31 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 31 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

жылнама
Фото: Kazinform

56 жыл бұрын (1967) Ақтөбе облысы Қоғамдық кеңесінің төрайымы Тәттігүл Жақсыбайқызы ТАЛАЕВА дүниеге келді.

Алматы халық шаруашылық институтын «Қаржы және несие» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1993-1996 жылдары Шевченко қаласының салық басқармасында, коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеді. 1996 дылы Ақтауда, 2001 жылы Ақтөбеде, 2004 жылы Атырауда алғашқы жекеменшік радиостанцияның негізін қалады. 2004 жылдан бастап «Тандем» ТРК ЖШС бас директоры қызметінде.

2021 жылы ҚР Президенті жанындағы БАҚ істері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары қауымдастығының президенті, Ақтөбе облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, 2022 жылы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Құрылтайдың депутаты.

Мерейтойлық медальдармен марапатталған.

52 жыл бұрын (1971) әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Басқарма мүшесі - қаржы қызметінің проректоры Қалилла Насұрлаұлы АБДУЛЛАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысының тумасы. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын (инженер-экономист) және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін (заңгер) бітірген.

Еңбек жолы: 1994-2002 жылдары Жамбыл облысында қаржы жүйесі мекемелерінде әр түрлі басшылық қызмет атқарды. 2002-2004 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті салықтық әкімшілендіру басқармасының бастығы болды. 2004-2005 жылдары Астана қаласы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары; 2005-2008 жылдары Қостанай облысы бойынша салық комитетінің төрағасы, 2008-2012 жылдары Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстары бойынша салық департаментінің бастығы; 2012-2014 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды. 2014-2017 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алулар комитеті төрағасы болып қызмет атқарды. 2018 жылы ҚР Президент әкімшілігінде мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыруқызметі бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметінде болды.

“Құрмет” орденімен (2018) марапатталған.

42 жыл бұрын (1981) Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Нұрлан Ермекбайұлы ЕРМАНОВ дүниеге келді.

Шымкент қаласында дүниеге келді. 1999-2001 жылдары Шымкент қаласындағы ҚР Ішкі Істер Департаментінің заң колледжінде «құқық қорғау» мамандығын алған. 2001-2004 жылдары Қазақ гуманитарлық Заң университетінде білім алды (құқықтану). 2016-2018 жылдары Аудандық әкімшілік инновациялық университетінде білім алып, заң ғылымдарының магистрі дәрежесін алды.

Еңбек жолын 2001 жылы құқық қорғау органдарында бастаған. 2006-2008 жылдары Қызылорда облыстық прокуратура органдарында қызмет етті. 2008-2012 жылдары Қызылорда көлік прокурорының орынбасары қызметін атқарған. 2018-2019 жылдары Ақмола облысы Атбасар ауданының прокуроры қызметінде. 2019-2022 жылдары Қызылорда облысы прокурорының орынбасары болып жұмыс істеді.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың тамыз айынан бастап атқарып келеді.

110 жыл бұрын (1913-1975) әдебиетші-ғалым Әбусағит (Әбіш) Мұсылманқұлұлы ЖИРЕНШИН дүниеге келген.

Семей облысында (қазіргі Абай облысы Абай ауданында) туған. Ташкенттегі Орталық Азия институтын, Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген.

Аталары қолына билік ұстаған, мықты әулеттен болды. Атасы Абайдың көмекшісі, ниеттесі еді. Өзі бала күнінде молдадан сауат ашып, 11 жасында орыс мектебінен білім алған. 1928 жылы Семейдегі ауыл шаруашылығы техникумында оқыды.

Қазақ халқының басына түскен зобалаң жылдары, ашаршылық пен қуғын-сүргіннің салдарынан Жиреншиндер отбасы 1930-жылдары Термезге кетіп, 1933 жылы Ташкентке барған. Ол жақтан Қазақстанға 1930 жылдардың аяғында оралған.

Ол Қазақстан ғылыми-зерттеу қоғамының төрағасы, Қазақ КСР Орталық мұражайының директоры, Қазақстан Мемлекеттік кітапханасының директоры болып, республикалық кітап сауда бірлестігін басқарған. Абай мұрасын алғаш зерттеушілердің бірі. «Абай – қазақ халқының ойшылы», «Абай және орыстың ұлы демократтары», «Қазақ кітаптарының тарихынан» атты монографиялық еңбектері жарық көрген.

109 жыл бұрын (1914-1974) жазушы, аудармашы, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әбен САТЫБАЛДИЕВ дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.

1939-1962 жылдары – «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, «Ара» - «Шмель» журналының жауапты хатшысы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы.

1968-1974 жылдары – Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақ Кеңес энциклопедиясы бас редакторының бірінші орынбасары.

«Рухани қазына» ғылыми еңбектер жинағының, «Ақмарал» әңгіме, очерктер жинағының авторы. И. Гончаровтың «Жар» романын, Б. Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз», Ф. Гладковтың «Балалық шақ» повестерін, А. Қаһардың «Қыштақ», Ш. Рашидовтың «Дауылдан да күшті» романдарын қазақ тіліне аударған.