3 жыл ішінде Қазақстанда мемлекеттік сот орындаушыларының саны күрт азаяды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үш жыл ішінде Қазақстандағы мемлекеттік сот орындаушыларының саны 70 пайызға қысқарады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінеде өтіп жатқан Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мүшелерінің баспасөз мәслихатында ҚР Президент Əкімшілігі жетекшісінің орынбасары Марат Бекетаев мəлім етті.

3 жыл ішінде Қазақстанда мемлекеттік сот орындаушыларының саны күрт азаяды

Оның айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда азаматтық іс жүргізуде прокурордың қатысуы 35 пайызға қысқарған.Сондай-ақ, жеке сот орындаушылардың уəкілеттіліктері де айтарлықтай кеңейген.

«Жыл басынан бері екі жарым ай уақытта жекеменшік сот орындаушыларға 250 мың іс түскен. Бұл өткен жылдың сəйкес мерзімімен салыстырғанда, екі есе артық көрсеткіш. Ал, өз кезегінде, мемлекеттік сот орындаушылар да осы жылдың екі айы уақытында өткен жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда төрт есеге кем, яғни, 47 мың іс түскен. Үш жыл ішінде мемлекеттік сот орындаушылардың саны 70 пайызға қысқартылады»,-деп хабарлады М.Бекетаев.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваның қатысуымен өтіп жатқан баспасөз мәслихатының тақырыбы - «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іс жүзіне асыру».