34 адам мен 20 көлік қар құрсауынан шығарылды - Алматы облысы

АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат - Өткен дүйсенбі, қаңтардың 18-і күні Алматы облысында құтқарушылар қар құрсауынан 34 адам мен 20-ға жуық автокөлікті шығарды,

 34 адам мен 20 көлік қар құрсауынан шығарылды -  Алматы облысы

хабарлайды ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметі.

Мәселен, Сарыөзек-Қорғас автожолы бойындағы «Алтынемел» асуында 07 сағат 35 минутта қар құрсауында төрт автокөлік қалып қойған, оның ішінде екі жедел медициналық жәрдем машинасы мен 9 адам бар. Құтқару жұмыстарынан кейін барлық техникалар мен адамдар дін аман Сарыөзек қаласына қарай бет алды.

Сондай-ақ Алматы-Кеген-Нарынкөл тас жолы бойындағы «Кеген» асуы аумағында қар астында қалған 19 жолаушысы бар тағы жеті машина құтқарылып, кейін олар өз күштерімен Кеген ауылына қарай қозғалыстарын жалғастырған.

Сонымен бірге, «Перешейка» және «Қаркөл» учаскелері арасындағы күре жолда қалып қойған 6 адам құтқарылды. Бұл аумақта құтқару жұмыстары қаңтардың 17-сі күні кешке басталған болатын. Сол уақытта қар құрсауынан 9 бірлік техника мен 18 адам шығарылды. Дүйсенбі күні тағы бір жеңіл автокөлік пен алты адам табылды.

Ведомстводан мәлім еткендей, қаңтардың 18-і сағат 12.00-дегі жағдай бойынша барлық құтқару жұмыстары толығымен аяқталды.