34 жасар әйел мектепке 15 жасар оқушы ретінде барып жүрген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Американдық Лонгвью қаласының (Техас штаты) Чэрити Джонсон есімді 34 жасар азаматшасы бірнеше ай бойы мектепке 15 жасар жасөспірім ретінде барып жүрген.

34 жасар әйел мектепке 15 жасар оқушы ретінде барып жүрген

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша өткен жылдың қазанында Джонсонды қалалық мектептердің біріне Тамики Линкольн атты жергілікті тұрғын ертіп келген. Сол жолы ол өзін мектеп басшылығына Чэрити Стивенс деп таныстарған екен. Өзінің туған жылы ретінде 1997 жылдың қарашасын атаған. Оқытушылар алдында Джонсон бұған дейін үйде білім алғанын, сондықтан бұған дейінгі үлгерімін, бағаларын көрсете алмайтындығын жеткізген. Оның сенімді жауаптары мектеп әкімшілігінің күдігін тудырмаған екен. Джонсон ұзақ уақыт бойы Линкольннің үйінде тұрақтаған. Бұл әйелге Ч. Джонсон өзінің жетім екенін айтып, сендірген. «Мен оны аяп, баспана бердім. Оған қоса, киімдерін алып беріп тұрдым және ата-аналар жиналысына да қатыстым»,-дейді Линкольн. Кейіннен бұл әйел Джонсонның 15 жаста екеніне күдіктеніп, полиция шақырған. Құқық қорғау органдары оны жалған ақпарат бергені үшін қамауға алды. Әзірге, оған қатысты талап етілетін жаза жайында хабарланбай отыр. 34 жасар әйелдің бұндай қадамға неліктен барғандығы белгісіз. «Ол өзін шынымен де 15-16 жастағы қыз секілді ұстанды. Сабақты тыңғылықты тыңдап, үй тапсырмаларын орындап жүрді»,-дейді оқытушылардың бірі.