас кезінде Миссисипи өзенінде лоцман болған, ал қайықшылар арасында «Марк Твен» ұғымы өзендегі судың кеме жүзуі үшін қауіпсіз деңгейі дегенді білдіреді.
60 жыл бұрын (1954) Австралия бірнеше ғасырлар бойы Британияның отары болғанымен, тұманды Альбион монархы Патшайым II Елизавета алғаш рет Австралия жеріне ат басын тіреді.
45 жыл бұрын (1969) әскерилендірілген Фатх ұйымының негізін қалаушы әрі басшысы Ясир Арафат Палестинаны азат ету ұйымының көшбасшысы болып сайланды.
ЕСІМДЕР
86 жыл бұрын (1928-1988) актер, Қазақстанның халық әртісі ҚОЖАБЕКОВ Кененбай Молданұлы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Алматы театр училищесін бітірген. 1950-1961 жылдары Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрында өнер көрсеткен. Осы театр сахнасында Алдар, Ғани (Ш.Құсайынов «Алдар көсе», «Біздің Ғани»), Доброходов (М.Ақынжанов «Ыбырай Алтынсарин»), Шагабутдинов (Д.Фурманов «Бүліншілік»), т.б. рөлдерді сомдаған. «Жамбыл», «Шабандоз қыз», «Бұл шұғылада болған еді», «Қыз Жібек», «Қан мен тер», «Жаушы», «Қасқырдың апаны», т.б. кинофильмдерге түскен. 1972 жылы Тбилиси қаласында өткен 5-ші Бүкілодақтық кинофестивальда «Қыз Жібек» фильміндегі Сырлыбай рөліне қазылар алқасының «драма өнерін экранда дамытуға сіңірген еңбегі үшін» дипломы берілген.
«Халықтар достығы» орденімен, медальдармен марапатталған.
68 жыл бұрын (1946) «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» тобы төрағасының орынбасары, философия ғылымының кандидаты, доцент БАЙҚАДАМОВ Болат Кенжекешұлы дүниеге келді.
Алматы облысында туған. C.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1978-1987 жылдары - Қарағанды политехника институтының оқытушысы, аға оқытушысы. 1987-1988 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің доценті. 1988-1990 жылдары - Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, проректоры, партия комитетінің хатшысы. 1990-1991 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің консультанты. 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрлігінің бөлім бастығы, Қазақстан Кәсіпкерлері конгресінің менеджері. 1994-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшылығының консультанты, меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі, комиссия хатшысы. 1999-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі секторының меңгерушісі, қоғамдық саяси бөлімі, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2002-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі. 2007-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы ісі және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы хатшылығының меңгерушісі, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметтерін атқарған. 2009-2013 жылдары - «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институтының директоры. Қазіргі қызметінде - 2013 жылдан бері.
«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана» медальдарымен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған.
60 жыл бұрын (1954) эстрада әншісі, Қазақстанның халық әртісі ЕСҚАЛИЕВА Нағима Қабылқызы дүниеге келді.
Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын, Алматы музыкалық училищесін бітірген. 1977-1985 жылдары «Қазақконцерт» жанындағы музыкалық ансамбльдер бірлестігінің, «Гүлдер» ансамблінің әншісі болған. 1985 жылдан Алматы облыстық филармониясы эстрадалық труппасының жетекшісі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқытушылықпен айналысады. Гастрольдік сапармен ТМД елдерінің көптеген қалаларында, шет елдерде Германия, Моңғолия, Дания, т.б. болды. Ол Халықаралық эстрада әншілерінің «Алтын Орфей» байқауының, Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты атанған.
5 5 жыл бұрын (1959) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың лауреаты СӘТТІБАЙҰЛЫ Көсемәлі дүниеге келді.
Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Қаламгердің «Елгезек Бағдаршам, Ток-Қуат және басқалар», «Шаншу, көк шелек, мен және Асқар ақын», «Шеткері үйдің жарығы», «Елгезек Бағдаршамның басынан кешкендері», «Күнге ғашық өлкеде» және «Тараздан тәбәрік» атты кітаптары жарық көрген. «Бастау», «Қазақ палуандары» атты ұжымдық жинақтарға хикаялары мен эсселері енген.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған.
51 жыл бұрын (1963) Астана қаласы әкімінің орынбасары КРЫЛОВ Василий Леонидович дүниеге келді.
Ресейде туған. Пермь педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті жанындағы Нарық институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер Кабинеті Аппараты жанындағы «Алтын-Алма-тур» қазақстандық халықаралық туризм агенттігінің атқарушы директоры қызметін атқарған. 1997-1998 жылдары -Montana Projects LLC компаниясының менеджері. 1999-2001 жылдары - «Офис-сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (Атырау қаласы) директоры. 2001-2002 жылдары - «Атырау облысы әкімі аппараты шаруашылық басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры. 2003-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы «Қараөткел» республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының орынбасары. 2007-2008 жылдары - Алматы қаласы әкімінің орынбасары. Қазіргі қызметінде 2008 жылғы сәуірден бері.Медальмен марапатталған.
205 жыл бұрын (1809-1847) неміс композиторы, үйлену тойының маршы авторы ретінде белгілі Якоб Людвиг Феликс МЕНДЕЛЬСОН дүниеге келді.
53 жыл бұрын (1961) канадалық миллиардер Research In Motion компаниясы иегерлерінің бірі, спорт жанкүйері Джеймс БАЛСИЛЛИЕ дүниеге келді.
4 1 жыл бұрын (1973) ресей театр және кино актері ЧЕРНЫШОВ Андрей Владимирович дүниеге келді.
73 жыл бұрын (1941) кеңестік және ресейлік сценарийші, драмтатург, РСФСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Эдуард Володарский дүниеге келді.