31,8 мың гектар жерден көтерілген шаң Атырауға қауіп төндіріп отыр - экологиялық форум
АТЫРАУ. KAZINFORM – Биыл наурызда Атырауды шаңды дауыл басты. Соңғы жылдары мұндай жағдай жиілеп кетті. Шаңның негізгі көзі – өсімдік жамылғысы сиреген, тұзданған және ұсақ дисперсті гипс араласқан құрғақ жер. Ал қаладағы ауа құрамында зиянды заттардың мөлшеріне қатысты тәуелсіз сарапшылар жүргізген зерттеу күкіртсутек концентрациясының жекелеген аудандарда бірнеше есе жоғарылағанын көрсетеді.
Атырауда өткен экологиялық форумда шаң көтерілетін аумақтарды зерттеу нәтижесін «Ренессанс плюс» ЖШС директоры Әсет Тазабеков, ал қоғам белсендісі, эколог Галина Чернова тәуелсіз сарапшылар тобының ауа сапасына жүргізген зерттеуін көпшілікке ұсынды.
Шаңның негізгі көзі – 31,8 мың гектар жер
Наурыздағы шаңды дауылдан кейін зерттеушілер дрондар, жедел талдау құралдары және спутниктік суреттер арқылы шаң көтерілетін аумақтарды анықтаған. Нәтижесінде Атырауға шаң жетуі мүмкін төрт негізгі учаске белгіленген. Олардың жалпы аумағы – 31,8 мың гектар. Мамандар бұл жердегі топырақ сынама алып, құрамын, тұздылығын, гипс мөлшерін және өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдайдың бар-жоғын зерттеген.
- Бұл жерлердің кейбірінде өсімдік атаулы өспейді. Топырақ құрамындағы ұсақ гипс пен тұз бөлшектері желмен бірге көтеріліп, қалаға таралады, –деп бастады Әсет Тазабеков.
Зерттеушілердің айтуынша, учаскелердің топырақ құрамы біркелкі емес. Кейбір жерлерде гипс мөлшері беткі қабатта 20 пайызға дейін жетеді. Ал тұз концентрациясы бір килограмм топыраққа шаққанда 2 000 миллиграмға дейін барады. Мұндай жағдайда өсімдіктердің тамыр жаюы қиын. Әсіресе қалаға жақын орналасқан учаскелерде жаңбырдан кейін топырақ кеуіп үлгерген бойда шаң көтеріледі. Себебі мәселе тек жердің құрғақтығында емес, оның химиялық және физикалық құрамында. Топырақтағы ұсақ гипс пен тұз бөлшектері желмен оңай таралады. Зерттеу барысында жерасты суының жер бетіне жақын жатқаны да белгілі болған.
Зерттеу кезінде Каспий тартылған аумақтардан мұнай өнімдері анықталмаған. Бұл шаң көтерілетін аталған учаскелердегі деградацияның негізгі себебі мұнаймен ластану емес, табиғи тұздану мен топырақтың құрғауы екенін көрсетеді.
Каспийдің тартылуы шөлейттену қаупін күшейтіп отыр
Зерттеушілер Атырау облысындағы климаттық өзгерістерді де назардан тыс қалдырмаған. Олардың мәліметінше, өңірде жылдық жауын-шашын мөлшері ең көп дегенде 455 миллиметрге жетеді. Ал Каспий маңы өңіріндегі булану көрсеткіші шамамен 1 100 миллиметр.
Яғни түсетін ылғал мөлшері буланудан әлдеқайда аз. Бұл топырақтың кебуіне, тұздың беткі қабатқа шығуына және өсімдік жамылғысының сиреуіне қолайлы жағдай қалыптастырады.
- 1980 жылдан 2025 жылға дейін Атырау облысындағы орташа температура 4 градусқа көтерілген. Бұл – әлемдік орташа көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары, – деді Әсет Тазабеков.
Каспий теңізінің тартылуы салдарынан облыста 155 мың гектарға жуық жаңа құрғақ жер пайда болған. Қазір олардың барлығы бірдей шаң көтеретін белсенді ошаққа айналмаған. Алайда мамандар алдағы 15-20 жылда бұл аумақтардың бір бөлігі тұзданған, өсімдік өспейтін деградацияланған жерлерге айналуы мүмкін екенін ескертті.
