3 маусым. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 3 маусым күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
61 жыл бұрын (1963) Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Қосманқызы ТӨЛЕНДИНА дүниеге келді.

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының Фрунзе ауылында туған. 1985 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын стоматология мамандығы бойынша, 2002 жылы Қарағанды жкономика университетін экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1984 жылы № 2 Қарағанды қалалық балалар ауруханасының медбикесі болып бастаған. 1985 жылы Сәтбаев қаласының тіс жөндеу поликлиникасының тіс дәрігері, 1998-2008 жылдары «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, 2008 жылы «Сәтбаев қаласының мемлекеттік мұрағаты» мемлекеттік мекемесінің директоры болып жұмыс істеді.
Сәтбаев қалалық мәслихатының IV, V, VI шақырылымдарының депутаты, «Нұр Отан» депутаттық фракциясының төрайымы болған.
Қазіргі қызметінде — 2017 жылдың 1 наурызынан.
ҚР Президентінің алғыс хатымен бірнеше рет мараптталған, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Белсенді қызметі үшін» «Нұр Отан» партиясының, «Қазақстан Республикасының Мәслихатына 20 жыл», «Қазақстан Даңқы» медальдарымен марапатталған.
55 жылбұрын (1969) Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы БЕЙСЕМБАЕВдүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Еңбек жолы: 1986-1989 жылдары Қызылорда облысы Шиелі аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, 1989-1990 жылдары қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Алматы облысы Іле ауданы № 14 орта мектебінің «Жас талап» клубының жетекшісі, 1990-1995 жылдары Алматы облысы Талғар ауданы № 14 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі пәнінің мұғалімі, 1995-1997 жылдары Алматы облысы Іле ауданы № 12 орта мектебінің директоры, 1997-2000 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы президентінің ғылыми хатшысы, кеңесшісі қызметін атқарған. 2000-2001 жылдары Алматы облысы Қапшағай қаласының білім бөлімінің басшысы, 2001-2006 жылдары Алматы қаласының қосымша білім беру орталығының директоры, 2006-2007 жылдары АТУ жанындағы техникалық-экономикалық колледжінің директоры, 2006 жылдан «EDTECH» халықаралық білім беру орталығының бас директоры, 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, 2022 жылы ҚР Білім және ғылым вице-министрі, 2022-2023 жылдары ҚР Оқу-ағарту вице-министрі лауазымын атқарды.
2023 жылдың қаңтарынан бастап қазіргі қызметінде.
«Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медалімен және басқа да медальдармен марапатталған; «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері.
46 жыл бұрын (1978) Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Ғабит Амангелдіұлы САДЫРБЕКОВ дүниеге келді.

Ақмола облысында дүниеге келген. 1999 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолы: 2001 жылы Астана қаласы прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары қызметінде болды. Кейін Бас прокуратураның бөлім бастығы; Бас прокуратураның басқарма бастығы; Бас прокуратураның департамент бастығы; Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы институтының директоры; Алматы қаласы Алатау ауданының прокуроры; ҚР Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау және сот жүйесі бөлімінде жұмыс істеді; «Қазкоммерцбанк» АҚ бас банкінің проблемалық қарыздармен жұмыс жөніндегі департаменті директорының орынбасары; «Казкоммерцбанк» АҚ Алматы филиалы директорының портфель сапасын басқару жөніндегі орынбасары; «Банк РБК» АҚ проблемалық қарыздармен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры; «Цеснабанк» АҚ Басқарушы директоры; 2020-2021 жылдары «Tengri Bank» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі, 2021-2022 жылдары ҚР Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің аппарат басшысы, 2022-2023 жылдары ҚР Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған.
2023 жылдың қазан айынан бастап қазіргі қызметінде.
101 жыл бұрын (1923-2015) суретші және анимациялық кино режиссері, қазақ мультипликация өнерінің негізін қалаушы Әмен Әбжанұлы ҚАЙДАРОВ дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Мәскеудегі Кинематография институтының көркемсурет бөлімін бітірген. «Қазақстан әйелдері», «Ара» журналдары редакцияларында істеген. 1965 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарған. 1976-1981 жылдары Қазақстан Кинематографияшылар одағы басқармасының мультипликациялық кино және шығармашыл жастар арасындағы жұмыс жөніндегі хатшысы болған. 1967 жылы Қайдаровтың салған суреті бойынша «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі жасалған. Аталмыш туынды Санкт-Петербург қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда, Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалінде жүлдеге ие болған. Сондай-ақ оның «Ақсақ құлан», «Құйыршық», «Қожанасыр құрылысшы», «Жанар», «Күн сәулесінен пайда болған көжек», «Қырық өтірік», т. б. мультфильмдері бар.
«Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.