30 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 30 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

Туған күн
Фото: Kazinform

Сарбас АҚТАЕВ, жазушы-публицист, ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

 Сарбас АҚТАЕВ
Фото: anatili.kazgazeta.kz

1934 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Қарағанды педагогикалық институтын тәмамдаған.

Еңбек жолын аудандық «Колхоз жолы» газетінде жауапты хатшы болып бастады. Кейін мектепте мұғалім, республикалық «Ара» – «Шмель» журналында қызмет етті. Алматы облыстық «Жетісу» газетінің, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің редактор орынбасары, «Халық кеңесі» газетінің және «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.

1963 жылы ақынның «Тұңғыш кітап» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Ол өлеңдер жинақтарының, тарихи очерктер мен эсселердің, сондай-ақ «Тұңғыш кітап», «Дала туралы толғау», «Қапшағай хиқаясы», «Бұлар бірінші болып еді», «Абылай хан», «Ханзаданың қасіреті», «Оқ жетпес», «Қазақ ханымдары» атты повестердің авторы.

А.Пушкиннің, Т.Шевченконың, И.Тургеневтің, А.Майковтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Шығармашылық жолындағы соңғы ірі еңбектерінің бірі – «Ежелгі Грекия аңыздары мен мифтері» кітабының аудармасы. Сонымен қатар Э.Сетон-Томпсон, М.Шолохов, В.Обручев, Н.Анов, А.Джапар-заде, Р.Фраерман, Д.Мамин-Сибиряк шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.

«Құрмет белгісі» орденімен екі рет, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен екі рет және Қазақстан Жазушылар одағының сыйлығымен марапатталған.

Талғат НҰРҒОЖИН, қазақстандық ғалым, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Талғат Сейтжанұлы НҰРҒОЖИН
Фото: kazgazeta.kz

1967 жылы дүниеге келген. 1992 жылы Томск мемлекеттік медицина университетінің әскери-медицина факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетінің фармакология кафедрасында ассистент болып бастады. 1997-1998 жылдары осы кафедрада аға оқытушы қызметін атқарды. 2000-2001 жылдары Қарағанды медициналық институтының жалпы және клиникалық фармакология кафедрасында ассистент, 2001-2009 жылдары Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің жалпы және клиникалық фармакология кафедрасында доцент болды. 2006-2009 жылдары Алматы мемлекеттік дәрігерлер мен профессорлардың біліктілігін арттыру институтында клиникалық фармакология кафедрасының профессоры, клиникалық және ұйымдастыру-экономикалық жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарды. 2009 жылы Денсаулық сақтауды дамыту институты директорының орынбасары, кейін 2009-2011 Ұлттық медициналық холдингтің басқарушы директоры болды. 2011-2015 жылдары трансляциялық медицина, сапалы ұзақ өмір сүру және жаһандық денсаулық департаментінің директоры қызметін атқарды. 2015-2017 жылдары Назарбаев Университеті Ұлттық зертханасының Эксперименттік және клиникалық фармакология институтын басқарды, Өмір туралы ғылымдар орталығының директоры болды. 2017-2022 жылдары С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры қызметін атқарды.

«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2017), «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» (2020) медальдарымен және «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2005) төсбелгісімен марапатталған.

Қуат БАХРИДИНОВ, «Nur.kz интернет-порталы» ЖШС-ның бас директоры

Қуат БАХРИДИНОВ
Фото: tkt1957.com

1979 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. «Әділет» жоғары құқық мектебін «Құқықтану» мамандығы бойынша, Амстердам университетінің Құқық мектебінің магистратурасын тәмамдаған.

Еңбек жолын «Филип Моррис Қазақстан» АҚ-да құқық мәселелері жөніндегі маман болып бастады. 2007-2008 жылдары «Caspian Gas Corp» компаниясының құқық мәселелері жөніндегі вице-президенті болды. 2010-2011 жылдары «G-media» АҚ мен «Alem Communications Holding» ЖШС телекоммуникациялық холдингінде басшылық қызметтер атқарды. 2011 жылы холдингтің бас директоры, басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2011-2014 жылдары «DigitalTV» ЖШС-ның, 2014-2016 жылдары «ЭРА» («Седьмой канал») телекомпаниясының бас директоры болды.

Қазіргі қызметін 2016 жылдың шілде айынан бастап атқарып келеді.

