30 қазан. Тұлғалар туған күн
Бүгін, 30 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.
ЕСІМДЕР
85 жыл бұрын (1939) кеңестік, қазақ театр актрисасы, Қазақ КСР Еңбегі сіңген әртісі Рымкеш ОМАРХАНОВА дүниеге келді.
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, Жаңа негіз бөлімшесі Сарытау ауылында туған.
1959-1965 жылдары Қарағанды музыкалық училищесінде оқыды.
Еңбек жолы: 1957 жылы халық театрының актрисасы, 1963 жылы Қарағанды қаласы С.Сейфуллин атындағы облыстық театр актрисасы, 1973-1975 жылдары екінші шақырылымдағы халық депутаттары облыстық Кеңесінің депутаты, 1980-1982 жылдары Қарағанды қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты, 1990 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актрисасы (Астана) болып қызмет атқарған.
Р.Омарханова өзінің өнер саласындағы көп жылдық еңбегінде көптеген дипломдармен, мақтау қағаздарымен марапатталған. «Құрмет белгісі» (1976), «Құрмет» (2014) ордендерімен, медальдармен марапатталған. 1982 жылы оған Қазақ КСР Еңбегі сіңген әртісі құрметті атағы берілді.
69 жыл бұрын (1955) Ақмола облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Жабал Ерғалиұлы ЕРҒАЛИЕВ дүниеге келді.
Көкшетау облысы Чкалов ауданының (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы) Қарағаш ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. 1973-2005 жылдары «Көкшетау» газетінде кіші әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бас редактор болған. 2005-2011 жылдары Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, 2011-2017 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болған. 2019 жылдан бастап ҚР Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
Қазіргі қызметін 2024 жылдың мамырынан бері атқарып келеді.
44 жыл бұрын (1980) Балқаш қаласының әкімі Сапар Қайыркенұлы САТАЕВ дүниеге келді.
Қарағанды облысының тумасы. 2009 жылы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «автомобиль жолдары мен аэродром құрылысы» мамандығымен тәмамдаған.
Еңбек жолын 2002 жылы «Қазақавтожол» РМК-да бастаған. 2002-2010 жылдары «Ботақара су қожалығы» КМҚК директорының орынбасары, директордың міндетін атқарушы болды. 2010-2013 жылдары Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Ботақара кентін басқарды. 2013-2015 жылдары Қарағанды облысы Абай ауданы Абай қаласының әкімі болды. 2015-2021 жылдары Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары, ал 2021-2023 жылы Приозерск қаласының әкімі қызметін атқарды.
Қазіргі қызметінде 2023 жылдың мамырынан.
43 жыл бұрын (1981) қазақстандық опера әншісі (тенор) Медет Мұхамедсадықұлы ШОТАБАЕВ дүниеге келді.
Семейде туған. 2003 жылы Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжінің вокал бөлімін бітірген. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «Жеке ән айту» мамандығы бойынша тәмамдады. 2008 жылы Рената Тибальди мен Марио дель Монако атындағы академияда оқыған (Пезаро, Италия).
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында солист болып қызмет еткен. 2013 жылдан бастап – «Астана Опера» МОБТ опера жетекші солисі.
Шақырылған солист ретінде Graz Opera театрында (Австрия) В.Беллинидің «Норма» операсының премьерасында Поллион, Братислава Опера театрында (Словакия) және Teatro Municipal (Сан-Паулу, Бразилия) П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсындағы Ленский, Женева Үлкен театрында (Швейцария) және Карло Феличе театрында (Генуя, Италия) Дж.Пуччинидің «Богема» операсындағы Рудольф партияларын орындады.
Қазақстан жас орындаушыларының IV республикалық байқауының II сыйлық лауреаты (2003), Ұлы Абайдың 160 жылдығына арналған облыстық байқаудың бас жүлде иегері (2005), «Шабыт» IX халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің бас жүлде иегері (2006), Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер байқауының I сыйлық лауреаты (2007), Беньямино Джильи атындағы халықаралық байқауының дипломанты (Порто-Реканати қ., Италия, 2008), Глинка атындағы XXIII халықаралық байқауының I сыйлығы мен үздік тенор арнайы сыйлығының иегері (Мәскеу, 2009), «XXІ ғасыр өнері» халықаралық байқауының бас жүлде иегері (Финляндия, 2009), «Келешектің үздік дауыстары» халықаралық байқауының III сыйлық лауреаты (Париж, 2010), «Опералия-2011» байқауының қатысушысы, Румыниядағы Х. Даркле атындағы халықаралық вокалистер байқауының бас жүлде иегері (2012), Arena di Verona қорының Х халықаралық опера әншілері байқауының жеңімпазы (Италия, 2013), ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының лауреаты (2018), Италия Жұлдызы Орденінің Кавалері (2018), «Қазақстанның 100 жаңа есімі» Ұлттық жобасының жеңімпазы (2018).
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.