30 жыл жөнделмеген Қостанай әуежайының ұшу-қону жолағына қаржы бөлінді

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайдағы халықаралық әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жөндеу үшін облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлінді. Бұл туралы Архимед Мұхамбетов облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

30 жыл жөнделмеген Қостанай әуежайының ұшу-қону жолағына қаржы бөлінді

Қостанайдың халықаралық әуежайы 1964 жылы пайдалануға берілген. Онда әуежай кешені, аэровокзал, аэродром, авиатехникалық база, жерүсті техникасы және қажетті басқа да жабдықтар қамтылған. Ал ұшу-қону жолағы 30 жыл бойы жөндеу көрмеген.

«Расын айту керек, әуе тасымалдаушыларының көбі Қостанайға рейс ашқысы келмейді. Біз былтыр «Мәскеу-Қостанай» рейсін ашу үшін «Аэрофлотты» әрең көндірдік. Енді ұшу-қону жолағы қайта жөндеуден өткен соң басқа бағыттарға шығуға мүмкіндік аламыз. Жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталуы тиіс», - деді облыс басшысы.

Жалпы, әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жөндеу үшін 8 млрд 600 млн теңге қажет. Оның 200 млн теңгесі облыстық бюджеттен бөлінсе, қалған қаржыны ҚР Инвестициялар және даму министрлігі береді.