31 қаңтар. Жылнама
Kazinform оқырман назарына 30 қаңтарға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР
Халықаралық зергерлер күні
Бұл мерекені құру идеясы алғаш рет 2002 жылы Костромада өткен «Ресейдің алтын жүзігі» фестивалінде пайда болды. Ал 2008 жылы Ташкентте өткен жас зергерлер фестивалінде 31 қаңтарды Халықаралық зергерлер күні деп белгілеу туралы шешім қабылданды.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен Өскемен педагогикалық институты Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті болып өзгертілді.
1997 жылы Алматы теміржолы басқармасын, Целинная теміржол басқармасын және Батыс Қазақстан теміржол басқармасын біріктіру арқылы «Қазақстан темір жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды.
Біріктіру мақсаты — тасымалдауды басқару құрылымын оңтайландыру және қажетсіз байланыстарды жою, теміржол саласын қаржылық-экономикалық дамыту болды.
2006 жылы «Самұрық» ұлттық холдингтік компаниясы» АҚ құрылды, оның басқаруына ұлттық компаниялардағы және республикалық мемлекеттік кәсіпорындардағы мемлекеттік акциялар берілді.
2007 жылы Алматыда ҚР Ұлттық географиялық атласы мен «Қазақстан Республикасы» монографиясы жарық көрді.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық географиялық атласы» ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының барлық ғылыми және ғылыми-практикалық жұмыстарын қамтиды. Атластың құндылығы оның еліміздің экологиялық қауіпсіздігі картасын бірінші болып шығаруында.
«Қазақстан Республикасы» монографиясы үш бөлімнен тұрады: бірінші бөлімде — «Табиғи жағдайлар мен ресурстар» литосфера, гидросфера, атмосфера және биосфера зерттеледі. Басылымның екінші бөлімі Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғаннан кейінгі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, үшінші томы экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған.
2008 жылы Алматыда белгілі ақын Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды, ол ақынның шығармашылық мұрасын зерттеу мен насихаттауға зор үлес қосқан жазушылар мен ғалымдарға беріледі.
2011 жылы Алматыда «Медеу» биік таулы спорт кешенінің оңтүстік бөлігінде «Қар барысы» саябағы ашылды. Мәдени Азиада бағдарламасы аясында бой көтерген жаңа ойын-сауық нысаны алматылықтар мен қала қонақтарының спорттық рухын қолдауға, сондай-ақ салауатты өмір салты мен белсенді туризмді насихаттауға қызмет етеді.
2012 жылы Мағжан Жұмабаевтың «Табалдырық. Манифест» кітабының жазбаша нұсқасы шықты. Ол өз шығармаларында жазу еркіндігін, шығармашылық дербестікті қорғады.
2013 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тафтс университетінде (АҚШ) құрылған Таллорес халықаралық жоғары білім институттары қауымдастығына қабылданды, оның құрамына 60-тан астам елден 240-тан астам университеттер кіреді, олардың жалпы саны 6 миллион адамнан асады.
Ұйым қызметінің мақсаты — университеттердің білім беру бағдарламаларының жоғары стандарттарын кеңейту және бекіту, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты кеңейту. Қауымдастық сайтында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ парақшасы ашылды.
2013 жылы қазақстандық Әли Аманбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының мүгедектер құқығы үшін күрестегі үздік табысы үшін сыйлығын алды. Сыйлықты БҰҰ Даму бағдарламасының әкімшісі 2013 жылы Нью-Йоркте өткен БҰҰ ДБ Директорлар кеңесінің бірінші отырысында табыс етті.
2017 жылы ҚР Ұлттық Банкі Ұлттық Олимпиада комитетінің 25 жылдығына арналған, номиналы 100 теңгелік «proof» сапалы ескерткіш монеталарын айналымға шығарды. Монета 925 сынамалы күмістен жасалған, массасы — 31,1 г, диаметрі — 38,61 мм, таралымы — мың дана.
2018 жылы Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) авиациялық қауіпсіздік аудитінен сәтті өтіп, халықаралық стандарттарға сәйкестіктің жоғары деңгейін растады.
ICAO аудиті мемлекеттің азаматтық авиация қауіпсіздігі жүйесін бағалаудың маңызды объективті құралдарының бірі.
2020 жылы Словакия Республикасы Ғылым Академиясының Орталық кітапханасында Абай шығармаларының 40 басылымын, сондай-ақ оның өмірі мен қызметіне арналған жұмыстарды сыйға тарту рәсімі өтті.
Іс-шара философ, композитор, саяси қайраткер, ақын, ағартушы, аудармашы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі, орыс және еуропалық мәдениетке жақындау рухындағы мәдениет реформаторы Абайдың 175 жылдығын (1845-1904) мерекелеу аясында өтті.
2020 жылы Қазақстандық халықаралық қатынастар кеңесі әлемдегі талдау орталықтарының жаһандық рейтингіне енді.
Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақстан кеңесінің (ҚАСМО) «2019 жылы Орталық Азиядағы ең маңызды 10 оқиға» атты жыл сайынғы талдамалық шолуы 2019 жылғы «Саясатты зерттеудің үздік есебі» аталымы бойынша әлемдегі ең үздік аналитикалық жұмыстардың бірі саналады.
2024 жылы Үкімет Астананың Бас жоспарын бекітті. Құрылыс және абаттандыру мақсатында әкімдік 12 жер учаскесін сатып алуды жоспарлап отыр.
2024 жылы Қазақстанда авторлық құқықты қорғауға арналған блокчейн платформасы іске қосылды. «Орталық Азия зияткерлік меншік тізілімі» жобасы зияткерлік меншік құқықтарын тіркеуге ғана емес, сонымен қатар меншік құқығын беру бойынша транзакцияларды қадағалауға мүмкіндік береді.