Зерттеу барысында 31,8 мың гектар аумақтың жағдайы бірнеше санатқа бөлінген. Ең қауіпті учаскелерде топырақтың тұздылығы жоғары, ал жерасты суы кей жерлерде жер бетінен небәрі 20 сантиметр тереңдікте орналасқан. Өтпелі аймақтарда өсімдік өсуіне мүмкіндік шектеулі. Ал құмды және саздақ топырақты кейбір учаскелерден қарашірік табылған. Атап айтқанда, зерттелген аумақтардағы қарашірік мөлшері 0,5-0,8 пайыз шамасында. Ал Махамбет ауданындағы салыстырмалы топырақ үлгілерінде бұл көрсеткіш 2-5 пайызға дейін жетеді. Мамандардың пікірінше, қарашіріктің аздығы топырақтың құнарлылығы төмен екенін көрсетеді. Дегенмен оның мүлдем жойылып кетпегені кейбір жерлерді қалпына келтіруге мүмкіндік бар екенін аңғартады.
Сексеуіл отырғызу мәселені шеше ме?
Құрғаған аумақтарды көгалдандыру мәселесінде зерттеушілер сексеуіл отырғызу тәжірибесіне де назар аударған. Алайда Атыраудағы топырақ жағдайы Арал өңірінен өзгеше. Арал маңындағы кейбір аумақта сексеуіл егу жұмысы жүргізіліп, көшеттердің жерсіну көрсеткіші шамамен 13 пайыз болған. Ал Каспий жағалауындағы зерттелген учаскелерде жерасты суының жақын орналасуы, топырақтың гипстенуі мен тұздың көп болуы өсімдіктердің жерсінуіне кедергі келтіреді. Сондықтан Аралдағы тәжірибені Атырауға сол күйінде көшіру нәтиже бермеуі мүмкін.
- Арал өңіріндегі сексеуіл отырғызу тәжірибесін Каспий жағалауына сол күйінде көшіруге болмайды. Өйткені мұндағы топырақтың тұздылығы, гипс мөлшері және жерасты суының қалыптасуы өзгеше. Сондықтан алдымен бірнеше жылдық зерттеу жүргізіп, осы ортаға бейімделетін өсімдіктерді анықтауымыз керек, – деп толықтырды зерттеу жүргізген компанияның директоры Әсет Тазабеков.
Мамандар мұндай аумақтарға бірден жаппай ағаш отырғызудан гөрі, бірнеше жыл зерттеу жүргізіп, жергілікті жағдайға төзімді өсімдіктерді іріктеуді ұсынды. Олардың қатарында жыңғыл, жүзгін, алабота секілді өсімдіктер бар. Тағы бір ұсынылған әдіс – полиакриламид қолдану. Бұл зат топырақтың беткі қабатындағы ұсақ бөлшектерді байланыстырып, олардың желмен көтерілуін уақытша тежейді. Қазір Қазақстандағы кейбір карьерлерде шаңды басу үшін осындай технология қолданылады.
- Біз қарастырған әдістердің ішіндегі ең тиімдісі – полиакриламид қолдану. Бұл – топырақтың беткі қабатын бекітетін химиялық зат. Оның құрамының шамамен 80 пайызы крахмалдан тұрады. Қазір Қазақстандағы көп карьерде жұмыс барысында шаңды басу үшін қолданылады. Оны топырақтың беткі қабатына бүріккен кезде, жер бетінде желім тәрізді қабат пайда болып, топырақ қатаяды. Алайда оның бір үлкен кемшілігі бар. Жел эрозиясы жағдайында әсері ең көбі бес жылға дейін ғана сақталады. Егер қазір топырақтың бетін осы затпен бекітсек, шөлейттенумен күресудің тиімді әдістерін тапқанға дейін мәселені уақытша тоқтата тұруға мүмкіндік болады,-деді компания жетекшісі.
Сондай-ақ тұзға төзімді селекциялық жүгеріні өсіру тәжірибесі де зерттеліп жатыр. Бірақ мамандар бұл өсімдікті өнім алу мақсатында емес, топырақты бекіту үшін пайдалануды ұсынады. Өйткені жүгері топырақтағы қоректік заттарды сіңіріп, оны одан әрі құнарсыздандыруы мүмкін. Сол себепті өсімдікті жинамай, сол жерде қалдыру керек.
