3 өңірде өңдеу өнеркәсібінің көлемі өсті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2020 жылы өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетті. Өңдеудің өсім қарқыны 3,9 пайызға дейін жеделдеді. Бұл ретте, ОПЕК+ келісімінің аясында мұнай өндірісінің қысқаруы салдарынан кен өндіру өнеркәсібі 3,7 пайызға төмендеді. Нәтижесінде, жалпы өнеркәсіптің нақты көлем индексі 99,3 пайызды құрады», -деді Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі бойынша 12 өңір өсім көрсетті.
«Жоғары өсім Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. 4 өңірде төмендеу тіркелді. Олар Қызылорда, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы», - деді министр.