3 мың ауылдың тұрғындары жылжымалы дәріханалар арқылы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Дәріханалары жоқ 3 мыңнан астам елді мекеннің тұрғындары жылжымалы дәріханалар және бастапқы медицина-санитарлық жәрдем нысандары арқылы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен pm.kz сайтына.
«3 мың ауылдың тұрғындарына жылжымалы дәріхана пункттері мен бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем нысандары арқылы дәрілік заттармен қамтамасыз етілді», - делінген ведомство хабарламасында.
Оған қоса, зейнеткерлерге, мүгедектерге және тұрмысы төмен азаматтарға 2012 жылдан бастап дәрі-дәрмектер тегін берілуде. Және биылдан бастап склероз, балалар гемофилиясы, онкогематология, онкология сияқты ауруларға қажетті қымбат дәрі-дәрмектер республикалық бюджеттің есебінен сатып алынады.
Биыл сондай-ақ, амбулаториялық науқастарды дәрілермен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттерден 23 млрд. астам теңге, республикалық бюджеттен 28 млрд.-қа жуық теңге бөлініп отыр.
«Бұл шаралар барлық тұрғындардың сапалы дәрілік заттарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге және қаржы ресурстарын тиімді жұмсауға бағытталып отыр»,- делінген ведомство хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халыққа тегін және жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесі күшіне енді. Бұл тізбеге 37 нозология кіреді.
Халықтың сапалы дәрілік заттарға қолжетімділігін арттыру үшін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша амбулаторлық дәрілік қамту жүйесін жетілдіру, тегін берілетін дәрілік заттарға деген халықтың қолжетімділігін арттыру (әсіресе ауылдық жерлерде) қарастырылып отыр.