35 жастағы азамат 4 адамды құтқарамын деп кеудесін оққа тосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Сахалиннің ғибадатханасындағы атыста мерт болған 2 адамның бірі, 35 жастағы азамат шіркеудегілерді құтқарамын деп кеудесін оққа тосқан.

35 жастағы азамат 4 адамды құтқарамын деп кеудесін оққа тосты

Бұл жайында ИТАР-ТАСС Оңтүстік Сахалин және Курил епархиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Таратылған ақпаратқа қарағанда, оққа ұшқан адамның бірі облыс орталығының тұрғыны 1979 жылы дүниеге келген Владимир Запорожец екендігі анықталды.

«Атысты естіген Владимир шіркеуге жүгіріп кірген. Бейнебақылау камерасындағы түсірілімге қарағанда, ол атқан адамды тоқтату үшін барын салған. Аяғына оқ тигеніне қарамастан ол алға жылжып, атысты тоқтатуға әрекеттенген. Өкінішке орай мылтық дауысы қайта естіліп, оқ Владимирдің кеудесі мен басына тиген. Алған жарақатынан ол оқиға орнында қаза тапты», - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, кеше жергілікті уақытпен шамамен сағат 14:00-де күзет агенттінің қызметкері 25 жастағы жергілікті тұрғын шіркеуге баса-көктей кіріп, бірнеше рет оқ жаудырған. Храм қызметкері, монах әйел жантәсілім етті, шіркеуге келген 6 адам жараланған. Оқ атқан адам оқиға болған жерде қолға түсті, оның кім екендігі айтылмауда. Қандықолдың мұндай әрекетке не себепті барғандығы әзірге белгісіз.

Шіркеудегі атыс салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына 2 млн., ал зардап шеккендерге 1 млн. рубль көлемінде көмек көрсетіледі.