30 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 30 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Календарь Казинформа
Фото: Kazinform

84 жыл бұрын (1939) кеңестік және қазақ театр актрисасы, Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханова дүниеге келді.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Сарытау ауылында дүниеге келген.

1965 жылы Қарағанды қаласындағы музыкалық училищені бітірді.

1962-1963 жылдары - Қарқаралы аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, 1963-1990 жылдары - Қарағанды облыстық драма театрында актриса. 1990 жылы Целиноград қаласы әкімдігінің шақыруымен қазіргі Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының ашылуына атсалысып, бүгінгі күнге дейін осы өнер ордасында еңбек етіп келеді.

Сахнада Еңлік, Шолпан, Ақбала, Текті, Мөржан, Сәруар (М. Әуезов «Еңлік - Кебек», «Айман - Шолпан», «Қарагөз», «Түнгі сарын»), Баян, Күнікей, Мақпал, Дәмелі (Ғ. Мүсірепов «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Ақан сері - Ақтоқты»), Қарлығаш (М. Әуезов пен Л. Соболев «Абай»), Бәтес, Қалиса (С. Мұқанов «Мөлдір махаббат»), Майра (Ә. Тәжібаев «Майра»), Хадиша (С. Жүнісов «Қысылғаннан қыз болдығын»), Салиха, Зейнеп (Д. Исабеков «Мұрагерлері», «Ескі үйдегі екі кездесу»), Таңқабике (М. Кәрім «Ай тұтылған түн»), Катерина (А.Н. Островский «Найзағай») рөлдерін сомдаған.

Гастрольдік сапармен Қарақалпақстан мен Башқұртстанда өнер көрсеткен.

«Құрмет белгісі» орденімен (1976); «Құрмет» (2014), «Тың жерлерді игергені үшін» (1969) медальдарымен марапатталған. «Еңбек ардагері» (1984); Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі (1982) құрметті атағына ие.

51 жыл бұрын (1972) қазақстандық дзюдошы және самбошы, Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан Әділбекұлы СЕЙІЛХАНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бозанбай ауылында дүниеге келген. 12 жасынан бастап дзюдо және самбомен айналысады.

Дзюдода жетістіктері: 1996 жылы Хошимин қаласында өткен Азия чемпионатының 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегері; 1997 жылы Манилада өткен Азия чемпионатында 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдегері; 81 келіге дейінгі салмақта 1998 жылы Бангкокта өткен Азия ойындарының қола жүлдегері; 2000 жылы Осакадағы Азия чемпионатының 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегері.

Самбодағы жетістіктері: 1992 жылы 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әлем Кубогының иегері, 1993 жылы әлем чемпионатында күміс, 1994 жылғы чемпионатта қола жүлгер атанды. 1994 жылы 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы болды.

Қазақ күресінен еліміздің алты дүркін чемпионы.

48 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Асқар Абылайұлы ЫДЫРЫСОВ дүниеге келді.

Жезқазған қаласында туған. 1997-1998 жылдары - О.А. Байқоныров атындағы Жезқазған университетінде «Тау кен машиналары мен жабдықтары» кафедрасының көмекшісі.

Еңбек жолы: 1999 жылы - Астана қаласында ҚР шағын бизнесті қолдау бойынша агентігінің жетекші бас маманы. 1999-2001 жылдары - Астана қаласында ҚР шағын бизнесті қолдау және бәсекелестікті қорғау, табиғи монополияны қалыпқа келтіру бойынша агентігінің бас маманы. 2001 жылы - «Казахойл-Продактс ЖАҚ «ННК «Казахойл» ЖШС маманы қызметін атқарған. 2002 жылы ҚР шағын бизнесті қолдау және бәсекелестікті қорғау, табиғи монополияны қалыпқа келтіру бойынша агентігі басқармасының басшысы. 2002-2003 жылдары - ҚР Сауда және индустрия министрлігінің шағын бизнесті қолдау бойынша басқару комитеті басшысының міндетін атқарушы; ҚР Сауда және индустрия министрлігінің шағын бизнесті қолдау бойынша басқару комитетінің басшысы. 2003-2008 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде бөлім консультанты, бас сарапшы; сектор меңгерушісі. 2007-2008 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің сектор меңгерушісі; ҚР сауда және индустрия министрлігінің талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры. 2008-2012 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2012-2013 жылдары - Қарағанды облысы әкімі аппаратының басшысы. 2013 жылы - Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының әкімі. 2013-2016 жылдары - «Нұр Отан» партиясы активін басқару департаменті инспекторы, директор орынбасары, директоры. 2016-2023 жылдары - Қарағанды облысы Сәтбаев қаласының әкімі.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді.

