17:23, 21 Тамыз 2014 | GMT +5
338 адам «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалық етуімен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өтті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Отырыста Республикалық комиссия тапсырмаларын орындау, «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау және одан айыру мәселелері талқыланып, азаматтардың өтініштері қаралды.
Атап айтқанда тілдік курстарды жаңа үлгі бойынша іске асыру тұжырымдамасының жобасы қаралды. Стипендиаттарды тілдік даярлауды әрбірінің ұзақтығы 3 айдан 6 айға дейін болатын екі кезеңде жүргізу қарастырылуда.
Тілдік даярлаудың ұйымдастыру-техникалық және оқу-әдістемелік мәселелерін шешу үшін шетелдік серіктес ретінде Британдық Кеңес тартылатын болады.
Республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша хаттамалық шешімдер қабылданды. 338 адам «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.