3 қыркүйек. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 3 қыркүйекке арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

3 қыркүйек. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР

92 жыл бұрын (1929-2020)филология ғылымдарының докторы, профессор, әдеби сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шериаздан Рүстемұлы ЕЛЕУКЕНОВ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Журналистік және ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысты.

Еңбек жолы: 1971-1986 жылдары – Мемлекеттік баспа, полиграфия, және кітап саудасы комитетінің төрағасы. 1986-1988 жылдары – Әдебиет және өнер институтының директоры, 1988-1996 жылдары – осы институттың орыс әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер, оған қоса Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры. «Қазақ романы және қазіргі дәуір», «Замандас парасаты», «Фольклордан роман-эпопеяға дейін», «Мағжан» сияқты ғылым еңбектердің, «Кітаптану негіздері», «Газет жанрлары», «Қазақ кітабының тарихы» және басқа да оқулықтардың авторы.

«Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

82 жыл бұрын (1939-1991) қазақ қыпшақтанушысы, ғалым-археолог Сержан АҚЫНЖАНОВ дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында қызмет істеді. Отандық тарих, археология, ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мәдениетіне арналаған елуден астам ғылыми еңбек жазды. «Ортағасырлық Қазақстан тарихындағы қыпшақтар» атты қыпшақтардың қоғамдық құрылысы, мемлекеттік құрылымдары мен мал шаруашылық түрлері жөніндегі көлемді еңбегі жарыққа шықты. Оңтүстік Қазақстан кешенді археология экспедициясына, Шүлбі, Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедицияларына, сондай-ақ Қазақстан археологиясы тарихында тұңғыш құрылған қазақ-американ халықаралық археологиялық-этнографиялық экспедициясына жетекшілік етті. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының археологиялық технология зертханасын басқарған.

73 жыл бұрын (1948-2014) Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Инженерлік және Халықаралық инженерлік академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нарғозы Тұрсынбайұлы ДАНАЕВ дүниеге келген.

Жамбыл облысы Талас ауданы Майтөбе ауылында туған. 1972 жылы ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) тәмамдаған. КСРО Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесі есептеу орталығында стажер-зерттеуші (1972-1974), сонда аспирант (1974-1977), аға инженер (1977-1982). ҚазМУ-дың аға оқытушысы, доценті (1982-1995), ҚазМУ-дың жанындағы Математика және механика институтының директоры (1995-1997, 2000 жылдан). ҚазМУ-да декан (1997-2000) болды. Негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары есептеу математикасына, сондай-ақ сұйықтық, газ және плазма механикасына арналған.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1994).

61 жыл бұрын (1960) - ақын, жазушы, Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Парламентіндегі өкілдігінің бас инспекторы Әкім Әбдіхайымұлы ЫСҚАҚ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөржар ауылында туған. Шымкент педагогика институтының физика және Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. 1990 жылы – Бөген аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің нұсқаушысы, республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Қызылорда, Шымкент, Жамбыл облыстарындағы меншікті тілшісі. 1991 жылы халық депутаттары Шымкент облыстық кеңесінің баспасөз хатшысы, 1992 жылы Ордабасы ауданы білім бөлімінің меңгерушісі болған. 1995 жылы желтоқсанда баламалы негізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы, жауапты қызметкері, 2004 жылы «Отан» партиясы орталық аппаратының кеңесшісі болған.

2004 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі қызметінде.

Қазақстан парламентаризмінде тұңғыш қазақ тілінде, әрі Үкіметке баламалы негізде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. 1997 жылы «Жыл адамы» атағын алған. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы. «Ерен еңбегі үшін», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Парламентіне 10 жыл», «Астана» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен марапатталған. Моңғолияның «Шыңғысхан» медалінің иесі. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.

60 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры Еркін Әнуарұлы ОҢҒАРБАЕВ дүниеге келген.

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысында туған. СССР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін (1984); СССР Ішкі істер министрлігінің Мәскеу жоғары мектебінің адъюнктурасын (1990) бітірген.