31,8 мың гектарды қалпына келтіру қанша тұрады?
Зерттеушілер шаң көтерілетін аумақтарды қалпына келтірудің бірнеше нұсқасын әзірлеген. Оның бірі – шұғыл шараларды үш жыл ішінде жүзеге асыру. Бұл жоспар бойынша жұмыстың құны шамамен 27 миллиард теңгеге бағаланған.
Сонымен бірге зерттеушілер мәселені 15 жылдық бағдарлама аясында шешу нұсқасын да қарастырған. Бұл тәсіл аумақты кезең-кезеңімен қалпына келтіруге, ғылыми ұйымдар мен зерттеу институттарын жұмылдыруға мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, жұмысты тек ағаш отырғызумен шектеуге болмайды. Ең алдымен, топырақтың құрамына қарай әр учаскеге жеке әдіс таңдау қажет. Ол үшін жергілікті өсімдіктердің көшеттерін өсіретін арнайы питомник құру да маңызды. Өйткені осынша үлкен аумақты көгалдандыруға қажетті өсімдіктерді дайын күйінде басқа өңірлерден жеткізу қиын әрі тиімсіз.
Зерттеушілердің есебінше, деградацияға ұшыраған аумақ жыл сайын шамамен 800 гектарға ұлғайып келеді. Бұл – мәселені кейінге қалдыруға болмайтынын көрсететін негізгі деректің бірі.
Атыраудағы шаң мәселесін тек көктемгі шаңды дауылмен немесе ауа райының қолайсыздығымен байланыстыру жеткіліксіз. Бұл – климаттың жылынуы, Каспийдің тартылуы, топырақтың тұздануы және өсімдік жамылғысының жойылуы қатар әсер етіп отырған ұзақ мерзімді экологиялық мәселе. Олардың қатарында ауа сапасының нашарлауы да бар.
Экологиялық форумда «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының басшысы Галина Чернова қаланың атмосфералық ауасының жай-күйіне арналған ауқымды зерттеуге тоқталды. Ол баяндамасын «Қазгидромет» РМК, NCOC компаниясының автоматтандырылған бекеттері, «РНИЦ ОАВ» ЖШС және «Ренессанс плюс» компаниясының деректеріне негіздеді.
Бұған дейін қалада ластану тек оңтүстік өндірістік аймақта — Атырау мұнай өңдеу зауыты, жылу электр орталығы және солардың маңындағы Тұрғындар қалашағы мен Авангард ықшамаудандарында ғана болады деген пікір қалыптасқан еді. Алайда тәуелсіз талдау бұдан да бөлек ластанған аумақтарды анықтады.
- Зерттеулер күкіртсутектің шектен тыс жоғары көлемде анықталуы мен үлкен фондық көрсеткіш Вокзал маңы, Самал ықшамауданын және Загородная көшесінде шоғырланғанын анықтады. Бұл аумақтар оңтүстік өндірістік аймақтың шеңберіне сыймайды. Әсіресе Жайық бойындағы Загородная көшесі тарихи түрде қаланың таза, жасыл әрі жайлы ауданы саналатын. Ал қазір онда күкіртсутекпен уланудың рекордтық шыңдары тіркеліп жатыр. Біз мұны мұнай өндіру саласының дамуына логистикалық қолдау көрсететін Солтүстік өнеркәсіптік аймақтың қызметімен байланыстырамыз. Бұл аумақта Атырау мұнай құбыр басқармасы мен мұнай-газ саласына қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ететін өндірістік базалар орналасқан. Олардың қатарында цистерналарды тазалау, бумен өңдеу және басқа да іспен айналысатын компаниялар бар, -деп пікір білдірді Галина Чернова.
Галина Чернованың айтуынша, зерттеудің мақсаты – жекелеген өлшеулерді ғана көрсету емес, қала ауасындағы ластанудың аумақтық, маусымдық және тәуліктік ерекшеліктерін анықтау.
Талдау күкіртсутектің жоғары концентрациясы Атыраудың бір ғана ауданында тіркелмейтінін көрсетеді. 2009–2021 жылдары «Шағала» мен «Вокзал маңы» ықшамауданындағы станцияларында күкіртсутек мөлшері жыл сайын шектен асқан. Көптеген бекет мұндай жағдайларды көбіне жылы мезгілде, түнде және таңертең тіркеген. 2022 жылғы ең жоғары бір реттік көрсеткіш «Тұрғындар қалашығы» пен «Загородная» станцияларында 0,651 және 0,640 мг/м³ болды.
