30 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 30 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

Жылнама
Фото: Kazinform

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Қазақстандағы Әділет органдары қызметкерлерінің күні

Әділет органдары қызметкерлерінің күні Қазақстанның кәсіби мерекелер күнтізбесіне 2012 жылы енгізілді. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі – мемлекеттің құқықтық қызметін қамтамасыз ететін орталық атқарушы орган. Ол заңның сақталуын қамтамасыз етіп, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қызмет етеді.

Халықаралық аудармашылар күні

Халықаралық аудармашылар күні – ауызша және жазбаша аудармашылардың кәсіби мерекесі. Бұл күнді Халықаралық аудармашылар федерациясы (FIT) 1991 жылы бекітті. Аудармашылардың халықаралық кәсіби мерекесін енгізу идеясы FIT құрылған 1953 жылдан бері көтеріліп келгенімен, ресми мәртебеге тек 1991 жылы ие болды.

БҰҰ-дағы Халықаралық аударма күнінің мақсаты – халықтар арасындағы диалогты, өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтудағы кәсіби аударманың маңызын көрсету.

Халықаралық подкаст күні

Подкаст – интернеттегі танымал медиаформаттардың бірі. «Подкаст» терминін британдық журналист әрі интернет-технолог Бен Хаммерсли енгізген. 2004 жылы MTV-дің бұрынғы виджейі Адам Карри әзірлеуші Дэйв Вайнердің RSS технологиясын пайдаланып, аудиофайлдарды автоматты түрде жүктеуге мүмкіндік беретін бағдарламаны алғаш қолданды.

Ол жасаған подкасттарды компьютерде тыңдауға немесе кейін тыңдау үшін плеерге көшіруге болатын. Халықаралық подкаст күнін атап өту идеясын америкалық Стив Ли 2014 жылы ұсынды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1919 жылы Қырревкомның (Қырғыз революциялық комитеті – ред.) мәжілісінде Әскери-революциялық комитеттің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының әділет бөлімін құру қажеттілігі туралы баяндамасы тыңдалып, Қырревком Әскери-революциялық комитет жанынан әділет бөлімін құру туралы қаулы қабылдады.

1920 жылы республикалық қоғамдық-саяси «Мысль» журналының алғашқы нөмірі жарық көрді. Журнал әр жылдары әртүрлі атаулармен шығып отырды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін басылым «Мысль» деген атауға ие болды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті жастарға арналған «Дарын» мемлекеттік сыйлығын тағайындау туралы қаулы қабылдады. Сыйлық 30 жасқа дейінгі жастарға шығармашылық, ғылыми, спорттық, өндірістік және басқа да салалардағы еңбегі, материалдық және рухани мәдениетті дамытуға қосқан үлесі, сондай-ақ республиканың әлеуметтік-экономикалық негізін нығайтуға атсалысқаны үшін беріледі.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойды. Шартқа сәйкес, оған қатысушы әрбір мемлекет ядролық қарудың сынақ жарылысын жүргізбеуге, сондай-ақ өз юрисдикциясы немесе бақылауындағы кез келген жерде ядролық жарылыс жасауға тыйым салып, оның алдын алуға міндеттенеді.

2011 жылы Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңында қазақтың музыкалық мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан әйгілі күйші, композитор, домбырашы, күй авторы Құрманғазы Сағырбайұлының (1818-1896) ескерткіші ашылды.

Ұлы күйші Құрманғазыны ат үстінде бейнелейтін монумент тұтастай қоладан құйылған. Тұғырын қоса есептегендегі ескерткіштің жалпы биіктігі – 11,7 метр. Ескерткіштің авторы – Маңғыстау облысына танымал мүсінші Көшер Байғазиев.

2011 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Польша және Германия теміржол ведомстволарының өкілдері Чунцин қаласында (Оңтүстік-Батыс Қытай) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – Чунцин-Синьцзян-Еуропа теміржолында тұрақты қозғалыс ашу және жаңа еуразиялық құрлықтық «көпірдің» бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ынтымақтастықты жандандыру.

