300 мыңға жуық қазақстандық «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасының қатысушылары болып табылады
АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде Үкіметте өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды.
Бұл туралы Үкімет басшысының ресми сайтынан хабарланды.
Бағдарламаның орындалу барысы туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Министрдің айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына 300 мыңға жуық адам қатысты. Дей тұрғанымен, жұмыссыздардың үлесі 64%, өзін өзі еңбекпен қамтығандардың 29,5%, әлеуметтік аз қамтылғандардың үлесі 5,8%-ды құрап отыр. Бағдарламаға қатысушылардың жартысынан астамы 30 жасқа дейінгі адамдар.
Парламент депутаттары қатысқан жиындағы қаралған мәселені талқылау барысында, қайта оқытылған азаматтарды одан әрі жұмыспен қамту, нәтижесіз іспен айналысып жүрген ауыл жастарын еңбекке кеңінен тарту, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, сонымен бірге халық арасында түсіндіру жұмыстарын жақсарту мәселелеріне баса назар аударылды.
Отырыста сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасын орындау туралы Ақтөбе облысының әкімі А.Мұхамбетовтің, Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасовтың, Павлодар облысының әкімі Е.Арынның есептері тыңдалды.