31 телеарна журналистеріне қоқан-лоқы жасаған сот орындаушыларының әрекеттеріне қызметтік тексеру жүргізілуде
Аталмыш тексерулердің қорытындысы көпшілікке жария етіледі. Бұл туралы бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында Жоғарғы сот жанындағы Сот әкімшілігі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бақтияр Өнербаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш оқиға наурыздың 25-і күні Астанада болды. Елордадағы пәтерлердің бірінде екі баласымен тұрып жатқан Ақтоты Түсіп атты азаматшаны сот орындаушыларының пәтерден шығарғалы жатқандығы жөнінде сюжет түсіруге барған 31-ші арнаның тілшісі Жұлдыз Төлеу мен оператор Бауыржан Смағұловқа сот орындаушылар қоқан-лоқы жасаған. Сот орындаушылары журналистердің мұндай хабар түсіруге құқықтарының жоқтығын айтып, тілшінің куәлігін тартып алып, бұдан соң оператордың бейнекамерасын тартып алмақ болған. Осы уақытта «Лайықты пәтер үшін» қозғалысының белсенділері келіп, журналистерге жақтасқан. Одан әрі ақпарат құралының өкілдері пәтерінен шығарылғалы жатқан азаматшаның үйіне жасырынып, сот орындаушылары кеткенше сонда отырған.