Теміржол бағыты Чунцин қаласынан басталып, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Алашанькоу станциясы арқылы Қазақстанның теміржол магистралімен жалғасады. Одан әрі Қазақстан, Ресей, Беларусь және Польша аумақтары арқылы өтіп, Германияның Дуйсбург қаласымен байланысады.

2013 жылы «Kazinform» ақпарат агенттігі мен Испанияның халықаралық «EFE» ақпарат агенттігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «EFE» – испан тіліндегі әлемдегі жетекші ақпараттық агенттіктердің бірі. Ол Associated Press, United Press International, Thomson Reuters және Agence France-Presse агенттіктерімен қатар халықаралық ақпарат агенттіктерінің «үлкен бестігіне» кіреді.

2013 жылы Испания Корольдігінің Үкімет төрағасы Мариано Рахойға Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қарағанды лагерлерінде ұсталған 152 испандық әскери тұтқынға қатысты мұрағат құжаттары табысталды. Бұл құжаттар Испания азаматтарына өз туыстарының тағдыры туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді.

2014 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ватикан мұрағатынан табылған тарихи жәдігерлерге арналған фотокөрме ашылды. Ватикан мұрағатынан Қазақстан аумағы бейнеленген алты бірегей карта кездейсоқ табылған. Олардың арасында Ватиканның құпия мұрағатындағы көне карталар және XIII–XV ғасырларда Рим папаларының түркі билеушілеріне жазған хаттары бар. Қол қойылған жалғыз карта 1684 жылға жатады.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы Көрмелер залында Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорындағы ұлы ислам ғұламаларының еңбектеріне арналған кітап көрмесі ашылды. Көрмеде XII–XVIII ғасырларға жататын көне қолжазба Құрандар, XVI ғасырдағы Сүлеймен Бақырғанидың «Хикметтері», сондай-ақ Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Жәми, Физули сынды шығыс ақындарының ислам діні мен поэзияға арналған қолжазбалары ұсынылды. Қолжазбалар мен кітаптар шағатай, араб және парсы тілдерінде жазылған.

2016 жылы Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен Халықаралық астронавтика конгресінде (МАК-2016) KazSTSat жобасы үздік жоба деп танылды. «Шағын ғарыш аппараттары» сессиясының қатысушылары Жерді қашықтан зондтауға арналған KazSTSat спутниктеріне, олардың жобалану, құрастырылу және сынақтан өткізілу барысына ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ қазақстандық инженерлердің өздері толықтай әзірлеп, құрастырып, сынақтан өткізген технологиялық жабдықтар – көпфункционалды борттық компьютер, тәжірибелік оптикалық камера және Күн датчигі де көпшіліктің назарын аударды.

2017 жылы Шымкент қаласында Қазақстанның рекордтар кітабы – «КИнЭС-2017» (Гиннестің рекордтар кітабының қазақстандық баламасы) бойынша жаңа рекорд тіркелді. Наурыз алаңында «Алтын Дән» компаниясы көпшілікке арнап 1 136 келі бауырсақ пісірді. Ұлттық тағамды дайындауға 750 келі ұн, 400 литр май, 60 келі қант және 150 литр сүт жұмсалды. Бауырсақ 10 қазанда пісіріліп, дайын өнімнің салмағы арнайы таразы арқылы өлшеніп, рекорд ресми түрде тіркелді.

2018 жылы Ташкент қаласында ұлы қазақ биі әрі мемлекет қайраткері Төле бидің туғанына 355 жыл толуына орай кең көлемде мерекелік шара өтті. Оған Қазақстан мен Өзбекстанның зиялы қауым өкілдері, жергілікті қазақ диаспорасы және Түркістан облысынан арнайы келген делегация қатысты.

2019 жылы VI Баку халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі аясында Әзербайжанның М.Ф.Ахундов атындағы Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты – Қазақстан халқының тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, экономика, саясат және әлеуметтік саладағы жетістіктерін, сондай-ақ классикалық және қазіргі заманғы проза мен поэзияның бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттау.