2026 жылғы 30 наурызда NCOC желісінің бес станциясы 20 минут ішінде күкіртсутектің жоғары деңгейін тіркеді. Бес өлшемнің ең жоғарысы «Тұрғындар қалашағы» ықшам ауданында 0,193 мг/м³ болды.
«Қазгидромет» дерегіне сай, 2025 жылдың 1 маусымында Самал шағынауданында күкіртсутек мөлшері шектен 19,7 есе, күкірт диоксиді 14,1 есе жоғары болды. Сол жылы Дамбада көміртек оксиді шектен шамамен 16 есе, Ақшағалада азот диоксиді шамамен 11,1 есе асқан.
2026 жылғы қаңтар мен ақпанда жоспардан тыс өлшеулер кезінде күкіртсутек бойынша жоғары ластанудың тоғыз жағдайы тіркелді. Соның екеуі Химпосёлокта байқалды. Ең жоғары көрсеткіш 25 қаңтарда 0,29 мг/м³ болды.
Мониторинг жүйесінде қандай мәселе бар?
Сарапшылар қаладағы бақылау желісін кеңейтіп, оны тәуелсіз әрі ашық жүйе ретінде дамыту қажеттігін ұсынады. Әсіресе «Вокзал маңы », «Жилгородок», «Авангард» және Самал ықшамауданының аумағында қосымша бақылау нүктелерін орналастыру маңызды деп санайды.
- Мониторинг нәтижесі тұрғындарға қолжетімді болуы керек. Сонымен қатар бақылау желісін кеңейтіп, деректерді тәуелсіз түрде тексеруге мүмкіндік берген жөн. Бұл ластану деңгейін ғана емес, оның қай аумақтарда және қай уақытта күшейетінін анықтауға көмектеседі, – деді Галина Чернова.
Зерттеу авторлары бақылауды тек күкіртсутекпен шектемеуді де ұсынады. Ауа құрамындағы полициклді ароматты көмірсутектер секілді басым ластаушы заттарды да жүйелі түрде өлшеу қажет. Өйткені әр аумақта ластаушы заттардың құрамы мен басымдықтары әртүрлі болуы мүмкін.
Ластану көздерін анықтау жеткіліксіз
Сарапшылар ауаға тарайтын ластаушы заттардың ықтимал көздері ретінде мұнай өңдеу зауытын, жылу электр орталығын, мұнай тасымалдау кәсіпорындарын, кәріз-сорғы станцияларын және «Квадрат», «Тухлая балка» булану алаңдарын қарастырған.
Айта кетейік, Квадрат булану алаңының қасында салынып жатқан кәріз суын тазалау станциясының құрылысы жуықта аяқталмайды. Бұл туралы қазан айында Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың өңірге жұмыс сапары барысында белгілі болған еді. Өйткені, станцияны жобалау кезінде қателіктер кеткен. Жобадағы технологиялар қазіргі заман талабына сай келмейді. Айта кету керек, нысанның құрылысы бірнеше жылға созылып, жоспарға түрлі өзгеріс енгізіліп, бүгінде құны 40 млрд теңгеге жуықтады.
- Арнайы жұмыс тобын құрып, жол картасын әзірлеу керек. Мәселені екі жылдың ішінде шешу қажет. Жобалау кезінде қателіктер кеткен. Сондықтан жобаны қайта қарап, заманауи технологияларды пайдаланып, қосымша инвестиция салу керек. Сондай-ақ қателіктерге кім жол бергенін анықтап, мәселені түбегейлі реттеу қажет,-деп пікір білдірген еді Қанат Бозымбаев.
Сондай-ақ автокөліктің де әсері есептелген. 2023-2024 жылға жүргізілген есептік бағалау бойынша, 56 жол учаскесіндегі көлік шығарындылары жылына 13 мың тоннадан асады. Оның 31 пайызы жеңіл автомобильдерге, 30 пайызы жүк көліктеріне, 28 пайызы автобустарға, 11 пайызы арнайы техникаға тиесілі.
Еске салайық, прокуратура Атырау мұнай өңдеу зауытына экологиялық заңнама талаптарының сақталуына қатысты тексеру жүргізіп жатыр.