Комсомол комитетінің хатшысы, Қарағанды Жоғары мектебін оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, бөлім бастығы (1984-1996); Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетінің аса маңызды тапсырмалар бойынша аға инспекторы (1996-1997); Қарағанды Жоғары мектебі бастығының ғылыми жұмыс бойынша орынбасары (1997-1999); Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті оқу орындарының басқарма бастығы (1999-2000); Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының кеңесшісі (2000-2003); Қазақ гуманитарлық-заң университетінің проректоры, бірінші проректоры, вице-президенті (2003-2007); Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы (2007-2010); «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингінің» басқарушы директоры – басқарма мүшесі (2010-2011); «Астана» университетінің ректоры (2011-2012); Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заң факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры (2013-2015); Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бірінші проректоры (2015-2016); Қазақстан Республикасы дін істері және азаматтық қоғам министрілігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары, міндетін атқарушы (07.2017-11.2017); Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрілігі Дін істері комитеті төрағасы (11.2017- 09.2018 ). «Отандастар» Қоры» ҰАҚ тәуелсіз директоры (2018) қызметін атқарды.

«Құрмет» орденімен (2006); «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «10 жыл Астана» (2007), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2015); мерейтой медальдарымен; «Астана» естелік медалімен (2006); «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы. Алтынсарин», т.б. төсбелгілермен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие (2011).

59 жыл бұрын (1962) «А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Болатбек Бимендіұлы БАЙМАХАНОВ дүниеге келді.

Қызылорда қаласында туған. Алматы медицина институтының емдеу факультетін (1986) хирург мамандығы бойынша, Т. Рысқүлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің экономика факультетін (2006) экономика бакалавры мамандығы бойынша тәмамдаған. Медицина ғылымдарының докторы (2001). Профессор (2006 жылдан).

1986 жылдан – Қызылорда облыстық ауруханасының дәрігер-хирургі, 1987 жылдан – эндоскопист-дәрігері. 1990 жылдан – А.Н. Сызғанов атындағы Клиникалық және сынақтық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, 1991 жылдан – хирургия бөлімінің ғылыми қызметкері, 1995 жылдан – Алматыдағы хирургия бөлімінің аға ғылыми қызметкері. 2000 жылдан – Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2002 жылдан – Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы. 2003 жылдан – «А.Н. Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығы» РМКК директоры, 2007 жылдан бөлім меңгерушісі (Алматы қ.). 2008 жылдың шілдесінен – Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2011 жылдан – «Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы» АҚ-ның Басқарма төрағасы. 2012 жылдан бастап – Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық емхананың бас дәрігері.

2016 жылдың ақпан айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен (2006), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталған.

37 жыл бұрын (1984) «NUR Media» холдингі бас директорының орынбасары Азизхан Бақытұлы ӘБІЛДИНОВ дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бакалавриат және магистратураны саясаттану мамандығымен; «Қазтұтынуодағы» Қарағанды экономикалық университетін экономика мамандығымен бітірген.

Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде қызмет еткен; «NUR Media» холдингінде ақпараттық және жарнама саясаты департаментінің директоры (03.2017-09.2018); «NUR Media» холдингінің ақпараттық жұмыстар департаментінің директоры (09.2018-04.2019).

Қазіргі лауазымына 2019 жылдың сәуір айында тағайындалды.

«Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен (2014), Мемлекет басшысының, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің және «Nur Otan» партиясының төрағаларының алғыс хат және құрмет грамоталарымен марапатталған. «Nur Otan» партиясының мүшесі (2003 жылдан бері).

35 жыл бұрын (1986) спортшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, Олимпиада жүлдегері, бірнеше дүркін халықаралық жарыстар жеңімпазы Ақжүрек Достықұлы ТАҢАТАРОВ дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. 2012 жылы Лондондағы Жазғы Олимпиада ойындарында 66 кг салмақ дәрежесінде Қазақстанның намысын қорғап, қола жүлдегер атанды.