3 қыркүйек. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 3 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады. 

3 қыркүйек. Жылнама
Коллаж: Kazinform

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1998 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Алматы облысы Қаскелең ауданының атауы Қарасай ауданы болып өзгерді.

2007 жылы жаңа Қазақстанның тарихында тұңғыш рет барлық қазақстандық оқушылар үшін «Жаңа Қазақстан — жаңа әлемде» интерактивті сабағы өткізілді. Онлайн режимде өткен сабаққа республика бойынша мың мектеп қатысты.

2009 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Ақмола облысының Щучье ауданы Бурабай ауданы деп өзгертілді.

2010 жылы «Еуроспорт» телеарнасы Қазақстанның табысты жас спортшылары туралы «Жас үміт» тележобасын іске қосты. Оның мақсаты — Қазақстанның спорттық әлеуетін көрсету, сонымен қатар циклды бағдарламалар арқылы осы елдің мәдениеті мен құндылықтары жөнінде мағлұмат беру.

2012 жылы Есентуки Кавказ минералды сулары тобына кіретін Ресейдегі ең ірі және танымал емдік суы мен балшықпен емдейтін курортында толық жаңартылған «Қазақстан» санаторийі ашылды.

2013 жылы Қазақстан халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың жүз жылдығына орай үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) «Әлем көшпенді бояуында» атты кітап-альбомы жарық көрді. Бұдан бөлек, суретші отбасының нұсқауымен ресейлік сарапшыларды тарта отырып, деректі фильм түсірілді. 30 минуттық фильмде қылқалам шеберінің тағдыры, өнер жолы сөз болды.

2021 жылы Қостанайда қазақ журналистикасының дамуына баға жетпес үлес қосқан жазушы-журналист Әбілфайыз Ыдырысовқа арналған мемориалдық тақтаның ашылуы өтті. Ғалым ретінде ол тек дәріс оқып қана қоймай, сонымен қатар осы салада теңдесі жоқ оқулықтар жазды.

2021 жылы Түркияда «Қазақфильм» киностудиясында шығарылған «Томирис» көркем фильмі прокатқа шықты. Көрсетілім бүкіл ел бойынша 200-ден астам кинотеатрда өтті. Ұлы дала патшайымы туралы картинаны көрсету құқығына Америка, Ұлыбритания, Италия, Испания, Жапония, Таяу Шығыс, Оңтүстік Корея, ТМД, Сингапур, Румыния және Франция елдерінің дистрибьюторлары ие болды.

2024 жылы Астанадағы Сығанақ көшесі, 1 мекенжайындағы үйдің қабырғасында биіктігі 40 метр, 480 шаршы метр қабырға суреті пайда болған. Мурал «Таза Қазақстан» экоакциясына арналған.

2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) «Қазақ тазысы» ит тұқымын ресми түрде алдын ала тану туралы шешім қабылдап, Қазақстанның тұқым стандартының иегері мәртебесін бекітті.