Гаухар БӨРІБАЕВА, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның еншілес «Халық-Life» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы

Гаухар Асылбекқызы БӨРІБАЕВА
Фото: kapital.kz

1983 жылы дүниеге келген. 2004 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша, 2006 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2015 жылы Ұлыбританияның Лондон қаласындағы The London College UCK оқу орнында бизнес-менеджмент саласындағы магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2003-2004 жылдары Оңтүстік Кореяның Green Integrated Logistics Co. LTD көлік компаниясында менеджер болып бастады. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-да қаржылық мониторинг бөлімінің бас маманы болды. 2006-2009 жылдары «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-да жобаларды кредиттеу департаментінің бас менеджері, Жобалық дирекцияның фронт-менеджері қызметтерін атқарды. 2009 жылы «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-ның инвестициялық жобаларды әкімшілендіру департаментінде, 2009-2010 жылдары «Альянс Банк» АҚ-ның корпоративтік бизнес департаментінде бас менеджер болды. 2010-2011 жылдары «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Жобалық дирекциясы басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2011-2013 жылдары «Ұлттық көлік-логистика жүйесін дамыту орталығы» АҚ-ның (қазіргі «ҚТЖ Express» АҚ) даму жөніндегі атқарушы директоры, 2013 жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның Көлік-логистиканы дамыту орталығы филиалының стратегия және талдамалық зерттеулер басқармасының бастығы болды. 2013-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасына қарасты ұйымның қаржы-экономикалық мәселелер жөніндегі вице-президенті қызметін атқарды. 2017 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әкімшілік департаментінің директоры, 2017-2018 жылдары басқарушы директоры, 2018-2019 жылдары басқарма төрағасының орынбасары болды. 2019-2025 жылдары «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды. 2025-2026 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі болды.

Қазіргі қызметіне 2026 жылдың сәуір айынан бастап кірісті.

2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Жүсіп ЖҰМАҒҰЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары

Жүсіп Жұмағұлов
Фото: СҚО әкімдігі

1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2015 жылы KIMEP университетін «Іскерлік әкімшілендіру» мамандығы бойынша, 2017 жылы М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ-ды құқық магистрі дәрежесімен, 2020 жылы Назарбаев Университетін мемлекеттік басқару магистрі дәрежесімен тәмамдаған.

Еңбек жолын 2013-2015 жылдары Алматы қаласындағы «Вариант Люкс» ЖШС-ның қоғаммен байланыс жөніндегі директор орынбасары болып бастады. 2015 жылы «Астана – Жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын әкімшілендіру басқармасында қоғамдық қызметкер, кейін Астана қаласының Инвестициялар және даму басқармасында инновациялар және инвестициялар бөлімінің бас маманының міндетін атқарушы болды. 2016 жылы аталған басқармада бас маман қызметін атқарып, сол жылы Астана қаласы әкімдігінің «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ басшысының орынбасары болып тағайындалды. 2017-2018 жылдары осы орталықты басқарды. 2018-2019 жылдары Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы басшысының орынбасары, 2020-2022 жылдары Астана қаласы әкімінің аппаратында басшының орынбасары қызметтерін атқарды. 2022-2023 жылдары Астана қаласының «Сарыарқа» ауданының әкімі, 2023-2024 жылдары Нұра ауданының әкімі болды.

Қазіргі қызметін 2024 жылдың тамыз айынан бастап атқарып келеді.

Ыбырайым ЖАЙНАҚОВ, Алаш қозғалысының белсенді қайраткері

Ыбырайым ЖАЙНАҚОВ
Фото: Wikipedia

1884 жылы Жетісу облысының Верный уезінде (қазіргі Алматы қаласы) дүниеге келген. Верный ерлер гимназиясын бітірген. Жетісу облыстық басқармасында тілмаш болып қызмет атқарған. Қоғамдық-саяси өмірге белсене араласты. 1911 жылғы 21 қазанда оның жетекшілігімен болыстар мен ақсақалдардың кеңесі өтіп, онда көшпелі халықтың ісіне саяси іздестіру бөлімдерінің араласуына жол бермеуді талап етіп, Мемлекеттік дума мүшелеріне өтініш жеткізу үшін жергілікті халық өкілдерін Санкт-Петербургке жіберу туралы шешім қабылданды. Бүкілресейлік мұсылмандар съезін әзірлеуге және өткізуге қатысты.

1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін өлкедегі қоғамдық-саяси өзгерістерді жүзеге асыруға белсене араласты. Жетісу облысы Қазақ комитетінің алғашқы съезін ұйымдастырып, оған 81 делегаттың қатысуын қамтамасыз етті. Съезге төрағалық етті. 1917 жылғы 19 шілдеде Жетісу облысы бойынша Уақытша үкімет комиссарының орынбасары болып тағайындалды. 1917 жылы өткен Бірінші және Екінші жалпықазақ съездеріне қатысты. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына Жетісу облысынан депутат болып сайланды.

1917 жылдың шілде-тамыз айларында Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедұлы секілді қайраткерлермен бірге Челябі қаласында өткен Сібір үкіметі мен Құрылтай жиналысы мүшелерінің кеңесіне қатысты. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басылғаннан кейін Қытайға босып кеткен қазақтар мен қырғыздардың елге оралу мәселесімен айналысты. Жетісудағы ашыққан халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмектесіп, жергілікті халық пен қоныс аударушылар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге атсалысты.

Большевиктер билікке келіп, елдегі қоғамдық-саяси жағдай өзгергеннен кейін Алаш қозғалысының бірқатар қайраткерімен бірге Қытайға қоныс аударды.