3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжаһан Бимендина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол Жер кодексіне енгізілуі жоспарланып отырған өзгерістер мен осы бағытта қолға алынған шаралардың барысы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер телімін беру мәселесіне айрықша тоқталып өтті.
«Ел азаматтарын 10 сотық жер телімімен қамтамасыз етудегі басты мәселелердің бірі елді мекендер аумағында бос жерлердің болмауы. Ал бұған дейін қамтылған жерлерді алу мәселесі ағымдағы заңнамада қарастырылмаған. Осы ретте, жаңа заңнамада халық сұранысына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін мемлекеттік қажеттілікке жатқызу қарастырылуда», - деп атап өтті Бимендина.
Сонымен қатар, ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың заңдылығын тексеру барысында 3 мыңға жуық заң бұзушылықтардың анықталғанын және олардың мемлекетке қайтарылатынын айтты.