35 жасқа толмаған жас отбасылар жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында пәтерге ие бола алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 35 жасқа толмаған жас отбасылар жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында пәтерге ие бола алады. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясының жиналысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

35 жасқа толмаған жас отбасылар жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында пәтерге ие бола алады

«Бағдарлама жастарға бағдарланған. Біз Үкіметпен бірлесіп, бұл пәтерлерге 35 жасқа дейінгі жастар үміткер бола алады деп шештік. Барлық пәтерлердің 50 пайызы 35 жасқа дейінгі жас отбасыларға, жастарға берілетін болады», - деді ол.

Дегенмен, оның атап өтуінше, бұл пәтерлер әкімдікте кезекте тұрғандар арасында бөлінеді.

«Яғни, 2014 жылдың 11 қарашасына дейін жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе пәтерсіз ретінде кезекте тұрғандар арасынан осы бағдарламаға үміткерлердің тізімін жасаймыз», - деді Қ.Бишімбаев.