3 қазан. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 3 қазанға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Түркі халықтарының ынтымақтастығы күні

Бұл күн 2011 жылдан бері атап өтіледі. Түркі кеңесі — түркі мемлекеттері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған халықаралық ұйым. Ол 2009 жылғы 3 қазанда Әзербайжанның Нахчыван қаласында құрылды. Кеңеске Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мүше болды. 2019 жылы Өзбекстан ұйымға ресми түрде қосылды.

2021 жылғы қарашада Ыстанбұлда өткен саммитте Түркі кеңесі Түркі мемлекеттері ұйымы болып қайта құрылды. Сол кезде Түрікменстан ұйымға бақылаушы мемлекет ретінде қабылданды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1883 жылы Абай атындағы Семей әмбебап кітапханасы құрылды. Кітапхана патша үкіметі революциялық үйірмелерге қатысқаны үшін Семейге жер аударған революционер-демократтардың бастамасымен ашылды. Алғашқы кезде кітапхана қорында небәрі мың дана басылым болды. Уақыт өте келе ол Семейдегі зиялы қауымның рухани орталығына айналды. Кітапхананың тұрақты оқырмандары қатарында Е. Михаэлис, Н.Долгополов және Абай Құнанбайұлы болды.

1946 жылы Өскеменде 600 абонентке арналған алғашқы жартылай автоматты телефон станциясы іске қосылды.

2009 жылы Нахчыванда өткен Түркітілдес мемлекеттердің IX саммитінде түркі әлемінің өткені, бүгіні мен болашағын зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс айтылды. Осы бастама негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Түркі академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Академияның негізгі қызметі — ғылыми-зерттеу, музей және кітапхана жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ түркітану саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін насихаттауға қолдау көрсету.

2012 жылы «Алашорда» атты фотоальбом жарық көрді. Онда «Алаш» қозғалысының қалыптасуы, «Алаш» автономиясының құрылуы және кеңестік кезеңдегі жаппай қуғын-сүргінге қатысты фотоматериалдар жинақталған. Фотоальбомға «Алаш» қайраткерлерінің ұрпақтары мен ғалымдардың жеке қорларынан, қолжазбалар мен мұрағаттардан алынған суреттер енгізілді. Олардың қатарында Гүлнар Міржақыпқызы, Дәулет Тынышбаев, Рүстем Бірімжанов және Сырым Бөкейхановтың қорларынан алынған материалдар бар. Сонымен қатар шетелдік мұрағаттардан табылған, бұған дейін жарияланбаған фотодеректер де алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды.

2012 жылы Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, публицист Ілияс Омарұлы Омаровтың (1912-1970) туғанына 100 жыл толуына орай «Ілияс Омаров: хаттар арқалаған сырлар. Из переписки Ильяса Омарова» атты құжаттар жинағы жарық көрді. 500 беттен тұратын қазақ және орыс тілдеріндегі жинаққа Ілияс Омаровтың 1942-1970 жылдар аралығындағы 295 хаты енгізілді. Бұл хаттардан оның соғыс жылдарындағы әскери экономиканы қалыптастыруға, майдан мен тылды жабдықтауға, эвакуацияланған халыққа көмек көрсетуге, Қазақ КСР Ғылым академиясын құруға, 1960-жылдардағы экономикалық реформаларға, ұлттық мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесі көрінеді.

2013 жылы қазақтың классик ақыны Мағжан Жұмабаевтың татар тіліне аударылған өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Кітапты Татарстан Жазушылар одағы 2013 жылдың көктемінде Қазан қаласында жарыққа шығарды. Жинаққа белгілі татар ақыны, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рәдиф Ғаташтың, сондай-ақ Нұри Арсланов, Мударис Әғләм және Флера Тарханованың аудармалары енді.

Астанадағы кітап тұсаукесері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылды. 1929 жылы Мағжан Жұмабаев жалған айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын Солтүстікте өтеді. 1935 жылы Максим Горькийдің өтінішімен мерзімінен бұрын босатылғанымен, еркіндігі ұзаққа созылмады. 1937 жылғы 30 желтоқсанда қайтадан қамауға алынып, 1938 жылғы 19 наурызда атылды.

2016 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында Қазақстанның өсімдіктер дүниесіне қатысты бірыңғай гербарий қоры құрылды. Қорға елімізде өсетін 100 тұқымдасқа жататын 3 мыңға жуық өсімдік түрі енгізіліп, 10 мыңнан астам гербарий парағы жинақталды. Бүгінде бұл қор Қазақстандағы түр алуандығы мен маңызы жағынан екінші орында тұрған гербарийлердің бірі саналады.

2018 жылы білім беру саласында Тәуелсіз ұлттық сарапшылар қауымдастығы (ТҰСҚ) құрылды. ТҰСҚ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, білім беру жүйесіне инновацияларды тиімді енгізу бағытында жұмыс жүргізеді.

2020 жылы даңқты ұшқыш Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайының қасбетінде батыр қызға арналған ескерткіш тақта салтанатты түрде ашылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Хиуаз Доспанова аңызға айналған «Түнгі мыстандар» («Ночные ведьмы») эскадрильясы құрамында жауға қарсы шайқасты.

2021 жылы қазақстандық QazVac вакцинасы Халал сертификатын алды. Сертификат вакцинаны өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу үдерістерінің дәрілік заттар мен биологиялық белсенді қоспаларға қойылатын Халалдың жалпы талаптарына сай екенін растады.

2024 жылы Астанада қазақтың көрнекті опера әншісі, КСРО және Қазақ КСР халық әртісі Күләш Байсейітоваға арналған жаңа мурал пайда болды. Сарыарқа ауданындағы Конституция көшесінде орналасқан биіктігі 15 метрлік бейне ауқымдылығымен ғана емес, терең мағынасымен де қала тұрғындарының назарын аударды.

2024 жылы Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен мәслихат депутаттарының II республикалық форумы болды. Өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихаттардың қоғамды демократияландырудағы және саяси бәсекелестікті күшейтудегі рөлін атап өтті. Форумда Президент депутаттардың кәсіби біліктілігін жүйелі түрде арттыру, коммуникативтік дағдыларын жетілдіру және азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнату мәселелеріне тоқталды.

2025 жылы Алматы облысының Өтеген батыр ауылында Халық қаһарманы, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына орай ескерткіш пен Мәдениет үйі ашылды. Ашылу салтанатына орай жолдаған құттықтауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ескерткіш халықтың ұлы тұлғаға деген құрметі мен ризашылығының белгісі екенін атап өтті.