3 желтоқсан күні Астанадағы «Алау» Мұз сарайында бұқаралық коньки тебу маусымы ашылады

None
None
АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Сенбі, 3 желтоқсан күні Астанадағы «Алау» Мұз сарайында бұқаралық сырғанау маусымы ашылады. Бұл туралы Мұз сарайының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Алаудағы» бұқаралық коньки тебу - қала тұрғындары мен қонақтары үшін спортпен шұғылдануды барынша қолжетімді ету мақсатын тұтатын - әлеуметтік жоба. Сол себепті де, бұқаралық сырғанау кезінде бағалар барынша төмендетілді. Мәселен, аренаға кіру билеті - 4 сағатқа 500 теңге тұрады. Конькилерді жалға алу құны да осындай - 1 сағатқа 500 теңге.

Аренада дәмхана, демалу орны, балалардың ойын алаңы мен Wi-Fi бар.

«Алау» мұз сарайына көпшіліктің қолжетімдігін қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші кезеңінде спортшылар үшін халықаралық деңгейдегі жарыстар мен жаттығуларды өткізуге жағдайлар жасалды. Екінші кезеңде Мұз сарайында балалар спортын дамыту бөлімі ашылып, конькимен жүгіру, допты және шайбалы хоккей, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау бойынша секциялар ашылды. Балалар үшін жаттығулар тегін жүргізіледі.

Үшінші кезеңде кешен қонақтары үшін жайлы қонақ үй мен мейрамхана ашылды. Сондай-ақ ірі жарыстар өтетін күндері жұмыс істейтін жылдам тамақтану орындары іске қосылды. Келесі қадам - бұқаралық сырғанаулар.

Соңғы жаңалықтар