11:03, 02 Шілде 2018 | GMT +6
3 бала терезеден құлап кетті - Қарағанды облысы
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында соңғы үш күн ішінде 3 бала терезеден құлап кеткен. Бұл туралы ҚазАқпарат өңірлік ТЖД-ға сілтеме жасап хабарлайды.
«1 шілдеде Қарағандыда 5-қабаттың терезесінен 4 жасар бала құлап кетіп, қаза тапты. 30 маусымда Абай қаласында 5-қабаттағы пәтердің терезесінен бір жасар бала құлап, ауруханаға жеткізілді. 28 маусымда Теміртауда 6-қабаттың терезесінен 3 жасар бала құлап, ауруханаға түсті», - деп атап өтті ТЖД-ның баспасөз қызметі.
Құтқарушылар барлық ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға және абай болуға шақырады.
«Кішкентай сәби қауіп деңгейін өздігінен бағалай алмайды, сондықтан оларды бір сәтке қараусыз қалдырудың соңы қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін»,- делінген хабарламада.