3 қараша. Туған күн иелері
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 3 қараша күні дүниеге келген тұлғалардың күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
108 жыл бұрын (1910-1984) ақын, аудармашы Қасым Сәрсенұлы ТОҒЫЗАҚОВ дүниеге келді.
Қостанай облысы Меңдіқара ауданында туған. Қостанай педагогикалық техникумын (қазіргі Қостанай педагогикалық колледжі), Санкт-Петербургтағы А.И.Герцен атындағы педагогикалық институтын бітірген. 1934-1936 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағында бөлім меңгерушісі болған. 1936 жылы халық ақыны Жамбылдың жеке әдеби хатшысы болып, онымен бірге Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне барады. Ақынның айтқан өлеңдерін жазып алып, редакциялаған және оның сол кезде шығарған негізгі шығармаларын сөзбе-сөз орысшаға аударған. 1927 жылдан бастап өлең, очерк, фельетондары мерзімді баспасөзде жарияланып тұрған. 1930 жылдардың аяқ кезінде «Жедел қарт» атты фельетондар жинағы жарық көрген. Өлеңмен жазылған «Сібір Омар» романы жарияланды. Таңдамалы поэмалар мен аудармалары «Айдауық» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Ол орыс қаламгерлері А.С.Пушкиннің «Бақшасарай фонтаны», М.Лермонтовтың «Демон», «Мцыри», «Хажы Әбірек» «Саша», «Ақын өлімі», А.Некрасовтың «Орыс әйелдері», Н.Гогольдің «Үйлену», А.Чеховтың «Шағала», А.Толстойдың «Алтын кілт», т.б. шығармаларын, В.Маяковский, Д.Бедный, С.Стальский, В.Лебедев-Кумач, А.Твардовский, Я.Купаланың бірқатар өлеңдері мен дастандарын қазақ тіліне аударған.
45 жыл бұрын (1973) Талдықорған қаласының әкімі Дастан Тұрарбекұлы ШАЛТАБАЕВ дүниеге келген.
Ол Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын инженер-құрылысшы мамандығымен; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқықтанушы мамандығымен бітірген.
Еңбек жолы: Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының Жетісу аудандық бөлімінің жетекші маманы (1997-1998); Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының Жетісу аудандық бөлімінің сектор меңгерушісі (1998-1999); Алматы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының Жетісу аудандық бөлімінің бас маманы (1999-2000); «Қазақстан Республикасы құнды қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясы шаруашылық басқармасы» РМК диспетчері (2000-2001); Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі шаруашылық басқармасы жалпы бөлімінің диспетчері (08.2001-11.2001); Алматы облыстық білім басқармасының бастапқы және орта кәсіптік білім беру, құрылыс және жөндеу бөлімі бас маманының м.а. (2001-2002); Алматы облыстық білім басқармасының бастапқы және орта кәсіптік білім беру, құрылыс және жөндеу бөлімінің бас маманы (2002-2006); Алматы облыстық құрылыс басқармасы бастығының құрылыс жөніндегі орынбасары (2006-2008); Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің Алматы облыстық департаментінің құқық, экономикалық жұмыстар және мониторинг бөлімі бас маманының м.а. (07.2008-10.2008); Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің Алматы облыстық департаментінің құқық, экономикалық жұмыстар және мониторинг бөлімінің бас маманы (2008-2009); Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің Алматы облыстық департаментінің қозғалыс қауіпсіздігі және пайдалану бөлімінің бас маманы (02.2009-04.2009); Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің Алматы облыстық департаментінің құқық, экономикалық жұмыстар және мониторинг бөлімінің бас маманы (04.2009-08.2009); Алматы облысы Жамбыл аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы (08.2009-09.2009); Алматы облысы Қарасай аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы (2009-2010); Алматы облысы Қарасай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы (2010-2011); Алматы облысы Қарасай аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы (03.2011-06.2011); Алматы облыстық құрылыс басқармасының бастығы (2011-2012); Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы (2012-2013); Алматы облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы (2013-2015); Алматы облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасының басшысы (2015-2017); Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары (2017-2018).
Қазіргі лауазымын атқаруға 2018 жылғы мамырда кірісті.
«Құрмет» орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен наградталған; Қазақстан Республикасының Құрметті сәулеткері, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы.
44 жыл бұрын (1974) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Абай Сымбайұлы ДҮЙСЕНЕВ дүниеге келген.
Ол Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін; Қазақстан менеджмент, экономика және стратегиялық жоспарлау институтын (KIMEP, MBA) бітірген; Т. Рысқұлов атындағы университет пен Швейцариядағы Еуропа университетінің (European University, Montreux) бірлескен докторлық бағдарламасын тәмамдап, DBA дәрежесін алып шыққан; Оңтүстік Кореяда «Ақпараттық технологиялар» курсында оқыған.
Еңбек жолы: «Қазақтелеком» АҚ ақпараттық технологиялар институтының маманы (1997-2010); «Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры (2010-2016); «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы (2016-2017).
Қазіргі лауазымын 2017 жылдан бері атқарып келеді.
42 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Жаңбыршыұлы НҰРКЕНОВ дүниеге келген.
С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін, есепші-экономист (1999), ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік саясат ұлттық мектебін, әлеуметтік ғылымдар магистрі (2011); Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін (заң бакалавры 2012) бітірген.
Еңбек жолы: Ақмола қаласындағы «Шамшырақ» ХЖҚ менеджер (1995); Астана қаласының әкімдігі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыстар бөлімінің бас маманы, өндіріс саласы бөлімінің меңгерушісі (2003-2006); ҚР Президентінің Іс басқармасының күрделі құрылыс және техникалық қадағалау, ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар, ведомствоға қарасты ұйымдарды басқару бөлімдерінің меңгерушісі және орынбасары (2006-2010); Астанадағы «Мөлдір су» ЖШС басшысы (2010-2013); Бурабай ауданының әкімі (2013-2014); Ақмола облысы әкімінің өндіріс саласы мәселелері жөніндегі орынбасары (2014-2017).
Қазіргі лауазымын 2017 жылдың маусымынан бері атқарып келеді.
«Астананың 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.