2020 жылы Еуразиялық патенттік ұйымның «Өнертабыс пен патент ісіне қосқан үлесі үшін» алтын медальдарымен қазақстандық өнертапқыштар марапатталды. Бұл марапат Еуразия өңірінде өнертабыстарды дамытуға және құқықтық қорғауға елеулі үлес қосқан, сондай-ақ Еуразиялық патенттік конвенцияға қатысушы мемлекеттер үшін маңызды нәтижелерге қол жеткізген мамандарға табысталды.

2021 жылы ақын, жазушы, публицист, журналист, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қасым Аманжоловқа қатысты сирек фотосуреттер мен құжаттар Қазақстанның Ұлттық архив қорын толықтырды. Құжаттардың басым бөлігі түпнұсқа күйінде сақталған. Олардың қатарында қолжазбалар, машинкамен басылған мәтіндер, газет жарияланымдары, суреттер, альбомдар мен фотосуреттер бар.

2023 жылы Тараз қаласында алғаш рет «Киіз Fest» фестивалі өтті. Ұлттық қолөнерді жаңғыртып, ата-бабадан жеткен мұраны дәріптеуді мақсат еткен фестивальге 12 топ қатысты. Қатысушылар қазылар алқасына өз бұйымдарын таныстырып, оларды жасау әдістері мен тәсілдерін көрсетті, сондай-ақ материалмен жұмыс істеудің ерекшеліктері туралы айтып берді. Қазақ халқы үшін киіз бұйымдарының орны ерекше. Ғасырлар бойы киізден жасалған бұйымдар тұрмыстың ажырамас бөлігі болып, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен сабақтасып келді. Оларды жасау өнері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырған.

Қазылар алқасының шешімі бойынша «Ұршық иіру» номинациясында 3-орын «Шолпы» тобына, 2-орын «Шебер шаңырақ» тобына, ал 1-орын «Асыл мұра» тобына берілді. «Киіз басу» номинациясында 3-орынды «Шебер шаңырақ» тобы, 2-орынды «Өшпес мұра» тобы иеленсе, 1-орын «Асыл қазына» тобына бұйырды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.

2024 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 30 жылдығына арналған пошта маркасының тұсаукесері өтті. Марка ел тарихын айғақтайтын маңызды құжаттар арқылы өткен мен болашақты сабақтастыратын мәдени мұраны сақтау мен қоғамға қызмет ету идеясын бейнелейді. Бұл марканың шығарылуы отандық архившілердің еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі болды, себебі ол — мұрағатқа арналған алғашқы қазақстандық пошта маркасы.

2024 жылы Грекияда өткен FIRST Global Challenge робототехникадан әлем чемпионатында қазақстандық оқушылар 190 елдің арасынан бас жүлдені иеленді. Осы жеңісімен Қазақстан құрамасы чемпиондық атағын үшінші жыл қатарынан сақтап қалды. Құраманың сапында Алматы қаласындағы НЗМ ФМБ бағытындағы мектептің оқушылары Ердәулет Тұрғынбаев, Әлфия Байжақып, Нұржан Көкеев, Досжан Дайран және Қадылбек Дастан өнер көрсетті. Команда жаттықтырушылары – Асылбек Мұрзахметов, Нұрдәулет Досмағамбет және Дулат Байтіленов.

2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VII халықаралық көлік-логистикалық «New Silk Way» бизнес-форумы аясында телемост арқылы Достық – Мойынты теміржол учаскесіндегі екінші жолдың пайдалануға берілгенін жариялады. Ұзындығы 836,1 шақырым болатын бұл теміржол магистралі Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттырып, еліміздің Қытаймен теміржол қатынасын нығайтуда маңызды рөл атқарады.

2025 жылы Қазақстанда бірыңғай QR-код арқылы төлем жасау жүйесі іске қосылды. Енді тауарлар мен қызметтердің ақысын «Банк ЦентрКредит», «Home Credit Bank» және «Freedom Bank» мобильді қосымшалары арқылы бірыңғай QR-кодпен төлеуге болады. Банкаралық QR-төлемдердің енгізілуі банктер арасындағы өзара байланысты күшейтіп, тұтынушыларға төлем жасауды жеңілдетіп, төлем қызметтерінің қолжетімділігін арттырды.