31 арнадан көрсетілетін «Талант шоу» жобасы жаңа форматта шығарылды
АЛМАТЫ. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «31 арнаның» ең қызықты, халықтық жобасы екінші маусымын эфирге жаңа форматта шығарды.
Өнерімен талайларды таңғалдырған тарландар мен ерекше дарын иелері, феномендер мен вундеркиндтер, жеткіншектер мен ересектер - еліміздің барлық таланттары «31 арнаның» ең қызықты, халықтық жобасында. Телекөрермендердің жұлдызды сәті туып отыр, 7-ақпаннан бастап «Талант шоу» бағдарламасының жаңа маусымындағы жаңа қаһармандар өз өнерін талғамы зор көрерменге паш етуде.
Биылғы жылы байқауда бағын сынауға ниет білдірген үміткерлердің саны ұйымдастырушылардың күткенінен де асып түскен. Олар Қазақстанның түкпір- түкпірінен қоңырау шалып, бейнетаспаларын жіберген. Үкілі үміттерін арқалап келгендердің жалпы саны 1000-нан асқан. Байқаудың бастапқы іріктеу кезеңінен өткен өнерпаздар бірінші кезеңге жолдама алды. Олар ән салып, би билеп, өнер жұлдыздарына пародия жасап, шыны мен үшкір шегенің үстімен жүріп, тіпті жалындаған отты да бағындырып, ерекше дарынымен түсіру алаңында-ақ талайды таңдай қақтырған. Ал, таланттардың талпынысын таразылаған әділқазылардың шешімімен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандар келесі кезеңге өткізілді.
Естеріңізге сала кетсек, байқаудың бірінші маусымында қатысушылар арасындағы ең үздіктері көрермендердің sms хаттары арқылы анықталған болатын. Ал, жаңа маусымның бір ерекшелігі - үміткерлер соңғы кезеңге өту үшін алдымен Жеңіс Ысқақова, Жолбарыс Сейфуллин, Нұрлан Абдуллин және Сәкен Майғазиев секілді сахна саңлақтарының сынынан өтуі тиіс. Қазылардың ұйғарымы бойынша ең төменгі ұпай жинаған өнерпаздың байқаудағы келесі тағдырын көрерменнің sмs арқылы жіберген дауысы шешеді.