30 сәуір. Жылнама

күнтізбе
Фото: ҚазАқпарат

Kazinform оқырман назарына 30 сәуірге арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық мүсін күні

2015 жылы Халықаралық мүсін орталығы (International Sculpture Center) құрған жыл сайынғы мереке. Оның міндеті – мүсінді өнер түрі ретінде танымал ету және адамдарға әйгілі мүсіндік шедеврлер туралы мүмкіндігінше көбірек білуге көмектесу.

Халықаралық джаз күні

Алғаш рет 2012 жылы атап өтілді. Жаңа атаулы күннің күнтізбеге енгізілетіні туралы UNESCO Бас конференциясы 2011 жылғы қарашада жариялаған еді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1945 жылы дәл осы күні Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа ту тікті. Ресейдің Әскери тарих институты 1-і Беларус майданындағы 150-і атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаевтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растады.

2012 жылы таэквондодан жаттықтырушы тараздық Руслан Исмазов «Ордабасы» атты жаңа командалық ойынын патенттеді. Бұл ойында төрт адамнан құралған екі команда шығыс жекпе-жегінен сайысқа түсіп, жалауды иеленуге таласады.

2013 жылы алматылық Ольга Коренчуктің «Дорога номадов» атты туындысы жыл сайынғы «Аустриялық фотосуреттік суперкруизде» «Арнайы тақырыптар» бөлімі бойынша алтын медаль иеленді.

2013 жылы Астанадағы «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ Joint Commission International (JCI) халықаралық бірлескен комиссиясы құрамына кірді.

2014 жылы Астана уақыты бойынша 7 сағат 35 минутта Куру ғарыш айлағынан еуропалық «Вега» зымыраны ұшырылды. Ол орбитаға Қазақстанның Жерді қашықтықтан зондтау спутнигін шығарды.

2015 жылы ҚР Президенті жанынан институционалдық реформаларды жүзеге асыру мақсатында Жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды.

2017 жылы репрессия жылдарында қуғынға ұшыраған ақын және драматург Ілияс Жансүгіровтің құжаттары ақынның Талдықорғандағы әдеби-мемориалдық музейіне берілді.

2018 жылы қазақстандық оқушы Дінмұхаммед Төлендиев 7 жасқа дейінгі санатта шахматтан әлем чемпионы атанды.

2018 жылы UNESCO-ның Париждегі штаб-пәтерінде өткен «Эгоизм мен мәдени құндылықтардың қайта өрлеуі: түркі тілі өткеннен болашаққа дейін» халықаралық форумы аясында танымал қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев туралы кітап таныстырылды.

2019 жылы Астанада Хорватия елшілігі ашылды. Бұл Қазақстандағы 70-ші шет мемлекет өкілдігі болды. Қазақстан Республикасындағы Хорватия Төтенше және Өкілетті елшісі Рефик Шабанович.

2021 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ішінен еркін шығармашылыққа арналған «QALLEKI» театр зертханасы ашылды. Зертхананың мақсаты – шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау. Зертхана алаңында эксперименттік спектакльдерді сахналау, шетелдік мамандармен шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, жазушы-драматургтермен кездесу, пьеса талқылау, жаңа режиссерлермен байланыс орнату және тағы да басқа көптеген тың дүниелерді жүзеге асыру жоспарланған.

2021 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Дамир Нұркежанов өзінің жеке робототехникалық мектебінің базасында оқушыларымен бірге таяқтың көмегінсіз жүре алмайтын зағип адамдардың өмірін жеңілдететін бірегей технологияны ойлап тапты. Олар технологияны «көмекші білезік» деп атады. «Біздің құрылғы 3 метр қашықтықта жолда болуы мүмкін кедергілер туралы дабыл береді. Сіз оған жақындағаннан кейін дабылдың дыбысы күшейеді. Бір зағип адам қазірдің өзінде технологияны сынап көрді. Ол қаланы айналып өту өте ыңғайлы деп жауап берді», деді Дамир Нүкежанов.

Соңғы жаңалықтар