43 жыл бұрын (1980) Балқаш қаласының әкімі Сапар Қайыркенұлы САТАЕВ дүниеге келді.

Қарағанды облысының тумасы. 2009 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «автомобиль жолдары мен аэродром құрылысы» мамандығымен тәмамдаған.

Еңбек жолын 2002 жылы «Қазақавтожол» РМК-да бастаған. 2002-2010 жылдары «Ботақара су қожалығы» КМҚК директорының орынбасары, директордың міндетін атқарушы болды. 2010-2013 жылдары Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Ботақара кентін басқарды. 2013-2015 жылдары Қарағанды облысы Абай ауданы Абай қаласының әкімі болды. 2015-2021 жылдары Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2021-2023 жылдары Приозерск қаласының әкімі.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың мамырынан бері атқарады.

42 жыл бұрын (1981) қазақстандық опера әншісі (тенор) Медет Мұхамедсадықұлы ЧОТАБАЕВ дүниеге келді.

Семей қаласында дүниеге келді. 2003 жылы М. Төлебаев атындағы музыка колледжін аяқтаған. 2006-2008 жылдары Ренат Тибальди атындағы және Марио Дель Монако (Пезаро, Италия) халықаралық академиясын бітірген. Театр репертуарының опералық спектаклдерінде жетекші партияларды орындайды.

Театрда қызмет атқару барысында театр өнерінің көрермендері мен табынушылары арасында танымдылыққа ие болған көптеген қойылымдарға қатысты.

Қазақстан жас орындаушыларының IV Республикалық байқауының 2 сыйлық лауреаты (2003), Ұлы Абайдың 160 жылдығына орай аймақтық байқаудың Гран-при иегері (2005), «Шабыт» IX Халықаралық фестивалінің Гран-при иегері (2006), Б. Төлегенова атындағы Халықаралық вокалшылар байқауының 1 сыйлық лауреаты (2007), Беньямино Джильи атындағы Халықаралық байқаудың дипломанты (Порто-Реканати қ., Италия, 2008), Глинка атындағы XXIII Халықаралық байқаудың 1 сыйлығы мен үздік тенор арнайы сыйлығының иегері (Мәскеу, 2009), «XXІ ғасыр өнері» Халықаралық байқауының Гран-при иегері (Финляндия, 2009), «Опералия-2011» байқауының қатысушысы; Румыниядағы Х. Даркле атындағы Халықаралық вокалшылар байқауының Гран-при иегері (2012), Веронада Халықаралық опералық әншілер байқауында 1-орын (Италия), «Morcello Giordani» Халықаралық байқауының ІІІ сыйлық лауреаты (2012), «Leylya Gencer» Халықаралық байқауының финалисты (2012), Қазақстанда «Алтын Адам- Человек года» арнайы сыйлық иегері – «Отандық опералық сахнаның болашақ жұлдызы» (2012), V Ұлтаралық партиоттар форумының дипломанты (2012).

Әртістің кәсіби, шығармашылық әлеуеті жоғары деңгейде. Көптеген опералық қойылымдарда жетекші партияларды орындады: Герцогтің партиясы («Риголетто» Дж. Верди, Немориноның партиясы («Любовный напиток» Г. Доницетти), Рудольфтың партиясы («Богема» Дж. Пуччини), Пинкертонның партиясы («Мадам Баттерфляй» Дж. Пуччини), Каварадоссидың партиясы («Тоска» Дж. Пуччини), Ленскийдің партиясы («Евгений Онегин» П. Чайковский), Альфредтың партиясы («Травиата» Дж. Верди), Төлегеннің партиясы («Қыз Жібек» Е. Брусиловский).

«Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие, «Алтын Адам» Ұлттық сыйлығының «Қазақстанның жыл адамы-2011» лауреаты, «Отандық опера сахнасының көтерілген жұлдызы» арнайы марапаттарының лауреаты (Алматы, 2011 ж.), ҚР Тұңғыш Президенті Қоры сыйлығының лауреаты.

Италия жұлдызы орденінің кавалері (26.03.2018).