3 мың домбыра жасаған шебер: Әрбір бөлшегіне мән берем

Әкесі қолөнер бұйымдарын әзірлейтін. Біржан бала кезінен ол кісінің шеберханасына жиі бас сұғатын еді. Алғашқы бұйымдарды мектепте оқып жүрген кезінен бастады. Қолөнерге ерекше қызығушылық білдірген Біржан беріде Алматы қаласындағы «Шертер» компаниясында біліктілігін арттырды. Мол тәжірибе жинады. Онда сегіз жылдай еңбек етті. Беріде қайтадан туған топыраққа оралып, атадан қалған өнерді ардақтай түсті.
Қазір Біржан ағаштан көптеген бұйымдармен жасап келеді. Дегенмен қолы қалт еткен сәтте негізгі кәсібі - домбыра жасауға бүйрегі бұрады. Қазақ халқының көнеден жеткен үнінде музыкалық аспапты ең қысқа дегенде он күнде әзірлейді. Кейбірі үш айға дейін созылады.
«Мен домбыраны үйеңкі, қайың, полесандра ағаштарынан әзірлеймін. Еліміздің өзге өңірлерінен тапсырыс беретін азаматтар бар. Домбыраны олардың тапсырыс беруіне қарай жасаймын. Құрамалы, шауып та жасайтын домбыралар бар», - деді Біржан Ділманов.
Шебер бүгінгі күнге дейін 3 мыңнан астам домбыра жасап шыққан екен. Кезінде әкесінен үйренген тәлімін қазір шәкірттеріне үйретіп келеді. Біржанның шеберханасында жас өрендер жиі бой көрсетіп жатады. Олар да түрлі музыкалық аспаптар жасауға көңіл бөледі.
Оның айтуынша, көкіректен төгілген күйге тіл бітіретін дүние - сапалы жасалған домбыра екені белгілі. Сондықтан оның әрбір бөлшегіне маңыз беріп қарау қажет. Шеберлердің өзі домбыраны шерте білгені дұрыс. Сонда ғана сапалы дүние шығады.
«Шебер музыкалық сауатты болғаны артық емес. Біз қазақтың музыкалық аспабының 52 түрін білеміз және солардың барлығын жасай аламыз. Атап айтсақ, домбыраның құрама, шабылған түрлері бар. Құрастырған домбыра 5-6 күн уақытты алса, шауып жасайтын домбыраның дайын болуы он бес күнге созылады. Жас ерекшелікке де мән береміз. Алты жасқа дейінгі балаларға көлемі 32 сантиметрлі домбыра жасалады. Алты мен он екі жас аралығындағы өрендерге 40 сантиметрлігін әзірлейміз. Біз домбырадан басқа қылқобыз, жетіген, прима қобыз, бас домбыра, контрабас прима жасаймыз. Сондай-ақ, халықтың өміріне қажетті сандық, бесік, естелікке беретін дүниелерді құрастыра береміз», - деді қолөнер шебері.
Ол келешекте жұмыс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сосын шеберханада еңбек ететін адамдар санын арттыруға көңіл бөлмекші.