3 жылда Астанада 89 бала өзіне қол жұмсауға талпынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы үш жылда Астанада 89 бала өзіне-өзі қол жұмсауға талпынды. Бұл жайында бүгін елордадағы Тамыз кеңесінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.
«Тек соңғы үш жылда елордада кәмелет жасына толмағандар арасында суицидке талпынған 89 оқиға тіркеліп, оның 14-інде балалар көз жұмды»,- деп тоқталды әкім. Осы орайда мұндай жағдайлар негізінен Интернетке байланысты екенін, яғни коммуникацияның ауқымды құралы ретінде ол суицид туралы ақпараттарды көптеп таратындығын сөз етті. «Желі ресурстарының талдауына қарағанда, өзіне-өзі қол жұмсау мәселесі ғаламторды пайдаланушы балалардың ауқымды бөлігі арасында кең тараған тақырыпқа айналған»,- деді ол. Мұнымен қоса суицидтік әрекеттерге ересектер тарапынан түсінбеушілік, оның ішінде мұғалімдер жағынан болатын қысым ықпал ететіндігі айтылды. «Бұл пікірді сауалнамаға қатысқан оқушылардың 35 пайызға жуығы алға тартып отыр. Осындай жағдай мектеп бағдарламасына психология пәнін енгізу мәселесін көтертті. Ол өз кезегінде ата-аналарға және барша қоғамға балаларды азғындықтан қорғауға және әлеуметтік және зияткерлік тұрғыда қорғалған балаларды тәрбиелеуге септігін тигізуі тиіс», - деді И.Тасмағамбетов.