3 ақпан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 3 ақпан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform

ЕСІМДЕР

71 жыл бұрын (1954) эстрада әншісі, Қазақстанның халық әртісі Нағима Қабылқызы ЕСҚАЛИЕВА дүниеге келді.

Нағима Қабылқызы ЕСҚАЛИЕВА
Фото: ognialatau.kz

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын, Алматы музыкалық училищесін бітірген.

1977-1985 жылдары «Қазақконцерт» жанындағы музыкалық ансамбльдер бірлестігінің, «Гүлдер» ансамблінің әншісі болған. 1985 жылдан Алматы облыстық филармониясы эстрадалық труппасының жетекшісі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқытушы. Халықаралық эстрада әншілерінің «Алтын Орфей» байқауының, Қазақстан Комсомол сыйлығының лауреаты атанған.

58 жыл бұрын (1967) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің аппарат басшысы Марат Әблахатұлы ОРАЗАЕВ дүниеге келді.

 Марат Әблахатұлы ОРАЗАЕВ
Фото: Gov.kz

Семей облысында туған. 1991 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, инженер-экономист.

Еңбек жолы: 1991 жылдан — Қазақ экономика және агроөнеркәсіп кешенін ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының экономисі. 1993 жылдан — ҚР Қаржы министрлігі Орталық аппараты Агроөнеркәсіптік кешендерді қаржыландыру және табиғатты қорғау басқармасының жетекші экономисі, бас экономисі, бөлім бастығы, бастықтың орынбасары, бастығы. 1997 жылдан — ҚР Қаржы министрлігі Бюджет департаменті Бюджеттің орындалуы мен есептілігін қалыптастыру мен талдау басқармасы бастығының орынбасары, Бюджет саясаты басқармасының бастығы. 1999 жылдан — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы департаменті директорының орынбасары. 2002 жылдан — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржылық қамтамасыз ету департаментінің директоры. 2008 жылдан ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі. 2011-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқарушының орынбасары, 2012-2019 жылдар аралығында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің директоры, 2019-2021 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы.

2021 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» медалімен; Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен (2005) марапатталған.

47 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Қазыбек Құрманғалиұлы ӘЛІШЕВ дүниеге келді.

Қазыбек Құрманғалиұлы ӘЛІШЕВ
Фото: parlam.kz

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Талдысай ауылында туған. 1995-1999 жылдары «Нұр» Ақтөбе мемлекеттік емес менеджмент, бизнес және құқық институтында, 1996-1999 жылдары Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетінде білім алған.

Еңбек жолын 1998 жылы сот орындаушысы болып бастаған. 2000-2003 жылдары Ақтөбе облысы Қобда және Мұғалжар аудандары прокурорының көмекшісі, 2003-2005 жылдары Ақтөбе облысы Темір ауданы прокурорының орынбасары, 2006-2008 жылдары «Бұлан» ЖШС Бас директорының кеңесшісі, 2008-2010 жылдары «ИГС-Сичим» ЖШС БК Корпоративтік бизнесті дамыту жөніндегі директоры, 2010 жылы Атырау облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманының міндетін атқарушы болып қызмет атқарған. 2010-2011 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының құжаттаманың орындалуын бақылау бөлімінің меңгерушісі, 2011-2012 жылдары Атырау облысы үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының шетелдік жұмыс күшін тарту бөлімінің басшысы, 2013-2018 жылдары «ACRB LTD» ЖШС коммерциялық директоры, 2018-2023 жылдары «Арман-М» ШҚ басшысы болды.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы наурыздан бері атқарып келеді.

III дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен, III дәрежелі «Адал еңбегі үшін» медалімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан полициясына 30 жыл» естелік төсбелгісімен, ҚР Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

43 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Юлия Владимировна КУЧИНСКАЯ дүниеге келді.

КУЧИНСКАЯ Юлия Владимировна
Фото: parlam.kz

Целиноград қаласында дүниеге келген. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Халықаралық қатынастар институтын, Қазақ гуманитарлық-заң университетін бітірген.

Еңбек жолын 2002 жылы «ЦЕССИ-Қазақстан «Салыстырмалы әлеуметтік зерттеулер институты» ЖАҚ жобалар менеджері болып бастады. 2004-2009 жылдары «ЦЕССИ-Қазақстан «Салыстырмалы әлеуметтік зерттеулер институты» ЖШС әлеуметтік зерттеулер бөлімінің басшысы. 2009-2010 жылдары «Қазақстан әлеуметтанушылары қауымдастығы» ҚБ директорының орынбасары, 2011-2016 жылдары Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтану кафедрасының доценті м. а. болды. 2016 жылы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС директоры, 2016-2018 жылдары «Нұр Отан партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы» ЖМ директоры, 2018 жылы «Нұр Отан» партиясының Талдау, болжау және стратегиялық бастамалар институты» ЖМ директоры, 2018 жылы «Нұр Отан» партиясының стратегиялық бастамалар институты» ЖМ директорының бірінші орынбасары — Стратегиялық бастамалар орталығының басшысы, 2018-2019 жылдары «Nur Otan» партиясының қоғамдық саясат институты» ЖМ директорының орынбасары, 2019 жылы «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының жоспарлау және мониторинг департаментінің директоры, 2019-2021 жылдары «Nur Otan» партиясының қоғамдық саясат институты» ЖМ директоры қызметін атқарған. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылым депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

Қазіргі лауазымын 2023 жылдың наурыз айынан бері атқарып келеді.

ҚР БҒМ «Қазақстан Республикасында ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін төсбелгісімен (2014), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2017) марапатталған.

Соңғы жаңалықтар