3 тоқсанда азық-түлік өнімдерінің барлық негізгі топтары бойынша тұтынудың өсуі байқалды
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылғы 3 тоқсанда өткен жылдың тиісті кезеңiмен салыстырғанда азық-түлік өнімдерінің нан және жарма өнімдерінен басқа барлық негізгі топтары бойынша тұтынудың өсуі байқалды. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.
«Қазақстан Республикасы үй шаруашылықтарындағы (халықтың орташа жан басына шаққанда) ең көп тұтынатын сүт және сүт өнімдері, ең аз тұтынатын балық және теңіз өнімдері болып табылады. Сонымен қатар, 2011 жылғы 3 тоқсандағы қалалық және ауылдық жерлердегі халықтың тамақ өнімдерінің негізгі түрлерін тұтынуын салыстырғанда ең жоғары дифференциация нан мен жарма өнімдерін және жұмыртқаны тұтыну бойынша байқалады», - делінген баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Бұдан бөлек, агенттік 2011 жылғы 3 тоқсанда халықтың тамақ өнімдерінің негізгі түрлерін тұтынудың (халықтың орташа жан басына шаққанда) өңірлік аспектісін қарастыра отырып, облыстар бойынша ең көп және ең аз тұтынатын тамақ өнімдерінің ара салмағын да жіктеп шығыпты. Оған сәйкес, нан өнімдері және жарма өнімдерін ең аз тұтынанын Астана қаласы (24,3 келі) болып белгіленсе, ең көп тұтынатын облыс Қызылорда (37,0 келі) болып отыр. Сонымен қатар, республика бойынша ет және ет өнімдерін ең аз тұтынатын Оңтүстік Қазақстан облысы (10,0 келі) болса, ет тұтынудан бірінші орынға Алматы қаласының тұрғындары (20,1 келі) шығып отыр. Сондай-ақ, деректерге сүйенсек, көкөністерді ең аз тұтынатын Солтүстік Қазақстан облысы (19,8 келі) болса, Қызылорда (32,5 келі) ең көп тұтынатын өңір болып табылады.